Қазіргі таңда заман ағымына сәйкес «пәлен жерде дүкен ашылыпты», «түген жерде цех ашылыпты» деген жаңалықтарды көптеп естіп жатамыз. Дұрыс. Заман талабы солай – кәсіп аш, әрекет ет! Ал, енді сананы осылай тұрмыс билеп алған заманда ауылдан кітапхана ашқанды естулеріңіз бар ма?! Руханиятты қолдаушылар кітапхана ашады екен!
Таяуа Т.Тәжібаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде Жұмакүл Өмірзаққызы атындағы кітапхана ашылып, салтанатты жағдайда пайдалануға берілді.
Мектепте жаңа заман талабына сай кітапхананың ашылуына себепкер болғандар – Оспановтар әулеті.
Салтанатты жиында алғашқы боп сөз алған Т.Тәжібаев атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Асан Алтынбеков, аудандық білім бөлімінің әдіскері Мұрат Мырзабасов, Оспановтар әулетінің үлкендері – Оразбай, Оразбек ақсақалдар оқушылардың танымын арттыратын, ойларын дамытып, рухани жетілулеріне сеп болатын іс-шараның маңызына кеңінен тоқталды.
Мектеп басшысы алғысын айта отырып, Жұмакүл апаның ұлдарына, яғни Оспанов Оразбек пен Оспанов Тұрғанбекке өз атынан сый-сияпат жасап, иықтарына оқалы шапан жапты.
Үзеңгілес, сол жылдары мұғалім болып қызмет еткен, кітапханаға барып, Жұмакүл апаның көп кеңесіне сүйенген, қазіргі таңда зейнет жасына жеткен ардагер ұстаздар – Айжан Шырынханова, Мелдебек Алдияр, Әбдіғани Халымов және Жұмакүл ападан кітапхана қызметін қабылдап алған Айшагүл Жұмановалар ақ тілектері мен есте қалған естеліктерімен бөлісті.
Жұмакүл Өмірзаққызы атындағы кітапхананың барлық жөндеу жұмыстарын жүргізген ұлдары мен немерелері – Жолдасбек, Данияр, Сұлтан Оспановтар аудандық білім бөлімінің арнайы марапатымен марапатталды.
Іс-шарада «Сөз өнері» үйірмесінің белсенді мүшелері, ең үздік оқырмандар өлең оқып, жыр шумақтарын көпшілікке арнады. 3-сынып оқушылары жерлесіміз, ақын Әлібек Шегебай өлеңдерін нақышына келтіре орындап шықты.
Салтанатты жиын соңында Тұрғанбек Оспанов өз отбасының атынан аз қамтамасыз етілген бес отбасының ұл-қызына қайырымдылық іс-шарасын жасады. Оны мектептің әлеуметтік-педагогы Құрбанәлі Назым қабыл алып, ата аналарына тапсыратынын жеткізді.
«Ағаш – жапырағымен, адам – ұрпағымен көрікті» дегендей, осылайша Жұмакүл Өмірзаққызы атындағы кітапхана өз ұрпағының демеушілігімен қолға алынып, ашылды.
Замира Манашева, Жаңылай Әшенова,
Т.Тәжібаев атындағы жалпы білім беретін мектептің кітапханашылары.