Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай осы аптада 2022 жылғы                        9 айда атқарылған жұмыстар бойынша аудан тұрғындары алдында есепті жиындар өткізді. 

Есепті жиын сейсенбі күні Достық, Ақшеңгелді, Сүткент, Қызылқұм ауылдық округтері, сәрсенбі күні Алатау батыр, Ұзын ата, Көксу ауылдық округтері, кеше Қоссейіт, Қ.Тұрысбеков, Жаушықұм ауылдық округтері және Шардара қаласы тұрғындарымен ортақ диалог түрінде өтті.

Жиындарда аудан басшысы аудан бойынша 9 айда атқарылған жұмыстарға тоқталып, кездесу өткен 10 ауыл мен аудан орталығында алдағы уақытта жүзеге асатын жұмыстарды атап өтті.

– Біздің мақсатымыз – сіздермен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылау. Себебі ауылдардың проблемаларын сіздер жақсы білесіздер. Ауданды, ауылдарды дамыту жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасын табатын болады.Алдағы уақытта ауылдық округтерді абаттандыру, жарықтандыру, жол салу, жаңа инфрақұрылымтарту жұмыстары қарқынды жалғасатын болады. Сондай-ақ, сұрақ, арыз-шағым,  өтініштер қабылданады. Біз үшін әрбір тұрғынның мәселесі маңызды, – деді Қайрат Жолдыбай.

Есеп барысында қосымша спорт зал салу,  ауыз су торабын қайта күрделі жөндеуден өткізу, ПУИД бағдарламасы арқылы ағын су қашыртқыларын тазалау, жер мәселесі, қосымша жол белгілерін қою, Сүткент ауылының емханасына қосымша ғимарат қосу, интернет сапасын жақсарту, газ пештерінің мәселесі, Қызылқұм ауылындағы мақта зауытының мәселесі, ішкі ағын су арықтарының  құрылыс сапасын бақылау және өзге де әлеуметтік мәселелер көтеріліп, шешу жолдары талқыланды. Тұрғын үй салуға жер беру, жол жөндеу, әлеуметтік дүкендер ашу, азық-түлік сапасын бақылау, ағын су тарифінің бағасы, жабық стадион салу, мақта бағасы, жол полициясының жұмысы, медицина мәселесі, Үкіметтен алатын дәріні ауылдарға тасымалдау мәселесі, Көксу ауылындағы мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, ағын су ақысын төлеу, дәрігер тапшылығы және басқа да әлеуметтік мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылды.

Сонымен қатар кездесулерден соң тұрғындарға жеке қабылдау өткізіліп, мәселелерін шешу жолдары қарастырылып, қосымша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Айта кетсек, 2022 жылдың 9 айында 40 975,2 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, НКИ 95,8 құрады.  Облыстық статистика департаментінің мәліметіне сәйкес, егін шаруашылығы 33 317,2 млн теңгеге, НКИ 95,2%, мал шаруашылығы 7 484,3 млн теңгеге, НКИ 98,2% орындалған.

Өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда ауылшаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі 4,7 пайызға төмендегенімен ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 10 180,3 млн теңгеге, яғни 33,0 пайызға артқан. Сонымен қатар аудандағы кәсіпкерлер мен шаруаларды қолдау мақсатында «Оңтүстік» АИО» ЖШС және «Ырыс» МҚҰ арқылы көктемгі дала жұмыстары үшін 173 жоба 497,2 млн теңгеге қаржыландырылды. «Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы» аясында 36 жоба  1,8 млрд теңгеге қаржыландырылған.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.