Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жас жеткіншек бойына дарытып, оның жан жүйесін оятуда, өнерге деген ынтасын арттырудың маңызы зор. Ұлттық өнеріміздің ішінде айтыс өнерінің орны ерекше.
Жуырда аудандық балалар саз мектебінің ұстаздары Манат Кәрібаева, Тамара Раушанова және Айдарбек Шырынбековтердің ұйымдастыруымен «Қазіргі айтыс пен бұрынғы айтыстың ұқсастығы мен ерекшеліктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға ақын, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Сәбит Лаханов, белгілі жыршы-термешілер – Сәкен Бегманов пен Қанат Дауылбаевтар қонақ болып қатысты. Кездесуді осы мектептің терме-ән сыныбының мұғалімі А.Шырынбеков жүргізіп отырды.
«Айтыс – халық ауыз әдебиетінің ерекше бір түрі. Кейбір зерттеушілер айтыстың алғашқы шығу тегі өте ерте заманнан келе жатқанын айтады.
Айтыстың ескі түрі деп есептелетін бәдік айтысының негізінде адам баласының табиғатқа әсер ету мақсаты жатса, басқа айтыстардың ішінде қайсысы ерте, қайсысы кеш туды, оны айту қиын. Дегенмен, кейбір айтыстардың мазмұнына, лексикасына, сөйлем құрылыстарына қарап, қай заманда пайда болғанын топшылауға болады. Мысалы, жануарлар айтысына, өлі мен тірінің айтысына қарағаңда, жұмбақ айтысының анағұрлым кеш туғандығы анық» – деп пікір білдірген қонақтар айтыс өнері туралы әсерлі, мазмұнды әңгімелер шертті. Жиын барысында домбыра сыныбына қатысушы өнерлі өрендер өздерін толғандырып жүрген сауалдарына жауап алып, қонақтарға ризашылық білдірді.
Мадина ЕРАЛЫ.