Ауданымызда  81 азаматқа «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде қайтарымсыз 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант беру жоспарланып, маусым, тамыз айларында өткізілген комиссия отырысының қорытындысымен осынша азамат оң қорытынды алған болатын.

Соның бірі – шұжық жасаумен айналысатын Назерке Жомартқызы. Ол мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қатысып, бүгінгі таңда ауданды үй шұжығымен қамтамасыз етіп отыр.

«Мен шұжық жасауды осыдан бір жыл алдын оқып, бастадым. Өздеріңізге белгілі, бүгінгі таңда табиғи өнімге сұраныс жоғары. Соны ескеріп, мен шұжықты таза қаракесек еттен жасауды қолға алдым. Бірақ таза еттен жасалған өнімнің бағасы нарықтағы бағадан қымбаттау болғандықтан аз-аздан дүкендерге өткізіп, өзім де онлайн түрде тұтынушыларға жеткізудемін.

Жалпы қандай кәсіптің болсын дамуы үшін заманауи аппараттар қажет. Бұл тұрғыда мен мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға арналған қайтарымсыз грантқа қатысып, бизнес идеямды қорғап шықтым. Міне, қазір өзіме қажетті аппараттарды алып, жұмыс өнімділігін арттырудамын» – дейді кәсіпкер.

Тұжырымдама ұлттық басымдықтар мен мақсаттарды, сондай-ақ еңбек және жұмыспен қамту саласындағы халықаралық міндеттемелер мен стандарттарды ескере отырып әзірленген. Бұл 2030 жылға дейінгі кезеңге еңбек нарығын дамыту жөніндегі негізгі бағыттарды, іс-шараларды, индикаторларды және жауапты орындаушыларды айқындайтын стратегиялық сипаттағы құжат.

Бүгінгі таңда, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие және басқа да қолдаулар жыл сайын артуда. Аталған бағдарлама биылғы жылы да өз жалғасын табады.

 Рүстем ПЕРДЕБЕК.