Қазiргi кезде смартфондар өмiрiмiздiң ажырамас бөлiгiне айналды. Көптеген мүмкiндiктер, қолайлы жақтарымен қатар зияны да аз емес. Ең бiрiншi кезекте уақытымыздың көп бөлiгiн алады. Әлеуметтiк желiлер мен қызықты контенттерге тәуелдi болып қалғандаймыз. Әсiресе, денсаулыққа тигiзер залалын бiле отыра оны ескермеймiз. Нелiктен?
2011 жылы Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы ұялы телефонды пайдалану адам денсаулығына зиянсыз деген пәтуа айтқан едi. Қазiр бұл ұйым жоғарыдағы айтқан сөзiнен айнуға мәжбүр болып отыр. Өйткенi, соңғы кезде қоғам өмiрiне дендеп енген «ақылды» телефондардың адам денсаулығына, соның iшiнде балаларға зияны туралы педиатр-дәрiгерлер дабыл қағуда.
Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының дерегiне сүйенсек, жылына 5 миллион бала телефонға телмiрiп, сезiмi семiп, ақылы милығып қалудың салдарынан көз жұмады дейдi. Аталмыш ұйымның дерегi бойынша қазiр үлкендердiң – 23, жеткiншектердiң 80 пайызы өз өмiрiн смартфонсыз елестете алмайды.
Ата-ана баланың тыныштығы үшiн қолына телефон ұстата салады. Телефонға тәуелдiлiк есiрткi сияқты түрлi психотроптық заттарға тәуелдiлiктен де қауiптi дейдi психолог мамандар. Олардың топшылауынша смартфон баланың көз жанарын әлсiретедi, жүрек және мидың қалыпты қызметiн бұзады. Яғни, телефон зарары ересек адамдарға қарағанда балаларға 10 есе қауiптi. Себебi жас организмнiң сыртқы әсерден қорғану қуат-қабаты әлсiз.
Хирург-офтальмолог Снежана Панченко, смартфонды көп пайдаланған жағдайда мидың сыртын қаптап тұрған сүйек қызметi бұзылады десе, аустриялық ғалымдар гаджеттердiң кесiрiнен адамның басына үш сантиметр тағы бiр қосымша сүйек өсiп шығатынын анықтаған.
Оның сыртында, телефон қолдану барысында бөлiнетiн электрлi магниттi сәуле жиiлiгi адамның жүйке жүйесiне салмақ түсiрiп, әсiресе ми қызметiнiң бұзылуына әкеп соқтырады екен. Мұндай процестiң орын алуын шведтiк ғалым Леннарт Харделлдiң (Lennart Hardell) бастамасымен жүргiзiлген зерттеу нәтижесi дәлелдеп отыр.
– Бұл үрдiс балалар үшiн тым қауiптi, – дейдi швед ғалымы: «Өйткенi, өсiп келе жатқан сәби организмiнде зат алмасу процесi үздiксiз жүргiзiлетiндiктен магниттiк сәуленiң кесiрi мидың қызметiн тоқыратып, дене қозғалысының шамадан тыс шектелуiне және көз жанарының әлсiреуiне әкелуi анық» дептi.
Англияның Оксфорд университетiнiң ғалымдары 10 жылдан артық уақыт телефон қолданып жүрген 50 жастағы әйелдер арасында зерттеу жүргiзген екен, телефон қолданбайтын қатарластарына қарағанда бұлардың есту қабiлетi 2,5 есе төмендегенi байқалған. Сонымен қатар магниттiк сәуле аяғы ауыр әйел үшiн аса зиянды екенi айтылуда.
Туындап отырған келесi мәселе смартфонның салдарынан мектеп жасындағы балалар мен студенттердiң оқу үлгерiмi төмендеуде. Осыдан сақтау үшiн Жапонияның Айчи (Aichi) провинциясының орталығы – Кария (Kariya) қаласында кешкi сағат 21:00-ден кейiн оқушыларға смартфон пайдалануға тыйым салынса, АҚШ-тың Нью-Йорк мэрi көпшiлiк қалауымен мектеп ауласында смартфон қолдануға тыйым салу жайлы шешiм қабылдады. Бұл үрдiстi Вирджиния, Мэриленд сияқты елдегi үлкен қалалар да қолдап отыр.
Бiр қызығы, айфонның атасы Стив Джобс өзiнiң отбасы мүшелерiне үй iшiнде смартфон қолдануға тыйым салып, бос уақыттарын кiтап оқуға жұмсайтын қатаң үрдiс қалыптастырса, дүниежүзiлiк технология магнаты Билл Гейтс ағылшынның «THE MIRROR» басылымына берген сұхбатында, балаларына 14 жасқа жеткенге дейiн телефон ұстатпайтынын айтқан. Оның сыртында, телефон пайдалану уақытын шектен асырмауды қатаң қадағалайды екен.
«Флурри» зерттеу орталығы анықтаған мәлiметке сенсек, әрбiр америкалық күнiне 5 сағатын телефон шұқылаумен өткiзедi екен. Бiздiң де бұдан асып кетпесек, қалысатын түрiмiз байқалмайды.
Әйгiлi британдық әлеуметтанушы Энтони Гидденс: «Бiздiң қоғам нашақорлар мен маскүнемдерден қашатын. Оларды ұнатпайтын. Болашақта смартфонның зияны бұл екеуiнен де асып түсерiн адамзат әлi сезiне алған жоқ» дептi. Демек, болашақта адам баласы «Смартфонмен күресте жеңе ме, жеңiле ме?» деген сұрақ тұр.
Б.Нарбай.