Сәрсенбі күні №3 жалпы білім беретін мектеп кітапханасында көпшілікті рухани бірлікке шақырған «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясының ашылу салтанаты өтті.

Бұл игі бастама оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, адамгершілік пен рухани құндылықтарды дәріптеуге, сондай-ақ, мектеп кітапханасының қорын жаңа, сапалы әдебиеттермен толықтыруға бағытталған.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков қатысып, көпшілікті құттықтап, кітаптың ұрпақ тәрбиесіндегі орнына тоқталды:

«Кітап – ұрпақ санасын тәрбиелейтін рухани шамшырақ. Осындай бастамалар арқылы болашаққа салмақты қадам жасаймыз. Барша шардаралықтарды акцияға белсенді қатысуға шақырамын», – деген аудан әкімінің орынбасары аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың атынан мектеп кітапханасына құнды әдебиеттер табыстады.

Шараға арнайы шақырылған аудандық «Өскен өңір» газетінің директор-бас редакторы, ақын, «Қ.Иса атындағы қоғамдық бірлестіктің» төрағасы Сәбит Лаханов та жүрекжарды лебізін білдіріп: «Кітап – адамның рухани өсуіне жол ашатын мәңгілік дос. Әрбір сыйланған кітап – бір жүрекке берілген жарық сәуле», – деп, мектепке өзінің авторлық кітабын және шардаралық ақындардың өлеңдер жинағын, бірнеше әдеби кітаптарды сыйға тартты.

Сонымен қатар, №3 ЖББМ қызметкерлері Акимбаев Қадырхан мен Бақтыгүл Тәжі де акцияға өз үлестерін қосып, мектеп кітапханасына кітап сыйлады. Бұл ұжымдық қолдау шараның маңызын арттыра түсті.

Мектеп директорының міндетін атқарушы Бибігүл Дарменова шараға қолдау көрсеткен барлық жандарға алғыс айтып, кітаптың өшпес мұра, ұрпаққа қалған аманат екенін ерекше атап өтті.

Акция барысында оқушылар кітаптың қадірі мен құндылығын жырлаған өлеңдерді мәнерлеп оқып, қонақтарға рухани әсер сыйлады.

Іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған мектеп кітапханашысы Тәжі Аяжан Сәрсенбайқызы балалардың рухани тәрбиесіне қосқан еңбегі үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

 «Кітапханаға кітап сыйла!» қайырымдылық акциясы 25 желтоқсанға дейін жалғасады.

Игі іске атсалысып, жас оқырмандарға рухани қолдау көрсетемін десеңіздер, мархабат. 

Өз тілшімізден.