Шардара аудандық ардагерлер үйіне жиналған еңбек ардагерлері Наурыз мерекесінің алғашқы күні – Көрісу күнін атап өтті.

Жиналған көпшілікті мерекемен құттықтаған ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібековтен соң ардагерлерді аудандық мәдениет сарайының директоры Ағабек Дөңбай бастаған өнер майталмандары құттықтады. Мұнан соң Сәкен Бегманов, Нұржан Жығалиев, Қанат Дауылбаев сынды шардаралық танымал әншілер әсем әндерін тарту етті. Өз кезегінде "Ақ әжелер" ансамблінің жетекшісі Жарылқасын Ізбайқызы мен Жаңылай Айдарова және Гүлзакира Исаевалар да Амал мерекесіне арнап көпшілікке әннен шашу шашты. Іс-шара барысында Тәңірберді Ағманұлы, Төлбасы Бектасов, Дәулет Өзденбаев және Ислам Омаров сынды аға буын өкілдері құттықтаулар жолдаса, ардагер ұстаз Нұрғали Ыбырайым жыр жолдарын көпшілік қауымға арнады. Мереке күні ардагерлерді арнайы құттықтап келген аудандық ішкі саясат бөлімі маманы Ізтілеу Алтынбек пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков жиналғандарға қорытынды сөздерін арнап, күн сайынғы көтеріңкі көңіл күй тіледі. Іс-шараның соңын ала еңбек ардагері Тәңірберді Ағманұлы жиналғандарға бата берді.

Өз тілшімізден.