№1 БЖСМ директоры Абай Сәкиевтiң өмiр жолы өзгелерге өнеге              

Бар саналы ғұмырын салауатты өмiр салтын насихаттауға арнап келе жатқан азаматтың бiрi Абай Сәкиев десек ешкiмнiң таласы жоқ шығар.

Аңқылдаған ақ көңiлiмен, дархан пейiлiмен қалың көпшiлiктiң құрметiне бөленiп жүрген спорт саңлағы былтырғы жылдың соңында 60 жастың асуын бағындырды. Төлеген ақынның «Бұл қазақта жiгiттер бар нарқасқа, Жарқылдаған алмас па...» – деп келетiн жыр жолдары дәл осындай атпал азаматтарға қарата айтылған сияқты. Ағалық жасқа абырой-беделiмен жеткен Абай Рамазанұлының өмiр жолынан оқырмандарымызға айтып өткiмiз келдi.         

Сәкиевтер отбасы көршi Мақтаарал өңiрiнен Шардараға 1968 жылдары көшiп келген екен. Әкесi Рамазан ақсақал жұмысшы болып еңбек етсе, аналары Қадиша апа Қ.Аманжолов атындағы орта мектепте жұмыс iстедi. Сәкиевтер әулетiнде 5 ұл, 2 қыз өсiп-өндi. Абай ағамыз отбасындағы үшiншi перзент болып саналады.

– Бастауышта оқитын кезiмде Шардараға қоныс аударып келгенiм есiмде. Әйтеуiр сол кезде қыс өте қатты болған едi. Су қоймасына да, одан ағып жатқан дарияға да сiресiп мұз қатып қалған. Балалармен ойнап жүрiп теңiз бетiндегi мұздарды қопарып жарып жатқанын көргенбiз. Оқушылық өмiрiм Қ.Аманжолов мектебiнде өттi. Және осы мектептiң ең алғашқы бiтiрушi түлегi де бiз болдық. 8 сыныптан кейiнгi жоғары сыныпты Шардара мектебiнде аяқтадым. Ол кезде Шардара мектебi қазiргi саз мектебiнiң орнында едi, – дейдi арқада қалған балалық шағын бiр ауық еске алған Абай Сәкиев.

Спортқа жастайынан-ақ құмар болды. Өзi құралпы балалармен доп тебуден шаршамайтын едi. Шаршы алаңдағы ширақ қимылы, теңбiл допты шебер игеруi ұстаздардың назарынан тыс қалған жоқ. «Шардарақұрылыс» басқармасында спорт әдiскерi болып қызмет атқаратын Әбiлаш Қалдаров Абай Сәкиевтiң ойын өрнегiн бiрден ұнатып, футболға тартты.  

Төменгi тоғайдан сыныптастарымен бiрге велосипедке мiнiп, қала орталығындағы аяқдоп үйiрмесiне қатысатын едi. 7-8 сыныптарда оқып жүрген кезiнде футболдан жасөспiрiмдер арасында аудан құрамасының сапында ойнады. Ал волейбол ойынына баулыған Кенжебек Сүлейменов есiмдi мұғалiмi болды. Бойы келiскен жiгiттiң құлаштап доп ұрғанын мақұл көрсе керек, осы ойынның қыр-сырына қанықтыра түстi. Ақыр соңында волейбол ойынына бiржола ауысты. Шардара мектебiндегi дене шынықтыру пәнiнiң мамандары Жаппар Төреев, Тасмырза Есiркепов сынды ұстаздары да жалындап тұрған жастың болашағынан үмiт күтiп, бағыт-бағдар берiп отырды.  

Мектептен соң Ташкенттегi топографиялық техникумға оқуға түсiп, аяқтап шығады. Мұнан соң Шымкент қаласындағы педагогикалық институттың спорт факультетiнде жоғары бiлiм алды. Содан берi спорт саласында табан аудармай қызмет атқарып келедi.               

Ауданда құрылған «Қайрат» деп аталатын ерiктi спорт қоғамына төрағалық жасады. М.Горький, Қ.Аманжолов, Шардара орта мектептерiнде дене шынықтыру пәнiнiң мұғалiмi болды. Волейбол спортынан облыс құрамасының сапында кешеге дейiн ойнап келдi. 2001 жылы Орталық стадиондағы №1 балалар мен жасөспiрiмдер спорт мектебiне басшылыққа келдi. Бұл жұмысты әрiптесi Оразбай Қойбағаровтан қабылдап алды. Ол кездер өте-мөте қиын кездер болатын. Спорттық жарыстар былай тұрсын, мекеме қызметкерлерi айлап жалақы алмайтын уақыттар едi.        

– Несiн жасырайық, спорт саласы төрт аяқтап тұралап жатқан кезде мектеп тiзгiнiн қолға алдым. Жарыс өткiзуге де, жарысқа баруға да қаржы өте тапшы. Бiрақ көкiрегiнде намыс оты бар, қайырымды жандар демеушiлiк жасап отырды. Аудандағы алып кәсiпорын – Шардара су электр стансасы спортшыларға көп ретте көмек қолын созып отырғанын осындайда атап өткен жөн шығар. Спортты сүйетiн кәсiпкер азаматтар облыс орталығы мен көршi аудандарда өтетiн жарыстарға жол шығынын көтерiп тұратын. Сондай қиын кезеңдерде де спортты тастап кеткенiмiз жоқ, – дейдi Абай Рамазанұлы.           

Қазiргi таңда Абай Сәкиев басшылық жасайтын №1 балалар мен жасөспiрiмдер спорт мектебiнде жасөспiрiмдер спорттың 7 түрiмен шұғылданады. Әсiресе, ауданның волейболшы қыздары соңғы жылдар бедерiнде облыс асып, республикалық жарыстардан олжалы оралып жүр. Е.Қалдаров, Н.Айнабеков, Е.Сәкиев сынды жаттықтырушылар баптаған жасөспiрiм қыздарымыз бiрнеше рет республика чемпионы атанып келгенiн газетiмiзде тұрақты түрде жариялап отырдық. Желкендi қайық спорты да  осы мектептiң қабырғасынан ашылып, аз уақыттың iшiнде республика чемпионы шығып үлгердi. Шардарада тұңғыш рет ашылған жағажай волейболы осы мектептiң құрамында. Алғашқыда таңсық көрiнген бұл спорт түрiн де жерлестерiмiз тез арада меңгерiп, облыста алдыңғы орынды ешкiмге бермей келедi. Олардан бөлек тоғызқұмалақ ойынында шардаралықтар үздiк нәтижемен оралып жүргенi белгiлi. Бұл жетiстiктiң барлығы да мектеп басшысының ұтымды ұйымдастырушылығының арқасы болса керек.               

Салауатты өмiр салтын ұстанудағы төгiлген терлер текке кеткен жоқ. Аудан мен облыс басшыларының тарапынан алған марапаттар өз алдына бiр төбе. 2007 жылы Абай Сәкиевке спорт саласын дамытудағы ерен еңбегi үшiн  Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың  Алғыс хаты табыс етiлдi. Осынау мемлекеттiк наградаға баршамыз шын көңiлмен қуандық. Себебi, Абай Рамазанұлының еңбегi бұл марапатқа нағыз лайық едi.

№1 балалар мен жасөспiрiмдер спорт мектебi аудандағы барлық спортшылардың қара шаңырағы деп айтсақ жарасады. Кезiнде осы мектепте жаттықтырушы болып еңбек жолын бастаған, кейiннен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлiмiнiң басшысы, Түркiстан облыстық №4 ОРМБЖСМ директоры болған даңқты спортшы, кеше ғана аудандық мәслихаттың хатшылығына сайланған Арман Қарсыбаев:               

– 2001 жылы Абай ағамыз ең алғаш рет менi жұмысқа жаттықтырушы етiп қабылдап алды. Кейiннен алты жыл орынбасары болдым. Бiр рет те шәй деспеппiз. Тату-тәттi қарым-қатынаспен, сыйластықпен жұмыс iстедiк. Соның барлығы да ол кiсiнiң жақсылығынан, жанының тазалығынан, достыққа адалдығынан екен ғой. Спорт саласының нағыз шеберi, өз мiндетiн жауапкершiлiкпен атқаратын Абекеңнен кейiнгi жастардың үйренерi көп. Ағамызға деген құрметiм ерекше. Денiне саулық, шаңырағына шаттық тiлеймiн, – дейдi.

             

Абзал азаматқа деген ыстық ықылас пен жақсы тiлектi бiлдiретiн жандардың қатары көптеп саналады. Ардагер ұстаз, ақын Нұрғали Ыбырайым өзiнiң ақжарма тiлегiн былайша бiлдiредi:   

– Абай бауырымыз жүрек жылуымен айналасына қалың көптi үйiре бiлген азамат. Ұзақ жылдан берi араласып келемiн. Достығымыз бекем, сыйластығымызға сызат түскен емес. Аудан мен облыстың намысын қорғаған атақты спортшы болса да кеудесiн көтерiп, асып-тасқан емес. Бұл да Абайдың бойындағы асыл қасиеттiң бiрi. Бiз осындай азаматтармен мақтанамыз...

Абай Рамазанұлы жан жары Қарлығамен бiрге 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсiрдi. Ұлы Ербол Сәкиев жоғарыда айтқанымыздай әке жолын қуып, волейбол спортының дамуына атсалысып келедi. Абай ағамыздың өзiнен кейiнгi бауырлары да спорт саласында еңбек етедi. Бiр сөзбен қайырғанда, салауатты өмiр салтын ұстанған әулет болып табылады.

– Кеше ғана доп теуiп жүрген жiгiт едiк, ендi бүгiн 60 жастан асып отырмыз. Зымырап өтiп бара жатқан уақыт. Қаншама жаны жайсаң азаматтармен әрiптес болдық. Спортшылардың бiр қасиетi – ұлтқа бөлiнбейдi, руға, жүзге бөлiнбейдi. Спортпен айналысқанның бәрi бауыр болып кетедi. Шардара спортының атасы Ендiбай Жұмабаев ағамыздың қатал тәрбиесiн көрдiк. Содан кейiн тағы да бiр бөле-жара айтатын азамат – Ермек Аманқұлов едi. 80-шi жылдардан берi жұбымыз жазылмай бiрге келдiк. Өзi қандай үлкен болса жүрегi де сондай дархан, кеңпейiл едi. Күлiп-ойнап отырып көз алдымызда кетiп қалды. Алайда ауданның спорт тарихында өзiнiң атын қалдырып кеттi. Мемлекетiмiз қазiргi уақытта спортпен айналысуға барлық жағдайды жасап отыр. Ауданда спорттың барлық түрiмен шұғылдануға болады. Тәнi саудың – жаны сау болатынын бәрiмiз де ұмытпауымыз керек, – дейдi Абай Рамазанұлы.

Нар тұлғалы азаматтың алар асулары мен бағындырар белестерi әлi алда деп бiлемiз. Алдағы уақытта да Шардараның шарболаттай ұл-қыздарын баптап шығара беретiнiне сенiмiмiз кәмiл. 60 жастың асқарына шығып, абырой биiгiнен қарап отырған Абай Сәкиевке қажымас қайрат, отбасына амандық тiлеймiз.        

   К.ҚҰЛЫМБЕТТЕГI.