Құрметті жерлестер!

Баршаңызды жыл басы – әз Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Халқымыз осынау мерекеде «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деген ақжарма тілегін ақтарып, күн мен түн теңелетін мезгілге ерекше мән берген. Тіршілік атаулыға жан бітіріп, жер әлемді жасартатын наурыз айы барша жаңалықтың бастамасы саналады.

Биылғы наурыз мерекесі барлығымызды сағындырып жеткен ұлы мереке деп айтсақ жарасады. Кешегі амал күнінен бастау алған наурыз мерекесінде адамдар төс түйістіре құшақтасып, бір-біріне ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Бұл күні араздасып жүрген ағайындар болса  бір-бріне деген өкпе-наласын ұмытып, қайта татуласады. Наурыз мейрамы жыл басы ғана емес, осылайша татулық пен достықтың, береке мен бірліктің бастауы болғандығымен де қымбат. Сонымен қатар амал көрісу шарасымен басталған наурыз мерекесі он күн қатарынан тойланады. Бұл арқылы жалпы наурыз мейрамының мәртебесі мен маңызы биіктей түсері анық. Атап айтқанда: көрісу күні амал мерекесі, мәдениет және салт-дәстүр, шаңырақ, ұлттық киім, жаңару және ұлттық спорт күндері 21 наурызға дейін созылады. Мұнан ары ынтымақ, жыл басы және тазару күндерімен айтулы мереке  қорытындыланады.

Биылғы наурызды атап өту бағытындағы ерекше форматты ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың өзі айқындап, белгілеп берді.

Бірлік болмаған жерден береке кететінін естен шығармағанымыз жөн. Қабырғамызды қайыстырып өткен қаңтар оқиғасының дүрбелеңі ұмытыла қойған жоқ. Одан қала берсе көрші мемлекеттердегі орын алып жатқан қақтығыстар адамзат баласын бей-жай қалдырмайтыны анық. Күллі жаһан жұртшылығы осынау тұрақсыздықтардың тоқтап, бейбіт өмір ары қарай жалғаса берсе деп тілейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халықпен бірлесе отырып «Жаңа Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда қыруар жұмыстар атқарып үлгерді. Кешегі Атырау қаласында өткен Құрылтай аясында да мемлекетіміздің саяси-экономикалық, мәдени-рухани дамуы және өркендеуі турасында көптеген жаңалықтар айтқан Президент Қазақстан халқына мүлдем жаңа серпіліс әкелгендей болды.

Халқымызда «Бірлігі жарасқан ел озады» деген аталы сөз бар. Ауызбірлік пен ынтымақтың арқасында алынбайтын асу болмайды. Біздің ардагерлер қауымы Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларын қолдай отырып, елдің берекесі мен бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек ете беретін болады.

Ардақты ағайын!

Сіздерді аудандағы барлық ардагерлердің атынан айтулы мерекемен құттықтай отырып, шаңырақтарыңызға шаттық, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!

Ізгі ниетпен, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Тоқсанбай БЕРДІБЕКОВ.