Кешегі аптада ауданымызда 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қатысып, тұрғындар мен қонақтарды Республика күні мерекесімен құттықтады.

– Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!  

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бұл біздің мемлекетіміздің қайта жаңғыру күні. «Егемендіксіз ел жоқ» деп айтылатыны бекер емес. 34 жыл бұрын мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданған сәтте тарихи әділеттік орнады. Бұл маңызды құжат Қазақстанның Тәуелсіздік жолын ашты. Республика күні – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек» - деп атап көрсеткен болатын.

Әлемдік тарих толқынында өзін Тәуелсіз Ел ретінде орнықтырғаннан бергі уақытта татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың бағындырған белестері, әлемнің озық елдерінің қатарына ұмтылған мемлекетіміздің жеткен жетістіктері мол.

Қоғамдық келісім мен бірлік еліміздің қарқынды дамуына, сол арқылы халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Біз жыл сайын Республика күнін тарихи жеңістеріміз бен құндылықтарымызды еске ала отырып атап өтеміз. Шардара ауданында да атқарылған ауқымды істер мен жүзеге асырылған жобалар баршылық. Оларда әрбір шардаралық азаматтың еселі еңбегі, лайықты үлесі бар.

Бүгінгі әрбір қазақстандықтың өміріндегі ерекше күні баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз баянды, еліміз еңселі болсын!» - деді аудан басшысы.

Құттықтау сөзден соң  аудан әкімі және аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға салтанатты түрде «Шардара ауданының Құрметті азаматы» атағын тапсырды.

Шара барысында республикаға танымал Мөлдір Бақытжанқызы, Асқар Жайлаубаев, Сырым Бибосынов сынды өнер жұлдыздары мен облыс және ауданға белгілі топтар мен әншілер әннен шашу шашып, мерекелік жиынның көркін қыздырды. 

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.