Биыл Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде жергілікті депутаттар өзекті мәселелерді шешуге бағытталған көптеген бастама көтеріп, оның орындалуына ықпал етті.
Ел егемендігін алған алғашқы жылдары тарихи қайта дамудың жаңа дәуірі басталды. Тәуелсіздік мемлекетіміздің барлық саласында түбегейлі өзгерістерді талап етті.
1994 жылы бұрынғы атқарушы билік – халық депутаттарының атқару комитеттері орнына әкімдіктер құрылып, жергілікті кеңестер қызметін бұрынғысынша жалғастыра берді. Осы кезеңде кеңестер орнына жаңа өкілетті органдар – мәслихаттар құру туралы бастама көтерілді.
ҚР-ның Жоғарғы Кеңесі 1993 жылғы 10 желтоқсанда «Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар туралы» Заң қабылдап, қоғамды демократияландыру жолындағы алғашқы қадамдар жасады. Осы заңға сәйкес, мәслихаттарға жергілікті тұрғындардың құқығын көздейтін және олардың еркін білдіретін мемлекеттік органның қызметі мен өкілеттігін беріп, 1994 жылдың наурыз айында елімізде алғашқы рет жергілікті өкілетті билік органдары – мәслихат жиналысына депутаттар сайлауы өткізілді. Әрбір шақырылымдағы мәслихат депутаттары қоғамдағы күнделікті экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуде маңызды рөлге ие болып қала берді.
1994-1999 жылдары бірінші шақырылымда шақырылған мәслихат депутаттары өкілеттіктері, экономикалық дағдарыстар шарықтау шегіне жетіп, бюджеттің кіріс бөлігі тіптен қысқарып кеткен, істеп тұрған кәсіпорындар бірінен соң бірі жабылып, жұмысын тоқтатып жатқан, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің айлығын уақытылы төлеу мұңға айналған ең қиын өтпелі мерзімде іске асырылды. Елімізді жаңғыртудың экономикалық тиімді жолы – нарықтық қатынасты өндіріске енгізу басымдықтарын іске асыру мақсатында халықты әлеуметтік қорғау, зейнеткерлер, ардагерлер және тұрмыс деңгейі төмен мұқтаж топтағы азаматтарға атаулы көмек көрсету мәселелері тұрды. Бұл жылдары аудан халқын өтпелі кезеңнен, қиыншылықтан, дағдарысты еңсеру бағытында аудандық әкімдік пен аудандық мәслихат ынтымақтаса отырып, бірлесе жұмыс жасай білді.
1999-2002 жылдары екінші шақырылымда шақырылған мәслихат депутаттары сайланған кезде еліміз «Қазақстан - 2030» стратегиялық жоспарын жүзеге асыруға алғашқы қадамдар жасай бастаған еді.
Мәслихат депутаттары еңбекпен қамту, жұмыссыздыққа жол бермеу, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрмысы төмен тұрғындарға қолдау көрсету мақсатында аудан халқының барлық топтарының мүддесінен шыға отырып жұмыс істеді. 2001 жылы 23 қаңтарда «Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқару туралы» жаңа Заң қабылданды. Заңға сәйкес мәслихаттарды құру талаптары мен олардың құзыреті айқындалды.
2002-2007 жылдары үшінші шақырылымда шақырылған мәслихат депутаттары өңірдің экономикалық әлеуетінің, жергілікті бюджет түсімдерінің артуына өз үлестерін қоса білді. 2004 жылы 14 сәуірде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңының негізінде «Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқару туралы» қолданыстағы Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Атқарушы органдардың мәслихаттар алдында жауапкершілігін арттыру мақсатында 2006 жылы 18 қаңтарда «Әкімдердің мәслихаттың алдында есеп беруін өткізу туралы» ҚР Президентінің №19 Жарлығы жарияланды. Бұл Жарлыққа сәйкес, әкімдер жылына бір рет мәслихат депутаттары алдында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы туралы есеп беруі дәстүрге айналды. Ендігі жерде әкімдер тұрғындармен есепті кездесулерде жыл басында кездессе, жарты жылдың қорытындысымен халық қалаулылары алдында есеп беретін болды.
2007-2012 жылдары төртінші шақырылымда шақырылған мәслихат депутаттары өкілді органдардың өкілеттігін кеңейту туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес аймақтың экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, салалық бағдарламалардың қабылдануына, мемлекеттік бағдарламалардың өңірде жүзеге асуына бақылау орнатуға өз үлестерін қоса білді.
2012-2016 жылдары бесінші шақырылымда шақырылған мәслихат депутаттарының сайлауы Қазақстан Республикасындағы Парламент Мәжілісіне депутаттар сайлауымен тұспа-тұс келді. ҚР Парламенті Мәжілісіне партиялық тізім бойынша саяси партия өкілдері сайланды. Әр түрлі саяси партия өкілдері депутат болып сайланып, қоғамымызда демократиялық үрдістердің кеңеюіне мүмкіндіктер ашылды.
2012 жылғы қараша айында Қазақстан Республикасы Президентінің №438 Жарлығымен «Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы» бекітілді. Тұжырымдамада жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізудің мақсат-міндеттері, іске асыру кезеңі және күтілетін нәтижелері нақты айқындалды. Осы тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында жергілікті жерлерге басқару функцияларының бір бөлігі беріле бастады. Осы бағытта аудандық мәслихат депутаттары ауылдық округ әкімдерін сайлады.
Бесінші шақырылым депутаттары кезеңдегі маңызды оқиғалардың бірі - ауыл әкімдерінің сайлауы. Жаңа сайланған әкімдердің сайлауалды бағдарламаларының орындалуы Мәслихаттың тұрақты комиссияларының бақылауында тұрды және қажеттілікке байланысты олардың есебі тыңдалды. Нәтижесінде көптеген қордаланған мәселелер шешімін тапты.
2016-2021 жылдары алтыншы шақырылымға депутаттық тәжірибесі бар азаматтар сайланып, ауданның атқарылған оңды істерінің басында жүрді. Өз сайлаушыларының аманаттарымен қатар сол кезеңде орын алған Арыс қаласындағы техногендік апат пен Мақтарал ауданындаға су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға алғашқылардың бірі болып көмек қолын созды.
2021-2023 жылдары жетінші шақырылымдағы шақырылған аудандық мәслихат депутаттығына тұңғыш рет партиялық тізім бойынша үш түрлі саяси партия өкілдері сайланып, қоғамымызда демократиялық үрдістердің одан әрі кеңеюіне мүмкіндіктер ашылды.
Осы сегізінші шақырылымда шақырылған мәслихат депутаттары кезеңінде Қазақстанда қарқынды саяси өзгерістер болып жатыр. Ол өзгерістердің бірі – елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында үкімет пен қоғам арасындағы ашық әрі айқын байланыс арналарын құруды көздейтін шешімдерді әзірлеу және қабылдау процесінде азаматтардың дауысын еститін және ескеретін мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру.
Бұл ретте, мәслихат депутаты атқарушы билік пен халық арасындағы алтын көпір. Мәслихаттың жұмысы жергілікті мәселелерді шешуге, халықтың мұқтажына құлақ асып, түйіткілді мәселелердің түйінін табуға себепкер болу.
2009 жылы аудандық бюджетте 49 нысанға 1 млрд 208 млн теңге қаржы қаралса, 2024 жылы аудандық бюджетте 19 нысанға 4 млрд 575 млн теңге қаржы қаралды. Айта кетерлігі – бұл қаржылар аудандық мәслихат депутаттарының бағдарламаларында көрсетілген, бірақ та аудан бюджетінің тапшылығынан көп жылдар бойы оң шешімін таппай келе жатқан мәселелердің шешімін тапты. Мысалы, күн тәртібінен түспейтін ауданды газдандыру, таза су мәселесі, жолдарды жөндеу, коммуналдық салалар бойынша көптеген жылдар бойы қордаланған мәселердің түйіндері шешілді.
Осы мерейлі жылы мәслихаттар халық билігінің символы болып бұрынғыдан да тұғырлана түскенін айрықша атаған жөн. Мысалы, жыл басындағы су тасқыны кезінде де, одан бергі нешеме сындарлы шақтарда да депутаттарымыз өздерін көрсете білді.
Аудандық мәслихаттың әрбір шақырылымында осындай маңызды мәселелердің шешімін табуға атсалысып жатты.
1994 жылы құрылған мәслихаттың тарихқа айналған бірінші шақырылым мен сегізінші шақырылымдар аралығында Шардара аудандық мәслихатында депутаттыққа сайланған 80-нен астам азамат өңірдің және еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, халқымыздың әл-ауқатын көтеруге, республикада берік тұрақтылық, татулық пен келісім орнықтырып, халықтар достығы мен бірлігін нығайтуға бар күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін жұмсады.
Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс: үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек» деген қанатты сөзі бар. Бұл ретте жергілікті мәслихаттардың қоғамдағы рөлі жоғары. Сіздер өңірдің дамуына үлес қосып, еңбек етіп келесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдарға елмен, түрлі қоғамдық ұйымдармен диалог орнатып, халықтың мұң-мұқтажын бірлесе шешуді тапсырды. Бұл – сіз бен біздің ортақ міндетіміз. Ауданға инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілуде. Ауданымызда 15 депутат еңбек етуде. Олардың арасында ауыл шаруашылығы, білім және өзге салалардың өкілдері бар, ал басым бөлігін кәсіпкерлер құрайды. Осы ретте, инвестиция тартуға, халықты кәсіпкерлікке баулуға депутаттарымыз да өз үлестерін қосуы керек. Депутатқа білім, мінез, ең бастысы отаншылдық қажет. Бәріміз бірге Шардара ауданының мүддесін қорғап, ауданды дамыту бағытында жұмыс атқаруымыз керек.
Сөзімнің соңында мен депутаттардың қашанда тарихи оқиғалар биігінен көріне алатынына сенемін. Меніңше сіздер жергілікті атқару органдарымен тығыз байланыста, заң актілеріне сәйкес «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруды қамтамасыз етуге қажеттінің бәрін жасай аласыздар. Бір нәрсені ұмытпау керек: бірліксіз молшылық, келісімсіз бақыт болмайды.
Біздің басты байлығымыз – халықтың бірлігін сақтап, жоғарғы мақсаттарға жету үшін халық қалаулысы деген биік те мәртебелі атаққа ие болып Қазақстанды дамыту жолында дұрыс шешімдер қабылдайды деген ізгі ниетімен қорытындылай келе, сіздерді «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл» мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке, ынтымақ тілеймін.
Қазақ елінің тұрақтылығы баянды болып, өркендеп өсе берсін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
Бұлтбай МҮТӘЛИЕВ, Шардара аудандық мәслихатының төрағасы.