Тамыздың 20-25-і күндері Қырғызстанның Чолпан-Ата қаласында гір көтеру спортынан кіші жасөспірім, жасөспірім және жастар арасында Әлем чемпионаты өтті. Аталған байрақты бәсекеде ауданымыздың спортшылары 11 алтын, 11 күміс, 5 қола медаль иеленді.
Апта барысында аудан әкімі Арман Қарсыбаев намысты абыроймен қорғаған жерлестерімізді арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.
«Өздеріңізге белгілі ауданымыздан кеше ғана қолкүрестен 20 әлем чемпионы шығып еді. Міне жеңісті жолдың жалғасы ретінде тағы да 11 спортшымыз гір көтеру спортынан әлем чемпионы атанып отыр. Бұл шағын ғана Шардара ауданы үшін өте үлкен жетістік. Осындай жарқын жеңістерге жетуге себепші болған бапкерлер мен тынбай еңбектенген Сіздерге алғыс білдіремін. Әрқашан ел абыройын асқақтата берулеріңді тілеймін!» – деді Арман Романұлы.
Сондай-ақ, жүлделі болған әр спортшыға Алғыс хат пен сый-сияпаттар тапсырды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.