2025 жылдың алғашқы жұмыс күндерінде ҚР Парламенті Сенатының депутаттары – Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек, Алишер Сатвалдиевтер Шардара ауданына іс-сапармен келіп, ауданның тыныс-тіршілігімен етене танысты.

Сенаторлар әуелі индустриалды аймақта орналасқан «Казкрахмал» жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылыс жұмыстарымен танысты. Зауыттың қуаты 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеуге қауқарлы. Жүгеріні терең өңдеу нәтижесінде түрлендірілген крахмалдың 20-дан астам түрін, мальтоза және глюкоза балшырындарын, глютен, жүгері майын, ұрық, кебек, түйірленген құрама жем шығарады деп күтілуде. Бұдан бөлек, крахмал-глюкозалық қант пен тағамдық глюкозаны шығаратын болады.

Жобаның жалпы құны 35 млрд. теңгені құрайды. Жобаны іске қосу 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде дәнді дақылдарды сақтау және кептіру кешенінің құрылысы аяқталған. Екінші кезең бойынша крахмал-сірне жабдықтарын орнату жұмыстары 2024 жылы басталған, биыл жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, өндіріс орнын іске қосу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 40 пайызға жуығы аяқталған. Зауыт іске қосылса 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік болады.

«Міне, Президентіміз айтқандай терең өңдеу технологиясын дамыту осындай кәсіпорындарды құруға жағдай жасап, көптеп салумен жүзеге асады. Өңірдің әл-ауқатын көтеруге маңызы зор зауыт салынуда. Бұл ең алдымен импорттық тәуелділіктен арылтады. Себебі, еліміз шамамен жылына 530 мың тоннаға жуық қантты сырттан алады. Бұл кәсіпорын іске қосылған соң импортталатын қанттың мөлшері азайып, шамамен 230 мың тоннадай сырттан келетін қанттың орнын крахмалды шырындарымен алмастыруға мүмкіндік аламыз. Сондықтан ең бірінші ішкі нарықты қамтамасыз етуді ойлап, мұндай кәсіпорындарды іске қосу арқылы елдің экономикасын әртараптандыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға оң ықпалын тигізеді дер едім.

Тағы бір айтатын мәселе, Түркістан облысы бойынша мақта өсіруші шаруашылықтардың шикізат өніміне сұраныстың аздығы және баға төмендігі айтылып жүр. Ал, мұндай мәселелерді түбегейлі шешу үшін өңірде мақта кластерінің дамуы үлкен маңызға ие. Мақтаны да терең өңдеп, тоқыма және тігін өнеркәсібін құруға бетбұрыс жасауымыз қажет» – дейді Әли Бектаев.

Сенаторлар мұнан кейін, Шардара қаласындағы күріш зауытының жұмысымен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен оқу орындарының тапшылығын шешуге, апатты мектептерді және үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының Шардара ауданында іске асырылу барысымен танысты. Сенаторлар Шардара қаласындағы заманауи пәндік кабинеттермен, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған робототехника кабинеттерімен жабдықталған "Жайлы мектепті" аралап шығып, мектеп ұстаздарымен сұхбаттасты. Сенат депутаттары оқушылардың сапалы білім алуларына толық жағдай жасалғанын, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік беретін жайлы мектептің 29-ы Түркістан облысына, ал оның 2-еуі Шардара ауданында бой көтергенін атап өтті.

Жұмыс сапарын қорытындылаған сенаторлар өңірде қолға алынған жобаларды сәтті іске асыруға және атқарылуы тиіс жұмыстарды елордаға барған соң, тиісті мемлекеттік құзырлы мекемелермен сараптай отырып, шешілу жолдарын талқылайтынын жеткізді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.