Кешегі аптада аудан әкімдігінде облыс прокурорының орынбасары Келдібеков Саян Шаймұратұлының қатысуымен өткен жиында осы сұрақ төңірегінде әңгіме өрбіді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев бастаған аудан әкімдігіне бағынышты мекеме басшылары, аудан прокуроры А.Әлі, облыстық мәслихат депутаты Б.Серманизов, жеке кәсіпкерлер қатысты.
– Бүгінгі бас қосуымыздың мақсаты – аудан көлеміндегі кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін анықтап, оларды шешу жолдарын қарастыру. Егер сондай мәселелерге тап болып жатсаңыздар, айта отырыңыздар, мәселелерді шешу жағын қарастырамыз, – деді Саян Шаймұратұлы.
Аудан аумағында жүгері зауытының құрылысы жүріп жатқанынан оқырмандарымыз хабардар. Жиында зауыт басшысы Руслан Қияшпаев сөз алып, зауытқа электр желілерін тарту, кәріз жүйесін жүргізу жұмыстарында біршама мәселелер туындап отырғанын жеткізді. Әсіресе кәріз жүйесін жүргізудегі қиындықтарды таяу арада еңсермесе зауыттың іске қосылу мерзімі шегерілетінін айтып өтті. Бұл жердегі мәселе туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары М.Шомпиев: «Бұл мәселе бойынша шайынды су тұндыру алаңы үшін ауданның арнайы жер қорынан 30 га, кәріз құбыры желілері үшін 0,7 га жер телімі рәсімделуде. Кешегі күнге дейін жерді белгілеу мәселесі біршама уақыт алды. Қазір нақты жер белгіленді. Инвестор тарапынан ЖСҚ әзірленуде» деді.
Мұнан соң «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Б.Серманизов балық шаруашылығын дамытудағы біршама мәселелерді атап өтті.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев: «Аймақтағы кәсіпкерлермен ынтымақтаса жұмыс жасап жатырмыз. Өйткені ауданға инвестиция тартуымыз керек. Олардың құқын қорғауды Президентіміздің өзі алдыңғы орынға шығарып отыр. Экономиканы ілгерілету үшін біз кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас орнатқанбыз. Алдағы уақыттары бұл жұмыстарды одан әрі жандандырамыз» деді.
Өз тілшімізден.