
Жуырда «АMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалы жанындағы «Қызылжар» бастауыш партия ұйымында «Әйелдер қанаты» партиялық жобасының төрайымы Айлин Мұхтарқызының басшылығында жас кәсіпкер әйелдің жаңа жұмыс көзі таныстырылды.
Жас кәсіпкер Алмагүл Сырымбатырқызы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ Шардара аудандық «Мансап орталығы» арқылы мемлекеттен бөлінетін «Қайтарымсыз грант» иегері атанған. Алмагүл мемлекеттен 1 585 000 теңге грант ұтып алып, өз кәсібін ашып, бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып, тапсырыстар қабылдап, жұмысын табысты бастап отыр.
Шардара қаласының орталығында жаңа жұмыс орнын ашқан жас кәсіпкердің мейрамханалардың, тұрғындардың арнайы берген тапсырыстарына сәйкес, дайындайтын дастарқан мәзірінің көрсету салтанатында «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет пен «Әйелдер қанатының» төрайымы Айлин Мұхтарқызы құттықтау сөз сөйлеп, Алмагүл Сырымбатырқызына алдағы еңбегіне толағай табыс тілеп, оны арнайы Алғыс хатпен марапаттады.
Сонымен қатар, шараға қатысқан «Атамекен» ҰКП Шардара аудандық филиалының басшысы Исламбек Юнусов кәсіпкердің қоғамдағы белсенділігі мен туған жерінің дамуына қосқан үлесін атап өтіп, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры А.Ибадулаевтың Алғыс хатын салтанатты түрде табыстады.
Шара барысында А.Сырымбатырқызы қатысушыларға өзінің жұмыс процесін таныстырып, тағам дайындау технологиясы бойынша тәжірибе алмасу ұйымдастырды. Белсенді кәсіпкер әйелдер жаңа нысанның жұмысымен жақын танысып, пайдалы ақпараттар алды. Іс-шара соңында қатысушылар жаңадан кәсіп бастаған Алмагүл Сырымбатырқызына бизнес әлемінде зор табыс, өрлеу мен тұрақты өсім тіледі.
Өз тілшімізден.




