Мәуліт – арабтың маулид сөзінен шыққан, мағынасы дүниеге келу, дүние есігін ашу, туған күн дегенді білдіреді. Әдетте бұл сөз мұсылмандардың арасында Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күнін білдіреді. 

Мұхаммед пайғамбар дүние есігін ашқан уақытта әлемде ғажап оқиғалардың болғаны ислам тарихында айтылады.  Сол себепті де мәулітті атап өту пайғамбарға деген құрмет пен сүйіспеншіліктің белгісі һәм көрінісі.

Бұл мереке пайғамбарымыз Мұхаммедтің туған күніне орай мерекеленеді. Дегенмен мұның да өзіндік сипаты, яғни мерекелеу ерекшелігі бар. Пайғамбарымыздың туған күні нақты анықталмағандықтан бүгінде оны тойлау бір айдың аралығында өткізіледі.

Өткен аптаның жексенбісінде ауданымыздың Құрметті азаматы, еңбек ардагері, батагөй қария Сламбек қажы Мергенбаев өз шаңырағында мәуліт мерекесін өткізді.

«Мәуліт мерекесін міндетті түрде мешітте өткеру шарт емес. Оны кез келген мұсылман Алланың разылығы үшін, пайғамбарымыздың шапағаты үшін отбасыларында атап өтуге болады» – дейді аталған іс-шараны жүргізуші аудандық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Асылхан Данияров.

Жиынға Жетісай ауданының тұрғыны, кезінде Елбасымызға бата берген батагөй қария, Жетісай ауданының Құрметті азаматы Ораз қожа Бекахметов, Жетісай аудандық орталық мешітінің қызметкері Тухтаев Үмітжан қари, аудандық орталық мешіттің бас имамы Марат Асанов бастаған барша ауыл имамдары, аталы сөздері ауыздарынан түспеген елдің ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Әрбіріміз өзіміздің ата-анамыздың, балаларымыздың, туыс-жақындарымыздың, құрбы-құрдастарымыздың және басқа да қаншама адамдардың туған күндерін қуанышпен атап өтеміз. Ал қиямет күнгі шапағатшымыз, ұлы ұстазымыз, жолбасшымыз Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған күнін атап өту бәрінен гөрі лайықтырақ емес пе?! Қазіргі біздің жағдайымызда мәулітті атап өту тіпті міндетті десек те болады. Себебі, діни ұстанымдарын дұрыс түсінбейтін жандар бүгінде жетерлік. Сондықтан мәуліт мейрамының аясында біз Пайғамбар туралы, оның алдындағы міндеттеріміз, сүннетін сақтау жайында жалпы халыққа молырақ мағлұмат беріп, дініміздің тағылымдары жайлы  үгіт-насихат жүргізіп отырғанымыз жөн. Осындай зор мүмкіндікті бос жібермей, орнымен пайдалануға тырысайық. Расында, бұл дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы бір сәті» деп ой бөліседі мәуліт мерекесін ұйымдастырушы С.Мергенбаев.

Айтса айтқандай, Ораз қожаның бата беруімен басталған жиында Пайғамбарымыздың құрметіне, дүниеден өткен жандардың рухтарына құран дұға бағышталып, дін төңірегінде насихаттар айтылды. Мәуліт оқылып (Пайғамбардың өмірін жыр етіп оқу), дұға етілді.

Осынау айтулы мейрамның аясында сөз алған ақсақалдар мен имамдар: «Алла елшісін жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді  нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне сеп болғай. Пайғамбардың әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай. Адамзаттың асыл тәжі, тектілердің төресі, асылдардың асылы, ізгілердің ізгісі, дегдарлардың дүрі, Пайғамбарлардың имамы, екі дүниенің бекзаты  Мұхаммедке Жаратқан Иеміздің өзі разы болғандай сансыз салауаты мен сәлемі болсын!» деп тілек тілеп, дұға етті.

Мәуліт мерекесі құтты болсын!

"Өскен өңір" - ақпарат.