Кешегі аптаның соңында ауданымыздағы барлық жалпы білім беретін мектептерде оқу жылының ең толғанысты сәті – мектеп бітірушілердің мерекелік шарасы өтті. «Мектебім, саған мың алғыс!» деген жүрек тебірентер атаумен ұйымдастырылған бұл іс-шаралар түлектер үшін ерекше маңызға ие сәт болды.

Шара барысында мектеппен қоштасу, ұстаздарға алғыс айту, болашаққа үмітпен қарау сынды сан түрлі сезімдерге толы сәттер орын алды.

2024-2025 оқу жылында Шардара ауданы бойынша 1335 түлек мектеп бітірді. Оның ішінде 1278 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысу үшін өтініш берді. Бұл – жастарымыздың білімге деген талпынысы мен үлкен мақсаттарға жетуге деген ниетінің айғағы.

Биылғы оқу жылында білім мен еңбектің нәтижесінде түлектер тамаша жетістіктерге жеттті. Атап айтқанда, 95 түлек үздік оқығаны үшін «Алтын белгі» иегері атанса, 80 түлек «Үздік аттестатпен» марапатталды.

Білім ошақтарында өткен салтанатты шараларға аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме басшылары қатысып, ұстаздарға және түлектерге деген ізгі ниеттерін білдірді.

М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептегі іс-шараға аудан әкімі аппаратының басшысы Бауыржан Шомпиев, М.Горький атындағы мектепте өткен салтанатты жиынға облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Серманизов, «Аманат» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет, қала әкімі Олжас Айдосов,  Б.Соқпақбаев атындағы мектепте өткен іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков және бірқатар ардагер ұстаздар құрметті қонақ ретінде қатысты.

Шара барысында айтылған жүрекжарды тілектер, ұстаздар мен ата-аналарға білдірілген алғыс, түлектердің болашаққа деген арман-тілектері салтанатты сәттің әсерін еселеп, бұл күнді әрбір түлек үшін ұмытылмас естелікке айналдырды.

Түлектерге ертеңгі күндері болатын ҰБТ-да жоғары ұпай жинап, өздері қалаған мамандық иесі атануларына тілектеспіз.

Өз тілшімізден.