9 ақпан – «Шардара Армспорт» спорт клубының құрылған күні. Аталған спорт клубының даңқы бүгінде алысқа кеткен. Бүгінде осы мекемеде тәлім алған, жаттығып жүрген 100-ден астам спортшы Әлем чемпионы атанып, күллі әлемді аузына қаратты, талайдың таңдайын қақтырды. Шардаралық балуандар әлемнің ең үздік сегіздігіне еніп, жеңімпаз атанды.
Жер жүзінің ең мықты деген білектілері Шардараға келіп, өзара тәжірибе алмасуға құмбыл болды. Қазір елдің аузында «Шардара Армспорт» – чемпиондар даярлайтын мектеп» деген тіркес айтылатын болды. Бұл әрине біз үшін мақтанатындай, мақтайтындай жағдай. Ал оның басы-қасында саңлақ спортшы, қазіргі аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың тұрғандығы анық.
Кешегі аптада осы атышулы мектептің құрылу күніне орай ұйымдастырылған жас жеткіншектер мен жасөспірімдер арасындағы қол күрестен аудандық ашық біріншілік болып өтті. Іс-шараға аудан әкімі Арман Романұлы арнайы қатысып, жас спортшыларға сәттілік тілеп, жарысты ашып берді.
«Өздеріңізге белгілі биылғы жылы «Шардара Армспорт» спорт клубының негізі қаланғанына 28 жыл толып отыр. Ең алғаш Шардара өңіріне қол күрес спортын 1997 жылдары алып келіп, осы спорттың өңірімізде негізін қаладық. Алғаш рет 9 ақпан күні ауданымыздан қол күрестен облыс чемпионатына 12 спортшыдан тұратын құрама жасақтап, апарғанбыз. Міне дәл осы 9 ақпан «Шардара Армспорт» клубының күні болып белгіленді. Осы сәттен бастап, Шардара қол күресі даңғыл жолға қадам басты. Бүгінгі күні қажырлы еңбектің арқасында «Шардара Армспорты» дүниежүзі бойынша ең мықты клубқа айналды. Әрқашан алдыңғы буын ағаларыңның жеңісті де, жемісті жолын жалғап, жүрек пен білектің күшімен еліміздің абыройын асқақтата беріңдер» – деді Арман Қарсыбаев.
Сондай-ақ, спорт клубының дамуына үлес қосқан Ақбаева Жазира, Қалықұлова Меруерт және Құдайбергенова Феруза сынды нәзік жанды азаматшаларға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар тапсырды. Ашылу салтанатынан соң ҚР Әнұраны шырқалып, жарыс басталып кетті.
Айта кетсек, қазіргі таңда «Шардара Армспорт» клубында 500-ден астам спортшы тұрақты түрде жаттығауда.
Айта кетсек, бүгінгі күнге дейін қол күресінен «Шардара Армспорт» клубынан 113 Әлем чемпионы, 115 Әлем чемпионатының жүлдегері, 74 Әлем кубогының иегері, 347 Азия чемпионы, 284 Азия чемпионатының жүлдегері, 75 Азия кубогының иегері, 498 Қазақстан чемпионы, 641 Қазақстан Республикасы чемпионатың жүлдегері, 85 Халықаралық турнирлердің жеңімпазы, 70 Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 130 Қазақстан Республикасының спорт шебері шыққан. Қазіргі таңда клубта бас-аяғы 32 жаттықтырушы жұмыс істейді.
"Өскен өңір" – ақпарат.