Аптаның сәрсенбісінде 30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне және 31 тамыз – Германиядағы Кеңес әскерлері тобы (ГКӘТ) шығарылғанына 30 жыл толуына орай Қоссейіт ауылдық округі әкімдігі мен республикалық ГКӘТ, Варшава келісімшарты әскерлер тобы (ВКШӘТ) ардагерлері қоғамдық бірлестігі бірлесе отырып, аталған ауыл округінде алқалы жиын өткерді.

Бүгінгі іс-шараға Республикалық Германиядағы Кеңес әскерлері тобы ардагерлер қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Оралов, Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданымыздың және Түркістан облысының Құрметті азаматы Тоқсанбай Бердібеков бастаған бір топ ардагерлер, Келес және Жетісай аудандарынан арнайы қонақтар, ауыл әкімдігінің қызметкерлері, ауылдық ақсақалдар кеңесінің, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары, республикалық Германиядағы Кеңес әскерлері тобы ардагерлер қоғамдық бірлестігінің Шардара аудандық филиалының директоры Қалнияз Сүйесінов бастаған бір топ ардагерлер қауымы қатысты.

Ауылдық мәдениет үйінде өткен іс-шара Әнұран орындалуымен басталды.

Мерекелік шарада алғаш болып сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков Ата Заңымыздың құндылығына, қадір-қасиетіне тоқтала келе Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерінің, Семей полигонында әскери қызмет атқарған ардагерлердің, ГКӘТ, ВКШӘТ ардагерлерінің бүгінгі қоғамдағы орнына лайықты баға беріп, қатысушыларды мерекемен құттықтады.

Мұнан соң сөз алған ауыл әкімінің міндетін атқарушы Еркінбек Айдынбаев іс-шараның маңызына тоқтала келе бір топ ГКӘТ, ВКШӘТ ардагерлеріне аудан әкімі А.Қарсыбаевтың атынан Алғыс хаттар табыс етті.

Республикалық Германиядағы Кеңес әскерлері тобы ардагерлер қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Оралов өз сөзінде қоғамдық ұйымның құрылу мақсатын, міндетін түсіндіре келе, бүгінгі таңда атқарып отырған жұмыстарына қысқаша шолу жасап өтті. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс сезімін білдіре отырып, аудан әкімдігінің бір топ қызметкерлері мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібековке, бір топ ГКӘТ, ВКШӘТ ардагерлеріне төсбелгілер мен Алғыс хаттар табыстады.

Аталған қоғамдық бірлестіктің Шардара аудандық филиалының директоры Қалнияз Сүйесінов іс-шараны өткізуге атсалысқан азаматтарға алғыс білдіре келе бір топ ардагерлерге филиал атынан Алғыс хаттар, төсбелгілер табыс етті.

Аталған жиынға арнайы келген жоғарыдағы  ұйымның Келес аудандық филиалы атынан Ү.Бөрібаев, Жетісай аудандық филиалы атынан Қ.Райымбековтер сөз алып, шардаралық әріптестерінің ұйымшылдығына разылық білдірді.

Өз тілшімізден.