Өткен аптаның бейсенбісінде Шардара аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы Айкүміс Сәрсенбайқызы аудандық прокуратура, полиция қызметкерлері, пробация қызметі бөлімі, адвокаттар, жеке сот орындаушылар, медиаторлар, аудан әкімінің өкілі және бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен 2024 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылаған жиын өткізді.

Жиын барысында А.Сәрсенбайқызы сот төрелегін жүзеге асыру барысындағы сандық және сапалық көрсеткіштер туралы кеңінен баяндап өтті.

2024 жылы қылмыстық істер бойынша статистикалық мәліметтерге қарағанда, есептік кезеңде аудандық соттың іс жүргізуіне 2023 жылдан 4 қылмыстық іс қалдық болып өткен, есеп кезеңінде 89 адамға қатысты 85 қылмыстық іс түсіп, оның ішінде жалпы 86 адамға қатысты 81 іс қаралған.

Есептік кезеңде қаралған істер бойынша 60 адамға қатысты 53 іс бойынша үкім шығарылған, 21 адамға қатысты 20 іс қаулы шығарумен аяқталған, 1 адамға қатысты ақтау үкім шығарылған, 5 іс бойынша жекеше қаулы шығарылған, 13 адамға қатысты 5 қылмыстық іс келесі есеп кезеңіне қалдық болып өткен.

Есептік кезеңде сотқа түскен қылмыстық істердің саны өткен жылмен салыстырғанда 16 іске ұлғайған, осыған байланысты қаралған істердің де саны 16 іске ұлғайған, үкім шығарылған істер саны 1 іске ұлғайған, ал, тоқтатылған істер саны 10 іске ұлғайған.

Азаматтық істер бойынша 2024 жылдан 985 іс және 17 талап қою осы жылға қалдық болып өткен. Есептік кезеңде 796 талап қою арыз және басқа соттан соттылығы бойынша 18 іс түскен. Осы көрсеткіштерге қарағанда, жалпы түскен талап қоюлар мен істердің саны өткен жылмен салыстырғанда 189 іске артқан.

Есепті кезеңде 89 талап қою қабылдаудан бас тартылған. 14 талап қою кері қайтарылған.

Сонымен қатар жалпы 566 азаматтық іс қаралған болса, оның ішінде 43 іс бойынша сот бұйрығы шығарылған (өткен жылмен салыстырғанда 36 іске кеміген), 519 іс бойынша шешім шығарылған (97-ге артқан), 175 іс тоқтатылған, 89 азаматтық іс қараусыз қалдырылған.

Әкімшілік құқықбұзушылық істер бойынша 2024 жылдан 11 іс қалдық ретінде өткен, жыл бойы 625 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс түскен (өткен жылмен салыстырғанда істің түсуі 29 іске көбейген).

Есепті кезеңде жалпы 625 іс қаралған, оның ішінде 63 іс тоқтатылған, 452 іс бойынша әкімшілік жаза тағайындалған.

Жалпы әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесі қалыптасқан, істерді заң талабына сәйкес қарау, заңды қаулы қабылдауға барлық құқықтық мүмкіншіліктер қарастырылған.

Есеп кезінде А.Сәрсенбайқызы медиация тәртібімен қаралған істер бойынша жан-жақты, толыққанды есеп беріп, алдағы уақытта да тараптарды татуласу рәсімдерін тоқтатпай, кеңінен қолдану керектігін айтып көрсетті.

Сонымен қоса Әкімшілік құқықбұзушылық туралы ҚР кодексіне енігізілген өзгерістер мен толтықтыруларға тоқталып, полиция қызметкерлеріне әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттаманы толтыру кезінде назарға алатын мәселелер жайында түсіндіріп өтті.

Шара соңында төраға міндетін атқарушы А.Сәрсенбайқызы есепке қатысып отырған тұлғалардың қойған сұрақтарына толыққанды жауап берді.

 Өз тілшімізден.