Қазақ әдебиетінде, оның ішінде поэзияда өзіндік орындары бар жерлестеріміз жетерлік. Шардара ауданынан шыққан ақын, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, өзге саланың маманы болғанымен өлең-сөзде өзіндік орны бар екендігін танытып қойған Бауыржан Қарабеков, бүгінде арамыздан озған белгілі түркітанушы, сыншы-ғалым, ақын Әмірхан Балқыбек, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әлібек Шегебайлар бүгінде шардаралықтардың ғана емес, күллі қазақтың мақтанышына айналып отыр.

Осындай таланттарды дүниеге әкелген Шардара шаһарының киелі топырағында дарынды жандар жеткілікті. Солардың бірі – ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» төрағасы, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Сәбит Лаханов десек артық айтқандық болмас. Жуырда ақынның «Арман жолында» атты жыр кітабы жарық көріп, шығармашылық жыр кеші өтті.

Кешке ақынның әдебиеттегі ұстаздары, қаламдас-замандас серіктері, ауылдас ағайын-жұрты, оқырмандары және өнерпаздар мен БАҚ өкілдері қатысты. Кеш тізгінін аудандық мәдениет сарайының қызметкері, жыршы-термеші Сәкен Бегманов ұстап, алқалы жиынның шымылдығын мерейтой иесі Сәбит Лаханов жыр жолдарымен ашты.

Шара барысында ақынның өмір жолынан сыр шертетін бейнесюжет көрсетіліп, көпшілікке ақынның өмір жолы таныстырылды.

Шығармашылық кеште алғашқы құттықтау сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Шомпиев Бауыржан Қуанышбайұлы ақынды мерейтойымен құттықтап, аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың «Құттықтау хаты» мен сый-сияпаттарын табыстады.

Ақын, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, бірнеше мемлекеттік наградалардың иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Сергей Есенин атындағы Алтын медальдің Қазақстандағы тұңғыш иегері, жерлесіміз Қазыбек Иса артынан ерген ақын інісіне жүрекжарды тілегін арнады.

– Осыдан біраз жыл бұрын, 2013 жылы болу керек, әр облыстың ақындарын «Дала дарындары» деген атаумен 18 облыстан 18 кітап шығардық. Жобаның басты демеушісі – руханият жанашыры, меценат, мемлекеттің ақшасын үнемдеймін деп істі болған Ислам Әбішев болды. Оңтүстік өңірінен шыққан жас ақындардың өлеңдері «Оңтүстік орамдары» атты кітапқа енген. Оның ішінде Сәбиттің де өлеңдері енді. 18 кітаптың тұсаукесері Алматы қаласында өтіп, сонда дүйім жұрттың алдында Сәбит өлең оқыды. Сәбиттің поэзия әлеміне жасаған алғашқы қадамы осы кезде басталса керек.

Сәбитте

«Ауылда ақын атандым, 

Шықпаған жұқа кітабы» деп келетін өлең жолдары бар. Бүгін жарыққа шыққан кітабың құтты болсын!

«Мүмкіндік болса жазбауға,

Әсілі дұрыс жазбаған» деп келетін өлең жолдарынан түсінетініміз, Сәбитте жазбауға мүмкіндік болмаған, сондықтан жазған өлеңді. Мүмкіндік болмай жазылған, жазбауға қоймай жазылған өлеңдер шынайы болады. Сәбиттің өлеңдерінің ерекшелігі де шынайылығында болса керек,- деп баға берген Қазыбек Жарылқасынұлы жерлесімізді «Ақ жол» қоғамдық демократиялық партиясының атынан Қазақ хандығына 550 жылдығына арналған  «Қазақ хандығына 550 жыл» күміс медалімен марапаттады.

Сонымен қатар, Кеңестік кезеңде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Декларациясының қабылдануына қол қойған қоғам қайраткері, осы өңірдегі шаруашылықтарды басқарған, бірнеше ауданда аудан әкімі қызметін атқарған, жерлесіміз Зәуірбек Салықбай, 2011-2019 жылдары «Өскен өңір» газетін басқарған Шардара ауданының Құрметті азаматы Есенбай Бисенбиев, «Amanat» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы, Шардара ауданының Құрметті азаматы Ережеп Бекет, ақын «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» тұңғыш төрағасы Нұрғали Ыбырайым, Шардара ауданының Құрметті азаматы, Ауған соғысы ардагерлер қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалы төрағасының кеңесшісі Қылыш Сәтпаев, «Мақтаарал» аудандық газетінің жауапты хатшысы Ұлжанат Смайылова, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шардара аудандық бөлімінің қызметкері Нұрлыбек Дүйсенбекұлы, Еңбек ардагері, қарт құрылысшы, Әбдібай Төреұлы, Шекара қызметі Арнасай бөлімінің бастығы Қартқожақов Нұрлан Қайратұлы, "Қоссейіт" орта мектебінің директоры Айнаш Сүлеевалар құттықтау сөз сөйледі.

Сәбит ағамызбен ұзақ жылдар «Өскен өңірде» иықтаса қызмет еткен Е.Бейсенбиев төмендегіше естелік айтты:

«2012 жылы Шардарада жерлесіміз, ақын, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның 50 жылдық мерейтойы өтті. Шығармашылық кешке қазақтың айтулы ақындары – Мұхтар Шаханов, Темірхан Медетбек, белгілі сатирик Көпен Әмірбек, сазгер Қалдыбек Құрманәлілер қатысты. Кеш барысында Қазыбек Исаның 50 жылдығына арналған жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды. Сол мүшәйрада Сәбиттің жыры өзгелерден оқ бойы озық шығып, бас жүлдені иемденді.

Сонда Сәбиттің сахнада оқыған жыры:

«Бұралаңы көп өмірдің өзі жорық-сын,

Оты бар жігіт ол жолдан неге қорықсын?

Тағдыр-жібіңді Алатауыңа байларда,

Деді ме екен:

–       Кіл қырандарға жолықсын.

 

Жыр еді-ау сонда елге тастаған жоралғың,

Арман арқалап Алматы жаққа жол алдың.

Қызылқұмыңнан қасқалдақ болып ұштың да,

Алатау барып мұзбалақ болып оралдың», деп басталып келді де:

 

«Ақыры айттым, жасырам аға, сыр несін,

Адал болсам дейм адам боп өмір сүргесін.

Жаныңа жақын тіксем бе деймін өзімше,

Жатаған ғана қараша үйдің іргесін!» деп түйінделді.

Сонда азуы алты қарыс Темірхан Медетбек Сәбит ініміз жайлы өте жақсы пікір айтқан болатын. Бұл туралы Сәбиттің кітабының алғысөзінде атап өттім».

Осыдан кейін ел ағалары ақынның «Арман жолында» атты жыр кітабының тұсауын кесіп, естелікке жыр кітаптарын алып жатты.

Сонымен бірге ақынның туыстары, сыныптас достары сөз кезегін алып, сый-сияпаттар табыстады. Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық Университетінде бірге оқыған достары да сөз алып, ізгі тілектерін білдірді, Университет басшылығы тарапынан «Құттықтау хат» табыстап, ұстаздарының озат шәкірттерімен мақтанып жатқандарын жеткізді.

Сәбит Лаханов елге танымал бірнеше сазгердің әндеріне әдемі сөз жазған. Әсіресе, әуесқой сазгер, жерлесіміз Ахмет Молдағұловпен тығыз шығармашық байланыста болып, тамаша әндерді дүниеге әкелді. Ол әндердің бірқатарын еліміздің эстрада жұлдыздары орындап жүр.

Осындай танымал әндердің бірі – бүгінде шардаралықтардың әнұранына айналған «Кел, досым, Шардараға» әнін Ахмет Молдағұлов пен әнші, бірнеше байқаулардың жеңімпазы Бақберген Омаров нақышына келтіре орындады. Әнін әуесқой сазгер, аудандық Мәдениет сарайының директоры Ағабек Дөңбай, сөзін Сәбит Лаханов жазған, Бәйдібек ауданының 60 жылдық мерейтойында Бас жүлдені еншілеген «Гүлденген Бәйдібегім»  әнін аудандық саз мектебінің мұғалімі, әнші Ұлдар Қанжігітова орындаса, әнін Асқар Жайлаубаев, сөзін Сәбит Лаханов жазған «Шардара кештерінде» әнін Айдар Әлмұрат, әнін Ахмет Молдағұлов, сөзін Сәбит Лаханов жазған «Сен білемісің?» әнін Бақдәулет Бәкіров пен Маржан Келдібай керемет орындап, көпшіліктің қошеметіне ие болды.

 

Кеште ауданымыздағы белді білім ордасы болып саналатын «Сырдария» және «Қоссейіт» жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары, 4 жасар өлеңқұмар Қарақат Қайрат, №12 жалпы білім беретін мектептің оқушысы, ақынның қызы Қасиет ақын өлеңдерін жатқа оқып, өлеңқұмар жастардың өсіп келе жатқанын дәлелдеді. 

Ақын – сөз маржанын кестелеп, өлеңмен өреді. Ақындық – кез келген жанға беріле бермейтін Алланың сыйы. Ақынның болмысы бөлектеу, жаратылысы ерекше, жарқын келеді. Осындай мөлдір, таза ойдан шыққан өлең моншақтары өзіне еліктірмей қоймасы анық. Сәбит Қоспанұлының өлеңдері де өзінше жүрек түкпірінен үн қатады. «Ауылда ақын атандым» атты шығармашылық кештің қорытындысы ақынның өз өлең шумақтарын оқуымен аяқталды.

Шығармашылық кештен рухани азық жинаған көрермен кеш иесіне зор алғыс білдіріп, естелікке суретке түсіп, құтты болсын айтысып жатты. 

Аяжан Тәжі.