Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығын жүзеге асыру аясында апта барысында аудан әкімі Арман Қарсыбаев 2025 жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар туралы халыққа есеп беру кездесулерін өткізді.

Аудан басшысының жұмыс сапары Достық ауылдық округінен басталып, одан әрі Ақшеңгелді, Сүткент, Қызылқұм, Алатау батыр, Ұзын ата, Көксу, Қоссейіт, Қ.Тұрысбеков және Жаушықұм ауылдық округтерінде жалғасты. Кездесулер барысында ауыл әкімдері де тоғыз айдағы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, әр округте тұрғындармен жеке қабылдаулар ұйымдастырылды.

«Кездесудің басты мақсаты – тұрғындармен ашық пікір алмасып, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдау. Себебі, ауыл мәселелерін жергілікті тұрғындар жақсы біледі.

Біздің аудан тұрғындарының негізгі кәсібі – диқаншылық. Сондықтан жер жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс атқарамыз. Алдағы уақытта ауылдарды абаттандыру, жарықтандыру, жол салу және жаңа инфрақұрылым тарту жұмыстары жалғасатын болады. Біз үшін әр тұрғынның мәселесі маңызды», – деді аудан әкімі Арман Қарсыбаев.

Есепті жиындар барысында аудан әкімі аталған мерзімде атқарылған жұмыстарға шолу жасап өтті.

Бюджеттің орындалуы бойынша: 2025 жылдың 9 айының қорытындысымен жергілікті бюджетке 4,3 млрд теңге түсіп, жоспар 107,7% орындалды. Шығыстар бойынша жоспар 11,7 млрд теңгеге, 98,4%-ға игерілді.

Өнеркәсіп саласы: 2025 жылдың 9 айында 15,7 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді.

Инвестиция тарту: 2025 жылдың 9 айының қорытындысымен негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 32,6 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі – 117 % орындалды.

Ауыл шаруашылығы саласы: 2025 жылдың есепті мерзімінде 49,8 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Нақты көлем индексі 102,5% құрады.

Су үнемдеу технологиясын ендіру: Биыл 8000 гектар су үнемдеу технологиясын ендіру жоспары беріліп, тапсырма 6070,1 гектарға орындалды. Оның ішінде: 5990,1 гектар жерге тамшылатып суғару, 80 гектар жерге жаңбырлатып суғару жобасы іске асырылды.

Құрылыс саласы: 2025 жылғы 9 айдың қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі 17,9 млрд теңгені құрады.

Тұрғын үйлер бойынша: Биылғы 9 айда 33 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 132,7% құраған. 2025 жылы аудандық бюджет есебінен ауданға қажетті медицина және басқа да мамандарға 2 пәтерлі 3 үй және халықтың осал тобына жататын азаматтарға арналған 2 пәтерлі 3 үй салынып, пайдалануға берілді және қосымша жыл соңына дейін 60 пәтер берілетін болады.

Ауызсумен қамту: Ауыз сумен қамтамасыз ету саласында жалпы құны 23,3 миллиард теңгені құрайтын 6 жобаның құрылысына 2025 жылға 8,8 млрд теңге қаралған. Олар: Тама жерасты су жүйесі (20,9 миллиард теңге) және Қоссейіт, Ұзын ата, Сүткент, Достық ауылдарының су жүйелерін қайта құрылымдауға 2,4 млрд теңге қаржы қаралған.

Табиғи газбен қамту: Шардара ауданы бойынша 22 елді мекеннің 15 елді мекенінде 82,6 мың адам немесе аудан тұрғындарының 97,5% табиғи газбен қамтылған.

Жол-көлік инфрақұрылымы: 2025 жылы аудандық бюджеттен 497,3 миллион теңгеге 13 көше және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 528,2 миллион теңгеге 15 көшені асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көшелердің үлесі 91,6% құрайтын болады.

Әлеуметтік сала: 2025 жылдың 9 айында аз қамтылған 277 отбасыға немесе 1 799 адамға 115,6 миллион теңге атаулы әлеуметтік көмек (АСП) және кепілдендірілген әлеуметтік пакет төленді.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2445 адамнан 646 адамға немесе 26,4% төмендеді.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында есепті кезеңде 4054 азамат жұмыспен қамтылды.

Мәдениет саласы: Шардара ауданына қарасты 11 мәдениет мекемелері және 1 тілдерді оқыту және дамыту орталығы халыққа қызмет көрсетеді. 2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылқұм ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Жарғабақ: «Еңбекшілер саябағы»: Шардара қаласы, Мелде би шағын ауданынан бұрын полигон болған жалпы аумағы 2,7 гектарды құрайтын жерді демеушілер есебінен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Өзге де салалар бойынша:

1.Шардара су қоймасының демалыс аймағына инфрақұрылым жүргізу жұмыстары басталды.

  1. Ауданда тазалық пен абаттандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Шардара ауданының шаруашылық қызметі» КММ бұрынғы құрылыс материалдар комбинаты (КСМ) аймағынан техникаларға арналған тұрақ және кеңселік ғимарат жаңадан салынды. 2025 жылы мекеменің материалдық техникалық базасын нығайту мақсатында облыстық бюджет есебінен 11 трактор, 11 прицеп, 3 погрузчик және 11 трицикл (мурайвей) техникалары сатып алынды.
  2. Жалпы ауданы 1 га жерге жаңадан шағын өндірістік аймағы (6 ғимарат, әр қайсысы 200 ш/м құрайды) салынуда. Жоба құны 410 млн теңге.
  3. Биылғы жылдың соңына дейін «КазКрахмал» ЖШС жүгері өңдеу зауыты іске қосылады. 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жоба құны 35 млрд теңге.
  4. Ең негізгі жұмыс 2026 жылдың соңына дейін Тама-Тастанбек жобасы іске қосылып, қала тұрғындары таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Жоба құны 16,9 млрд теңге.

Аудан әкімінің хабарламасынан соң әрбір ауыл әкімі өздері басқарып отырған аймақта 9 айда атқарылған жұмыстардың барысын баяндап шықты.

Кездесулер кезінде ауылдық округтердің өзекті мәселелері көтерілді.

Атап айтқанда:

-Достық ауылдық округіндегі ағын су келетін каналды реттеу, ауылішілік трансформаторды жөндеу, балалар ойын алаңшасына жарық шамдар орнату;

- Ақшеңгелді ауылдық округіндегі Егізқұм ауылына спорт алаңшасын салу және электр энергиясын реттеу;

- Сүткент ауылының жастарын мемлекеттік қолдау шаралары арқылы кәсіп ашуларына жәрдем беру;

- Алатау батыр ауылдық округінде егістік алқаптардағы каналдар мен қашыртқыларды тазалау, бұрынғы бөлімшелерге баратын жолды реттеу, ауыл ішінің тазалығын сақтауды реттеу;

- Қоссейіт ауылдық округінде жаңадан берілген жер телімдеріне жол салып беру және басқа да әлеуметтік мәселелер айтылды.

Аудан ауыл тұрғындары көтерген мәселені сол жерде талқылап, нақты жауап берді, ол бойынша тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Жиындардың соңында аудан басшысы ауылдық округтердің дамуына үлес қосқан бірқатар еңбек сіңірген азаматтарға «Шардара ауданына 60 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Сондай-ақ, әр елді мекендегі проблемалық жағдайлардан хабардар екенін айтып, көтерілген мәселелерді жіті назарда ұстайтынын және олардың шешу жолдары мен орындалу мерзімдері туралы түсіндіріп өтті.

Өз тілшімізден.