Таяуда Түркістан облысы білім басқармасының ұйытқы болуымен «ҚАЗАҚСТАН БАЛАЛАРЫ ШЕКСІЗ ӘЛЕМДЕ!» атты балалар киносының республикалық фестивалінің облыстық кезеңі ұйымдастырылды. Мақсаты – Қазақстан балаларын шексіз әлемге таныту, патриот оқушылар тәрбиелеу.

Аталған сайысқа Шардара ауданынан «Достық» жалпы білім беретін мектептің ұйымдастырушы педагогы Тұрғанай Сембаеваның жетекшілігімен 6-сынып оқушылары Берден Бақсәт пен Молдабай Нұрмаханбет қатысып, бақ сынады.

Бақсәт пен Нұрмаханбет берілген таңдау тапсырмаларының ішінен «Музыкалық бейнеклип» жанры бойынша сынға түсті. Бейнеклип «Батырлар ұраны» атты патриоттық әнге түсірілді.

Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен талантты оқушылар тамаша жеңіске жетті. Берден Бақсәт пен Молдабай Нұрмаханбеттің қойылымы облыс бойынша үздік деп танылып,  балалар киносы фестивалінің облыстық кезеңінде «Үздік бейнеклип» деп танылды.   Оқушылар мен олардың жетекшісі кино фестивальдің 1-ші дәрежелі дипломымен, ақшалай жүлдемен марапатталды. Сонымен қатар кино фестивальдің республикалық кезеңіне жолдама алды.

Өнерлі өрендерге республикалық кезеңде де сәттілік тілейміз.

Мадина ЕРАЛЫ.