Аптаның алғашқы күнінде облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы бастаған жұмысшы топ өкілдері Шардара ауданына келіп, шаруалармен кездесу өткізді. Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен жиынды аудан әкімі Арман Қарсыбаев жүргізіп отырды. Жиынға ауыл шаруашылығын саласын субсидиялау, несиелендіру  және басқа да қолдау бойынша сала мамандары, мекеме басшылары мен аудан шаруалары қатысты.

Е.Кенжеханұлы  шаруаларға мемлекеттен ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін қолдаулар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, өзекті мәселелерді талқылауға келгендігін жеткізді. Сондай-ақ, қолдауларды бүкіл елді мекендегі шаруаларға түсіндіруді тапсырды.

Жиын барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Пілалов мемлекет тарапынан ауыл  шаруашылығын  субсидиялау бағыттарын баяндап, оны қалай, кімдер алатындығын және қандай жағдайларда берілетіндігіне кеңінен тоқталды.

Тұрғындар тарапынан арзандатылған несие беру, ПУИД-2 бағдарламасы мәселесі, субсидиялардың қолжетімділігі, үлкен қашыртқыларды жөндеу, “Ырыс” микроқаржы ұйымының мәселесі, коммуналдық меншіктегі каналдарды “Қазсушар” мекемесінің теңгеріміне өткізу, ағын су тарифы, минералды тыңайтқыштар мен ағын су субсидиясы, мал шомылдыру бассейндерін реттеу және басқа да мәселелер қозғалды.

Кездесу барысында «Ырыс» ЖШС микроқаржы ұйымының басшысы Мұхит Мыңбаев баяндама жасап, несиелендіру бойынша шаруалардың сұрақтарына жауап берді.

Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары шаруалар көтерілген әр мәселе бойынша жұмыс істелетіндігін жеткізіп, жауапты тараптарға әр істі оңтайлы шешуді тапсырды.

Сонымен қатар, бірқатар шаруаларды жеке қабылдап, жауапты тараптармен мәселелерін талқылады.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.