Көктемнің алғашқы күні қаладағы Төменгі тоғай мөлтекауданының тұрғындары айрықша қуанышқа кенелді. Көптен күткен армандары жүзеге асып, ауылға көгілдір отын келді. Тұрғындардың қуанышына ортақтасқан аудан әкімі Арман Қарсыбаев газ беру салтанатында құттықтау сөз сөйледі.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде көптеген игі істер жүзеге асып келеді. Біздің ауданда былтыр екі мөлтекауданға газ берілді. Бүгін міне, Алғыс айту күнінде сіздерге де көгілдір отын беріліп жатыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын, – деді Арман Романұлы.

Ауыл биі Шахаба Керімбеков тұрғындардың тілегін ескеріп, уәделі мерзімде газ қосып берген аудан әкіміне  және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының ұжымына алғыс сезімін жеткізді.

Төменгі тоғай ауылында ғұмыр кешетін Жабаевтар отбасында 6 бала өсіп келеді. Осы шаңырақтың отанасы Жақсыгүл Мұсаева көмір тасып, күл шығарған машақаттан құтылғанына қуанып, осындай игілікті іс жасап отырған аудан басшысына рахметін жаудырды.

Төменгі тоғай мөлтекауданындағы 3285 тұрғын ендігі уақытта көгілдір отынның игілігін көреді. Жалпы табиғи газбен қамтылған аудан тұрғындарының үлесі 94% пайызды құрайды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.