Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығын жүзеге асыру аясында Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев 2025 жылдың алғашқы тоқсанында атқарылған жұмыстар туралы халық алдында есеп беріп, тұрғындармен кездесулер өткізді.

Аудан басшысының әуелгі жұмыс сапары Достық ауылдық округінен басталып, одан әрі Ақшеңгелді, Сүткент, Қызылқұм және Алатау батыр ауылдық округтерінде жалғасты. Кездесулер барысында ауыл әкімдері де соңғы үш айдағы жұмыстар жөнінде есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, әр округте тұрғындарды жеке қабылдаулар ұйымдастырылды.

Кездесулер кезінде ауылдық округтердің өзекті мәселелері көтерілді. Атап айтқанда:

-   Достық ауылдық округінде «Жасыл аймақты» қоршау және балалар ойын алаңын салу;

-   Сүткент ауылына кіреберіс 8 шақырымдық тас жолды күрделі жөндеу;

- Егістік алқаптардағы каналдар мен қашыртқыларды тазалау және бетондау, ауыз су торабына жөндеу жүргізу;

- Қызылқұм ауылдық округінде М.Әуезов көшесін жарықтандыру шамдарымен жабдықтау және басқа да әлеуметтік мәселелер айтылды.

Осы мазмұндас жиын Ұзын ата, Көксу, Қоссейіт, Қ.Тұрысбеков және Жаушықұм ауылдық округтерінде де өтті. Ауылдық округ әкімдері де үш айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, болашақта іске асырылатын жобалармен бөлісті. Кездесу аясында тұрғындарды жеке қабылдау ұйымдастырылды.

Кездесу барысында тұрғындар бірқатар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Қ.Тұрысбеков ауылдық округіндегі Ш.Уәлиханов мектебіне жөндеу жүргізу, Қоссейіт ауылындағы жекеменшік мектептердегі төлемақы мәселесі және өзге де өзекті сұрақтар қаралды.

«Кездесудің басты мақсаты – тұрғындармен ашық пікір алмасып, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдау. Себебі ауыл мәселелерін жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Біздің аудан тұрғындарының негізгі кәсібі – диқаншылық. Сондықтан жер жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс атқарамыз. Алдағы уақытта ауылдарды абаттандыру, жарықтандыру, жол салу және жаңа инфрақұрылым тарту жұмыстары жалғасатын болады. Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізі. Сол себепті жерді тиімді пайдалану мен ауыл инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын жалғастырамыз. Біз үшін әр тұрғынның мәселесі маңызды», – деді аудан әкімі Арман Қарсыбаев.

Сондай-ақ, аудан басшысы көтерілген мәселелерді жіті назарда ұстайтынын айтып, олардың шешу жолдары мен орындалу мерзімдері туралы түсіндіріп өтті.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.