Апта басында «Таза Қазақ-стан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың бастамасымен Шардара қаласында кең көлемді көгалдандыру шарасы өтті.

Акция барысында қала аумағындағы негізгі саябақтар мен жол бойларына барлығы 5500 түп ағаш көшеті отырғызылды.

Іс-шара барысында саябақтарда, сондай-ақ, Шардара қаласынан шығатын «Шардара-Жетісай, «Шардара-Келес» және «Шардара-Арыс» бағыттарындағы жол жиегіндегі қоршалған арнайы аумақтарда көшет отырғызу жұмыстары ұйымдастырылды.

Акцияға Шардара ауданы әкімдігіне қарасты барлық дербес бөлімдердің қызметкерлері, қала әкімдігінің мамандары, ерікті жастар, қоғамдық ұйым өкілдері, «Шардара шаруашылық қызметі» КММ қызметкерлері және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары белсенді қатысты.

Шараның басты мақсаты – Шардара қаласының экологиялық ахуалын жақсарту, жасыл желек көлемін ұлғайту және тұрғындар арасында табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру болып табылады.

Іс-шара барысында әрбір қатысушы өз қолымен көшет отырғызып, қаланы көгалдандыру ісіне өз үлесін қосты. Мұндай экологиялық акциялар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, ауданның барлық ауылдық округтері мен елді мекендерін қамтитын болады.

Шардара ауданының әкімі аталған бастамаға атсалысқан барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, табиғатты қорғау мен абаттандыру ісінде жұртшылықтың белсенділігі маңызды екенін атап өтті.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі