25 желтоқсан күні Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардараға арнайы іс-сапармен келді.

Шардара ауданындағы «Шардара» индустриалды аймағында жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Шардара ауданына жұмыс сапарымен келген Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды жүгері дақылын терең өңдеу зауытында болды. 35 гектар аумақта орналасқан «Казкрахмал» ЖШС жүгері өңдеу зауыты крахмал мен сірне өндірісіне бағытталған. Инвестиция көлемі – 35 млрд. теңге. Жаңа өндірістің І кезеңінде дәнді кептіру және сақтау кешені іске қосылған. ІІ кезеңнің жоспарына сәйкес, зауыт ғимаратының құрылысы жүргізілуде. 500-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтитын өндіріс кешені келер жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Облыс әкімі зауыттың іске қосылуы аймақта жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикалық дамуды қамтамасыз ететініне тоқталды.  Жаңа технологиялар мен экологиялық стандарттарға сай өндіріс орны агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің жаңа деңгейіне көтерілуіне ықпал ететінін жеткізді. Сондай-ақ зауыт басшылығына әкімдік тарапынан  қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Түркістан облысы балық өндіруден көш бастап тұр. Соның ішінде Шардара ауданында балық өсіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы бағытта облыс әкімі Дархан Сатыбалды Шардарадағы балық өңдеу зауытын аралап көрді.

Мұнда жылына 1600 тонна дайын балық өнімдері өндіріледі. «Даму аймақ» бағдарламасымен  құрал-жабдық сатып алуға 160 млн. теңге бөлінген. Кәсіпорында балықтың филе және мұздатылған түрлері өндіріліп отыр. Ал өндірілген өнім Германия, Дания, Ресей Федерациясының нарығына жөнелтілуде. Экспортқа шығарылатын өнім көлемі 1 млрд. теңгені құрайды. 50-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.

Облыс әкімі мұнан соң осы аймақта салынып жатқан жайлы мектептің жай-күйімен танысты.

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынған кезекті жайлы мектеп Шардара ауданында пайдалануға беріледі. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды ауданға іссапары аясында білім беру саласының басшылығы мен мектеп ұжымымен кездесіп, жаңа білім ұясына қойылар талап пен тәртіп туралы айтты.

– Президентіміздің тапсырмасымен ауыл мен қалада бірыңғай стандартпен заманауи жайлы мектептер салынып жатыр. Мемлекет тарапынан балаларымыздың сапалы білім алуына жағдай жасала береді. Басты қағида – тәртіп пен талап. Білім деңгейін көтеру, ұстаздардың біліктілігін арттыру. Біздің балаларымыз үшін бұл мектеп білім шыңын бағындырар мекен болсын,– деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысында білім саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл өңірде 50 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында соғылуда. Нәтижесінде, мектептегі орын тапшылығы мен 4 апатты, 3 үш ауысымды мектептер мәселесі шешіледі.

Білім ордасының құрылысын «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен «Integra Construction KZ» ЖШС жүргізді. Шардара қаласындағы 4,2 гектар аумақта орналасқан мектептің құрылысы 2023 жылдың маусым айында басталған. Білім ұясының инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы облыстық бюджет есебінен жүргізілді.

Бұған дейін Түркістан қаласында 2 мың орындық екі жайлы мектеп, Сауран ауданында 600 орындық бір жайлы мектеп, пайдалануға берілген болатын. 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.