«AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында Шардара қаласындағы аудандық мәдениет сарайында және Жаушықұм ауылындағы мәдениет үйінде көшпелі қоғамдық қабылдаулар өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, туындаған даулы мәселелерді заң аясында шешуге жәрдемдесу және тұрғындармен тікелей кері байланыс орнату.

Қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Полат Тұрсынбаев, облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Серманизов, аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, аудан прокуроры Алмас Әлі, «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет, аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүталиев, облыстық басқарма басшылары мен дербес бөлімдер, мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, адвокаттар мен сот орындаушылар қатысты.

Қоғамдық қабылдау барысында көше жарығы мен жол белгілерін орнату, қоғамдық көлік бағыттарын ұлғайту жөнінде де ұсыныстар айтылды. Барлық өтініштер хаттамаға енгізіліп, сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді.

Іс-шара қорытындысында аталған мәселелердің барлығы партия бақылауында болатыны, ал тұрғындармен кездесулер алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды.

«Өскен өңір» – ақпарат.