Апта барысында аудандық оқушылар үйінде жергілікті ақын, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» төрағасы Лаханов Сәбит Қоспанұлымен кездесу кеші өтті. Кештің мақсаты – өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлердің өрнегі мол жырларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын арттыру, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру.
Жиынның ашылу салтанатында аудандық оқушылар үйінің директоры Жиенбаева Сапаркүл Забиқызы сөз алды.
«Шығыстың ұлы шайыры: «Ақындары әкімдерін іздесе, ондай елдің маңдай соры бес елі, әкімдері ақындарын іздесе, бақыт нұрын кешеді» деген екен. Атақты Наполеон Бонапарт: «Феодализмді құртқан зеңбірек, адамзат пен қоғамның ендігі тағдыры қаламға байланысты. Қаламнан қуатты қару жоқ. Әлемді билейтін – сөз, сөзді билейтін – ақын» деген екен. Қазақ халқы да ақындарын, жазушыларын, өнер адамдарын құрмет тұтқан. Біздің мақсатымыз – оқушыларды әдебиетті сүюге баулу. М.Әуезов «Әдебиетті сүйген бала мәдениетті бала» деген ғой. Шәкірттерге жергілікті ақындарымызды таныстыра отырып, олардың таным-білім көкжиегін кеңейтсек, біздің мақсатымыздың орындалғаны» дейді С.Жиенбаева.
Кездесу барысында ақынның өміржолы таныстырылды. Мұнан соң ақынның өзі сөз алып, шығармашылық жолына келуі туралы, өлең мен өмір жайлы әңгімелер шертті. Жастарға арнап жалынды жырларын оқып, тыңдармандарының ыстық ықыласына бөленді.
Келесі бөлімде оқырмандар тарапынан сауалдар қойылып, жыр кеші сыр-сұхбатқа ұласты. «Адам баласының өміріндегі ең тәтті кезеңі – балалық шағы ғой. Балалық дәуреніңіз қалай өтті?», «Сіздің қалам ұстап, өлең жазуыңызға не түрткі болды?», «Бала кезіңізде кітапқұмар болдыңыз ба?», «Ең алғашқы жазған өлеңіңіз қандай?», «Өлеңді неше жастан бастап жаздыңыз?», «Оқушы болғанда қандай болдыңыз?», «Шығармашыл адамның көбі көңіл-күйдің адамы дейді. Сіз қандай адамсыз?», «Қазақтың ұлы жазушыларынан, ақындарынан кімді үлгі тұтасыз?», «Адам баласының мықты боп қалыптасуына үш нәрсе байланысты дейді. Олар: ата-ана, ұстаз және кітап. Әдебиет әлеміне қадам басуыңызға осы үшеуінің қайсысы әсер етті деп ойлайсыз?» деген сауалдарға ақын ықыластана жауап қайырды.
Келесі кезекте аталған білім ұйымының мұғалімдері Рыскүл Балтабаева, Әселхан Базарбаева, Мөлдір Жайықбаева, Әсет Біләловтер мен үйірмеге қатысушы Аяулым, Мерей, Назипа, Іңкәр есімді оқушылар С.Лахановтың өлеңдерін жатқа оқып, мәнерлеп айтып шықты.
Сонымен бірге осынау кешке арнайы қонақ болып қатысқан жыршы-термеші, аудандық мәдениет үйінің әдіскері, ақынның құрдасы Сәкен Бегманов сөз алып, ақынды құттықтай келе тағылымы мол термелер орындап берді.
Кеш соңында мекеме басшысы С.Жиенбаева ақынға құрмет көрсетіп, иығына оқалы шапан жапса, ақын да өз кезегінде аталған білім ұясына жыр кітаптарын сыйға тартты.
Айгүл Орынбаева,
аудандық оқушылар үйінің ұйымдастырушы педагогы.