Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың тапсырмасына сәйкес, Шардара ауданында орын алған ретсіз қоқыстарды жою барысында 26.11.2024 жылы сағат 20:00 шамасында жүргізуші К есімді азамат өзінің басқаруындағы «КамАЗ-5320» маркалы ауыр жүк көлік құралына Шардара қаласы,
F.Мұратбаев көшесі, №35 тұрғын үйден шыққан тұрмыстық қалдықтарды артып алып, оны Шардара қаласы, А.Молдағұлова көшесі бойында орналасқан «Мүлкіл ата» әулиесінің төменгі жағына, яғни, белгіленбеген орынға төгіп, қаланың абаттандыру кағидасын бұзғаны анықталды.
Аталған әкімшілік құқықбұзушылық әрекетке байланысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 505 бабы, 1-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін тиісті айыппұл салынды.
Бұл хабарлама күні кеше аудан әкімдігінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланды.
Біздің айтпағымыз – құрметті тұрғындар, өзіміз тұрып жатқан, өзіміз өмір сүріп отырған ортаны (қала, ауыл болсын) сырттан біреу келіп ластамайды, айналаны бүлдіретін – өзіміз.
Жан-жағыңызға қарасаңыз үй иелерінің жекеменшік баспанасының ауласы мен маңайын абаттандыруға құлықсыздығының, ал көпқабатты пәтерлердің жан-жағына қоқыстарын қалай болса солай лақтыра беретіндігінің куәгері боласыз. Тіпті көршілес тұратындар бір-бірімен санаспайды, ұялмай көршісінің тазалаған аумағына қоқыстарын лақтыра салады. Міне, осындай тәртіпсіздікке аудан басшылары қатаң шара қолдана бастапты, өте дұрыс! Ендігі жерде осылай бақылау жүргізуді үзбеу керек.
Туған өлкенің тазалығын қадағалау – әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін естен шығармайық!
«Өскен өңір» – ақпарат.