Аптаның сәрсенбісінде аудан орталығында мәслихат- тардың 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.

«Абай» мәдениет үйінде өткен іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Каратунов бастаған дербес бөлім басшылары мен қызметкерлер, аудандық мәслихаттың төрағасы Б.Мүтәлиев бастаған аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері мен депутаттар, осы өңірде халық қалаулысы атанған ардагер депутаттар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынға қатысушы қонақтар әуелі ауданымыздың 60 жылдығы мен мәслихаттардың 30 жылдығына арналған көрмені тамашалап, өткенді еске алып, үлкен әсерге бөленгендерін айтып жатты.

Тәуелсіздікпен бірге толысып, билік буынымен берік, ел-жұртпен етене қызмет атқарып келе жатқан аудандық мәслихат мерейтойында алғаш болып аудандық мәслихаттың төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев сөз алып, аудандық мәслихаттың 30 жылда  атқарған жұмыстарымен кеңінен таныстырды.

– Биыл егеменді еліміздің жергілікті өкілді органдары – мәслихаттарға 30 жыл толып отыр. Отыз жыл – тарих үшін қас қағым сәт болғанымен,  мемлекетіміз үшін маңызды кезең болып саналады.

Мәслихат депутаттары өзінің жүріп өткен 30 жылдық тарихында  Тәуелсіз Қазақстанның тұрақты дамуына елеулі үлес қосты деп айтуға толық негіз бар. Осы орайда Шардара аудандық мәслихатының депутаттары да өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, сайлаушылар аманатын жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етіп келе жатқанын атап өткім келеді. 30 жыл ішіндегі бірінші шақырылым мен сегізінші шақырылым аралығында Шардара аудандық мәслихатына 80-нен  астам азамат депутаттыққа сайланып, шағалалы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай отырып, одан әрі нығайтуға өз үлестерін қоса білді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс  сапасын жақсартуға әсер ете алады» – деп атап көрсеткен болатын. Иә, мықты мәслихат – бірінші кезекте елдің мүддесін лайықты қорғап, халыққа тірек болу үшін жұмыс істейді. 

Бұл ретте Шардара аудандық мәслихатының депутаттары өздеріне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында білімі мен іс-тәжірибесін, барлық күш-жігерін сарқа жұмсай беретін болады. 

Халықтың аманатын арқалаған, және оны өз мезгілінде жоғары жауапкершілікпен атқарып келе жатқан барлық әріптес-депутаттарға, аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін, – деді Б.Мүтәлиев.

Мәслихат төрағасы құттықтау сөзінен кейін І-VIII шақырылым арасында аудандық және облыстық мәслихат депутаты болып сайланған барша азаматтар мен қазіргі таңда қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген бір топ азаматтарға «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл» мерекелік медальдарын табыс етті.

Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары Е.Каратунов сөз алып, жиынға қатысушыларды аудан әкімінің атынан құттықтап, билікке халықтың үнін жеткізіп жүрген бір топ мәслихат депутаттарына аудан әкімінің, облыс әкімінің Алғыс хаттары мен «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл» мерекелік медальдарын табыстады. Сонымен қатар бұған дейін аудандық мәслихаттың шешімімен «Шардара ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленген прокуратура саласының ардагері Батыржан Жәнібеков пен «Қазсушар» РМК Шардара өндірістік бөлімшесінің бастығы Абай Мүтәлиевке аталған марапат пен куәліктерді тапсырды.

Мұнан соң облыстық мәслихаттың депутаты, «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Бақытжан Серманизов сөз алып, бір топ азаматтарға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішевтің атынан Құрмет Грамоталарын тапсырды.

Жиын соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. 

Өз тілшімізден.