Мұсылман қауымы үшін қасиетті деп саналатын жұма күні, нақты айтқанда 1 қараша күні Шардараның төрінде, талай тектілер шыққан атыраптың көгінде Алланың жердегі үйі саналатын зәулім мешіт ашылып, халық игілігі үшін пайдалануға берілді.  

Қаланың №14 бекет елді мекенінде, Шардара-Арыс тасжолы бойынан бой көтеріп жатқан мешітті осы жолдан ары-бері жолаушылап өтіп жүрген байқаған болар, сол мешіт кешегі жұмада халыққа есігін айқара ашты. Аталған мешіт осы атырапта абыройы асқан Тәліп Жамбаев ақсақалдың құрметіне ашылды. Бұл істі ақсақалдың немересі Жанболат Жамбаев жүзеге асырды. 

Есімі елге белгілі батагөй қария, кезінде Президентімізге бата берген ақсақал Ораз қожа Бекахметовтің бәтуалы батасымен басталған мешіттің ашылу салтанатында облыс орталығынан келген Жүніс қари өмірден өткен аруақтарға арнап, бүгінгі ұрпақтарының саулығы үшін құран-дұға оқыды.

Алқалы жиынның ашылу салтанатында алғаш болып кезінде бірнеше ауданда әкімдік қызмет атқарған Кенжехан Төлебаев сөз алды. К.Төлебаев өз сөзінде осындай игілікті істер ел дамуына, келешек ұрпақтың иманды, тәрбиелі болып өсуіне септігін тигізетіндігін атап өтіп, мешіт салып отырған Жамбаевтар әулетіне зор алғыс білдірді. Мұнан соң облыс имамы Ержан қажы Сматұлы сөз алып, ізгілікті іске ниеттестігін білдірді.

Сонымен қатар Ж.Жамбаевқа Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлының Алғыс хатын, арнайы сыйлығын табыс етті.

Сонымен қатар алқалы жиынға арнайы қатысып отырған ел ағалары – Бахараддин Әблазимов, Нұрсерік Құдіреев, Дәуренбек Сандыбаевтар сөз алып, мешіттер ашу – еліміздегі діни тұрақтылыққа, діни сенімнің берік болуына ықпал ететіндігін жеткізді.

Аудан ақсақалдары атынан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Түркістан облысының Құрметті азаматы Тоқсанбай Бердібеков, аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиевтер сөз алып, ізгі тілектерін арнады.

Кезінде Шардара ауданында басшылық қызметтер атқарған, бірнеше рет аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланған, ауданымыздың Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Зәкірхан Талбидин ауданымыздағы ынтымақ-бірлік туралы, Жамбаевтар әулеті жайлы жылы лебіз білдірді.

Құттықтау сөздерден соң игілікті істің ашылуына келген қонақтар белгілі айтыс ақыны, «Алтын домбыраның» екі дүркін жеңімпазы Жандарбек Бұлғақов пен айтыстың ақтаңкері атанған Сырым Әуесханның айтысын тамашалап, айыздары қанды.

Мұнан соң мешіттің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, жиналған жамағат осында жұма намазын оқыды. 

Өз тілшімізден.