“Қазақ аналары - Дәстүрге жол” республикалық қоғамдық бірлестігі Шардара аудандық филиалының ашылуы өтті.

Аптаның сәрсенбісінде аудандық мәдениет үйінде «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шардара аудандық филиалының ашылуы іс-шарасы өтті. Аталмыш қоғамдық бірлестік өз жұмысын бастағалы оның филиалдары еліміздің қалаларында ашылып келеді.

Қоғамдық бірлестіктің мақсаты – қазақ ұлтының салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, мәдениетімен, ана тілі, басқа да ұлттық құндылықтармен әйел-аналарымызды тәрбиелеп, оларға ұлттық киім, ақ кимешек пен ақ жаулықты насихаттап, шаңырақтағы береке-бірлікті ынтымақтандырып, ер-азаматтарды сыйлап, яғни отбасындағы отағасының қадірлі орнын айқындап, ұл-қыз тәрбиесін дұрыс жолға қойып, болашақ ұрпақты білімді, ибалы, инабатты етіп тәрбиелеу, ұлттық асыл мұраны жандандырып, ұрпаққа аманаттау болып табылады.

Жиында алғашқы болып сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестіктің Шардара аудандық филиалының төрайымы болып сайланған Көшекеева Бибігүл Тасқұлқызын құттықтап, осы жаңа ұйымның қоғамға пайдасы мол болатынын атап өтті, сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесімен  бірлесіп жұмыс істейтіндігін айтты.

Бұдан соң қоғамдық бірлестіктің Бас кеңесшісі Зәмзагүл Мұханова сөз алып, жиында Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы бірлестіктің мақсатын кеңінен түсіндіріп өтті. Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, аталмыш ұйымның Түркістан облысы филиалының Бас төрайымы Ботакөз Мошқалова, алтын алқа иегері, Шардара ауданының Құрметті азаматы, «Ақ әжелер» халық ансамбілінің жетекшісі Жарылқасын Мүталиева, аудандык ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Асылхан Данияровтар сөз алып, ұрпақ тәрбиесі, отбасы жарасымдығы, ұлттық құндылықтар жайлы әсерлі әңгімелер шертті. «Қазақ аналары - Дәстүрге жол” республикалық қоғамдық бірлестігі Шардара аудандық филиалының төрайымы болып сайланған Бибігүл Көшекеева алдағы уақыттары ұрпақ тәрбиесі мәселесінде барша үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс жасайтындықтарын жеткізді.

Ауданымызда осы бірлестіктің жергілікті филиалының ашылуына орай мәдениет үйінде қолөнер шеберлері құрастырған ұлттық киім, ою-өрнек заттарының көрмесі ұйымдастрылды.

Көрмеде ә дегеннен жалт-жұлт етіп ұлттық үлгіде тігілген тақия, үкіленген бөрік бас киімдері, бесік (құда) табаққа арналған ыдыстары көзге түсті. Бұлар Меруерт Қожамқұлованың қолынан шыққан құндылықтар екен. «Моншақталған тақияны жасауға шамамен бір ай уақыт кетеді» дейді М.Қожамқұлова.

Мемлекеттен кәсіп ашуға грант алған Гүлшат Қамысбаева «Сол жағалау» ауылынан цех әрі «Гүлшат» дүкенін ашып, бұл күндері түрлі үлгідегі ою-өрнектелген ұлттық заттарды халыққа сатып, кәсібін дөңгелетуде. Көрмеде оның оюланған құрақ-көрпе төсек, балдырғандар киімдері ерекше көзге түсті.

Қол өнер маманы Наргиза Сайдакбарова және кітапханашы Гульмира Хамзина «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қолөнерші азаматтарға арналған кабинетте зейнеткерліктегі апалардың туындыларын да көрмеге алып шықты. Олардың қатарында өрнектелген түскиіз, көрпе-жастықтан бастап ұлттық киімдерге дейін бар.

Бұдан соң келген қонақтар аудандық музейге жол алды. Мұнда аудандық музей директоры Нұрлан Смайлов қонақтарды аудан тарихымен таныстырды.

Мадина ЕРАЛЫ.