Кешегі аптада ұлағатты ұстаз, ақын, білім саласының ардагері Нұрғали Ыбырайым жайлы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен ауқымды іс-шара өтті. Іс-шараның мақсаты – ауданымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосып келе жатқан аудан мақтаныштарына арналып құрылған “Ардақты ардагер” айдары аясында алдыңғы толқын ағалардың ерен еңбектерін паш ету, сол еңбегі ерен азаматтардың қажымас қайратын қаламмен жазып, сөзбен суреттеп болашақ жастарға түсіндіру болатын.
Ыбырайым Нұрғали Сәкүнұлы 1955 жылы 16 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданының Шардара ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті бітіріп, Қарағанды қаласындағы мемлекеттік университетке түсіп, 1977 жылы филолог-оқытушы мамандығын иеленді. Еңбек жолын Жезқазған облысы, Ақадыр ауданы, Абай атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы болып бастады. 1978 жылы туған жеріне келіп, Қызылқұм орта мектебінде өз мамандығы бойынша еңбек жолын жалғастырды. 1982 жылы Шардара аудандық “Өскен өңір” газетіне мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып ауысты. 1986-1999 жылдр аралығында Шардара аудандық білім бөлімінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша әдіскер, әдістемелік кабинет меңгерушісі қызметін атқарды. 1999 жылы Шардара қаласындағы Құрманғазы атындағы орта мектепке директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып бекітілді. 2009 жылы Шардара қаласындағы А.Иманов атындағы орта мектепке басшылыққа орналасып, зейнеткерлікке шыққанша абыройлы қызмет етті.
Нұрғали Ыбырайым еңбек еткен жылдары мінсіз де адал қызметі үшін Шардара аудандық партия комитетінің, Қазақстан Республикасы Комсомол жастар орталық комитетінің, Шымкент облыстық оқу-ағарту басқармасының, Шардара ауданы әкімінің, аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен, Мақтау грамоталарымен марапатталды. 1992 жылы ҚР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, 1995 жылы ҚР “Оқу ісінің үздігі” төсбелгісімен марапатталды.
Белгілі ұстаз қолы қалт еткен шақтарда өлең жазумен айналысты. Ақынның қиыннан қиыстырған, өрнектелген өлеңдері республикалық “Егемен Қазақстан”, облыстық “Оңтүстік Қазақстан”, “Болашақ” газеттерінде, “Жалын”, “Қазақстан мектебі ” журналдарында жарияланып тұрды.
Ақынға арналып ұйымдастырылған шараны аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов жүргізді. “Бұл кісіні білетініміз, еңбек жолын Жезқазған өңірінде бастап, кейіннен туған жерге қызмет еткісі келсе керек, Қызылқұм өңірінде ұстаздығын жалғастырып, небір дарынды шәкірттерді тәрбиеледі. Оған дәлел – дайындаған шәкірттерінің бірі, сол Қызылқұм орта мектебін бітірген, қазіргі қоғам қайраткері, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, белгілі ақын Қазыбек Иса. Соған қарап-ақ Нұрекеңнің білім жолында сарп еткен өмірін, еңбегін түсінуге болады деп ойлаймын” – дейді Қыстау Ілесов.
“Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” – деп бекер айтылмаса керек, Нұрғали ұстаздың қызметте жүргендегі ерен еңбектерінің нәтижесін көптеген шәкірттер көруде. А.Иманов атындағы жалпы орта мектептің басшылығында отырғанда да мектептің білім беру деңгейі өте жоғары болғаны талай баспаларда айтылып келеді.
Іс-шарада ұстаздың жеткен жетістіктерінен арнайы “Ұстаз ұлағаты” атты фотокөрме ұйымдастырылыпты. Ол жерде алған марапаттары мен төсбелгілері және куәліктері, 50-ден аса естелік суреттері, ақынның “Періште пейіл” атты жыр жинағы қойылды.
Өткен шақтарды емірене еске алатын замандастары, әріптестері Жора Аманов, Байдулла Рахматуллаевтар жиын барысында Нұрғали Сәкүнұлының қызметтегі, өмірдегі өзін-өзі ұстауы, ұстамдылығы жайлы, білім жолындағы ізденістері жайлы сыр шертіп, “керек кезінде біздің де атымыздан түрлі өлең жолдарын жазып та беретін” дейді.
Ақынның “Періште пейіл” жыр жинағында, Нұрғали Сәкүнұлына арналған алғы сөздерде “Қазақстан Республикасы оқу-ағарту ісінің үздігі. Қолы қалт еткен шақта өлең жазады. Ж.Жабаевтың 150 жылдық мерейтойында арналған облыстық жазба ақындар мүшәйрасында, облыстық ұстаздар арасындағы “Ұстаз - қаламгер” байқауында 2-орын, Түркістан қаласының 1500 жылдық мерекесіне арналған республикалық “Жас қазақ үні” газетінің, Жетісай қаласында өткен Мақтарал ауданының 80 жылдығына арнап өткізілген республикалық мүшәйраның жеңімпазы атанды. Жазған өлеңдері аудандық, облыстық жыр жинақтарына енген. Ақынның қозғайтын негізгі тақырыбы – туған жер табиғаты. Көңіл күй сезімдерін де көркем кестелейді. Жалпы айтқанда, оқырманға ой салатын, көңіл тербейтін, ұлтқа тән тәлім-тәрбие бере алатын бағалы дүние қолдарыңызға тиді деп ойлаймыз. Лайым, солай болғай! ” – дейді Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Нұрмахан Қары.
Іс-шараның ең бір қызық бөлімі десек болар, ұстаздың қызмет еткен мектеп қабырғасынан бүлдіршіндер келіп, қызығып, көкейлерінде жүрген сан сауалдарын қоюы болатын. Балапандардың «Ақындық жолда ең қызық бастан кешкен оқиғаңызды айта аласыз ба?», «Балалық шағыңыз қандай қызықтармен өтті?», «Шәкірттеріңізбен өткен уақытты сағынасыз ба?» – деген түрлі сұрақтарын қойса, өз кезегінде ақын: “Ақындық жолда Бауыржан Момышұлы атамыз келіп кездесу болғанда арнайы шығарған өлеңімді өзім оқи алмай қысылғаным бар, содан оны сыныптасым Үсен Қамбаровқа оқыттым. Ал балалық шағымда қатарластарыммен егіншілікке жаяу барып, егіннің жұмыстарымен айналысатынымыз, солармен өткен уақыттардың барлығы бір қызық еді. Шәкірттерімді әрине сағынамын, білімге жаны құштар, ізденімпаз, білмегенін “ағай, мынау қалай болады?” деп қызығушылықпен сұрап отыратын” – деп тебірене жауап қатты. Балаларға бар жақсыны айтып, батасын берді ақын.
Жиын соңында ақын келген жолдастарына, әріптестеріне, ұйымдастырған ұжым мүшелеріне арнайы алғысын білдіріп, өзіне арналып жасалған іс-шараға өте қуанышты екенін жеткізді.
Мадина ЕРАЛЫ.