Қараша айының алғашқы онкүндігінде Ташкент қаласында таэквондо ITF спортынан Әлем кубогы өтті. Аталған жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты спортшылар қатысып, кіл мықтының ішінде кім мықтыны анықтады. Аталған дүбірлі додада Шардарадан шыққан 4 оғлан еліміздің намысын қорғады.
Бұған дейін де түрлі додаларда топ жарған жерлестеріміз осы жолы 4 алтын, 2 күміс жеңіп алды. Атап айтар болсақ, 14-15 жас аралығында Әбдіқадыр Абдулла, 12-13 жас аралығында Жалғасбай Әлібек, 14-15 жас аралығында команда түрінен Әбдіқадыр Абдулла, 12-13 жас аралығында спарринг түрінен 40 кг салмақта Жалғасбай Әлібек алтыннан алқа тағынды. 14-15 жас аралығында спарринг түрінен 40 кг салмақта Абдіқадыр Абдулла мен 8-9 жас аралығында Бақтілеу Әлім күміс жүлде иеленіп, Әлем кубогының иегері атанды.
Жерлестеріміздің жеңістері құтты болсын дей отырып, алдағы уақытта өтетін жарыстарда жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілектеспіз.
«Өскен өңір» – ақпарат.