Ана – барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тіршіліктің қайнар бұлағы. Қазақ әйелінің дастарқаны қашанда  мол, қонағы ырза, дүниесі түгел болған. Олар үшін бірінші орында отбасы бақыты, отбасы амандығы, отбасының берекесі тұрады. Бақытты ана бейнесі – бөбегін бесікке бөлеп, әлдилеп аялаған сәттерде емес пе?!

Сол әлемді әлдилеген аналардың құрметіне, гүлдей құлпырған арулардың құрметіне 8 – наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Көксу ауылы мәдениет үйінде тағы бір дүбірлі мереке атап өтілді.

Аналарға арналған айтулы мерекенің ашылу салтанатында ауыл әкімі Исатай Әділхан сөз алып, ақ жаулықты аналарға ақ тілегін айтып, аруларды құттықтады. Мәдениет үйінің меңгерушісі Ерғазы Бегімжанов, Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясының директоры Мырзабек Қаныбеков, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілда Әбдіқадыр және ардагер ұстаз Роза Шығанақовалар да ортада сөз сөйлеп, барша аруларды мерекемен құттықтады.

  Біз ғана емес, қадір тұтқан бабалар,

  Аналардан туған небір даналар.

  Ана деген тіршіліктір тірегі,

 Армысыздар, қасиетті аналар! – деген ауыл өнерпаздары нәзік жандылардың құметіне әуелетіп ән салып, мың бұралып би билеп тамаша өнер көрсетті. Мерекелік іс-шараның соңында ауыл әкімі атынан ауылдың ардақты аналарына арнайы Алғыс хат, барша аруларға гүл шоқтары табысталды. Осылайша іс-шара қонақтарының көңілдеріне көктем ұялатты.

 Мадина ЕРАЛЫ.