Шардара қаласын таза ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынғанын бұған дейін бірнеше рет атап көрсеткен болатынбыз. Аталған мәселенің жүзеге асуына, аудан орталығына таза су келетін күн де алыс емес.
Сейсенбі күні аудан әкімі Арман Қарсыбаев сала мамандары және мердігер мекеме өкілдерімен бірге, аудан орталығынан 39 шақырым қашықтықтағы Шардара-Байырқұм жер асты су кен орны, яғни, Қ.Тұрысбеков ауылдық округі, Тама-Тастанбек учаскелеріне барды. Онда жүргізіліп жатқан құрылыс орнын көріп, мамандармен «Шардара ауданының Шардара топтық су құбырын салу» жобасын талқылады.
Мердігер мекеме «Алтын констракшн» ЖШС-нің өкілдері ақпан айында жұмыс қарқыны күшейетінін жеткізді. Атап айтқанда, топтық су құбырының ұзындығы – 39,28 шақырымды құрап, оның қуаттылығы тәулігіне 12 000 м3 құрайтын болады. Сондай-ақ, жобада І-ІІ көтерілімдегі су сорғы станциясы және 40 км электр желісін жүргізу жоспарланған.
Мұнда 2008-2009 жылдары Шардара-Байырқұм жер асты су кен орнына қайта барлау жұмыстары жүргізіліп, жер асты су қоры бекітілген. Жоба іске асқанда, Шардара қаласы мен оған іргелес жатқан 22 елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.