Еліміздің бірнеше өңіріндегі су тасқынына байланысты Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында 27 наурыздан бастап гуманитарлық көмек қабылдайтын штаб жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында штабтар ашылып, тұрғындардың көмектерін қабылдауда.

Қарғын су апаты аймағындағы зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созамын деген волонтерлар мен облыс тұрғындары игі іске өз үлестерін қосты. Алғашқы күннің өзінде тұрғындар, мәслихат депутаттары, жергілікті жомарт азаматтар ең қажетті және жолға жарамды заттармен қамтып үлгерді. Бірінші жүк көлігі Ақтөбеге жеткізіліп, облыс жастары оны үлестірді.

Жуырда Түркістан облысынан гуманитарлық көмек тиелген екінші керуен жолға шықты. Қазіргі таңда түркістандықтар 30 тоннаға жуық азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек, тұрмысқа қажетті заттар жинады. Сол жүкті жеткізу үшін аудандық және қалалық жастар орталығынан құрылған штаб мүшелері облыс орталығына келіп, бірлесе жұмыс атқарды. Қажетті заттар жүк көліктеріне тиелді. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев игі іске үлас қосқан Түркістан өңірінің жұртшылығына, жастарына, кәсіпкерлеріне ризашылығын білдіріп, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қолдау көрсету жұмыстары жалғасатынын жеткізді. 

                                            ***

Шардара аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастырумен табиғи апатқа ұшырағандарға көмек беру мақсатында «Күшіміз бірлікте» атты акциясы жалғасуда. Осы орайда аудан тұрғындары мен волонтерларды жақсылық жасауға шақырамыз.

ҚАЖЕТТІ ЗАТТАР:

-Киім-кешек, балаларға арналған жөргектер, жеке гигиена құралдары (гигиеналық төсемдер), гигиеналық заттар, азық-түлік, тұрмыстық заттар.

Гуманитарлық көмек жинау орны: Шардара қаласы, Төле би көшесі, №103 ғимарат. Немесе Орталық мешітке арнайы «Газель» автокөлігі қойылған, сонда апаруға да болады.

Қабылдау уақыты: 09:00-19:00-ге дейін

Маңызды: әрбір зат сұрыпталып, арнайы жәшікке салынуы тиіс. Қолданылған, ескі заттарды беруге тыйым салынады.

«Өскен өңір» – ақпарат.