(ақын бауырым құдайберген өтеш туралы бір үзік сыр)
Күйкі тірліктің күйбеңі болар кеше ғана қатар жүрген Құдайберген інімнің өмірден өткеніне біршама уақыт өткенін аңғармай да қалыппыз....
Құдайберген өлеңді ерте жазды. Бала кезінен танылды. Ол өмірге де, өлеңге де құштар еді. Екеуміз бір білім ұясының, бұрынғы №8 мектеп интернат, қазіргі Абылай Әлімбетов атындағы жалпы орта мектептің түлегі болған соң, тірлікте бір-бірімізге тілеулес, қаламда жанашыр болдық.
Мен 1972 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті бітірген соң, Қарағанды қаласына жол тарттым. Университетке түстім. Жоғарғы білім алдым. Еңбек жолымды Арқада бастадым. Біраз жыл арамыз үзілді.
1978 жылы Шардараға оралып, жолымыз қайта түйісті. Қуана табыстық. Сыр айттық. Жыр оқыдық. Талдадық. «Өскен өңірге» келген кезімде тіпті, жақындай түстік. Туыстай түсіністік. Өйткені Құдайберген осында еңбек ететін. Бір партаға отырған оқушыдай бір үстелге қатар жайғастық. Тыныс-тіршілігіміз, ой-пікіріміз басқа үзеңгілестерге қарағанда үйлесе кетті. Үндесе кетті. Ол не айтсаң да, сөзіңді үзбей тыңдайтын. Жауабы қысқа. Онда да айтқаның ұнаса. Қаламаса, жауап жоқ. Өзіне тән ақырын жымыйып қоя салады. Санаспайды. Таласпайды. Сырт көзге мінезі ұяң сияқты көрінгенімен, қызметінде қатарынан жүйрік. Мақаланы тез жазады. Жазу машинкасын өзі тереді. Біз сияқты көп өшіріп, уақыт пен парақты шығын етіп жатпайды. Өз атынан гөрі кәсіп иесінің атынан жариялағанды жақсы көреді. Немесе өз тілшіміз деп, қол қоя салады. Өз қаламына тән қалыптасқан әдемі мәнері болатын. Аудармашы қыздар бізге ренжіп, жазған сөзімізді түсінбей, мың сұрап жатса, Құдайбергеннің жазуын жақтырып, жаны қалмай риясыз көңілмен мақтайды, жақтайды.
Құдайбергенді айналасы құрметтеп, Құдаш деп атайтын. Орта бойлы, қалың бұйра шаш, бүйрек бет, жас жігіт өлең оқығанда мүлдем жанып, өзгеріп кететін. Әсіресе, сүйікті ақыны Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқығанда, өз Өтешовымызды танымай қалушы едік. Құдайбергенді үлкен-кішіміз Құдаш деп еркелететінбіз.
Құдайбергеннің отбасымен де жақсы араластық. Ата-анасының, жұбайы Нәзипаның қолынан талай рет дәм таттық. Екеуміздің де жұбайымыз бір мекемеде қызмет етті. Үй-іші демекші, біздің үй шаруасына қырымыз шамалы. Бүгін есіме түсіп отыр. Бір күні Құдайберген: – Нұреке, менің «60 жылдық» кеңшарында тұратын бажам, қауын егеді. Биылғы өнімін жинап- теріп өткізіпті. Артылғаны бар екен. Балалар дәм татсын. Мен көлік табамын. Қауынмен жарылқайық,-деп тәп-тәуір ұсыныс айтты. «60 жылдық» кеңшары қаладан жүз шақырымдай қашық. Екеуміз жолға шықтық. «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы кеңшарда тұратын бажасының үйіне түстік. Таң азанда шығып кететін болдық. Көлік дайын. Су жаңа « ГАЗ-53».
Күтті. Таныстық. Ақ жол. Отбасына тілек. Тағы басқа себептермен тостағандаттық. Сол кезеңдегі үрдіс. Сол ауылда менің Мырзабай деген кластасым тұрады. Есіме түсті. Іздеп бардық. Қуанып жатыр. Қазан көтерді. Ақ тілектер ағылды. Терледік. Өлеңдер де ағылды. Тағы бір кластасым Жұмақан шақырды. Марат ұйықтап қалды. Құдайберген де құлады. Бажасының үйіне түн ауа келіп жаттық. Таң атты. Әтештің даусы оятты. Жуынып-шайындық. Ұйқы қанбаған. Оңып тұрғанымыз шамалы. Марат досым есіме түсіп:
– Ішіп-ішіп арақты,
Құлатып кеттік Маратты, – деп Құдайбергенге қарадым.
Өшіп қалып Өтешов,
Сені жерге қаратты, – деп ол өзін кінәлады.
Шақырды әтеш. Ел тұрды.
Кидік көйлек, жемпірді,-деп жалғадым.
Кетіп қапты бажамыз,
Сылтауратып кемпірді,-деп Құдайберген ауылда қаза болған кейуананың жаназына кеткен үйдің иесі, бажасын іздеді. Екеуміз біраз жырмен «шұқысып» үйге кірдік. Ыстық шай ішіп, «ремонтталып» жолға шықтық. Бағытымыз – «60 жылдық». Ауа райы бұзыла бастады. Межелеген үйге келдік. Мұнда да кең дастарқан. Мақсатымызды айттық. Масқара, қауын жинау науқаны әлдеқашан аяқталған. Біз кеш келіппіз. Бізге бұйырғаны қазаннан қалған бір арбадай кәмек. Ат әуре, атан әуре. Үй иелерінің көрсеткен дарқан көңіліне ризамыз. Қайттық. Қайтқанымыз құрысын, әлі тас төселмеген қара жол шаңнан көрінбейді. Қара дауыл үдей түсті. Қарға адым жылжып тоқтаймыз. Қайран Құдаш, кабинадан секіріп түсіп, машинаның алдыңғы буферіне жайғасып, жолды көрсетіп отырды. Көзі шаңнан көрінбейді. Үсті-басы ақ топырақ. Үлкен асфальт жолға итшілеп әрең жеттік. Үйдегілердің бала-шағаны қауынға қарық қылады деп төрт көз болып отырғаны аян. Ащы түйнекке ешкім қараған жоқ. Екеуміздің жоспарлаған «қауын» операциямыз осылай сәтсіз аяқталды.
Мәзіріміз де, әзіліміз де жарасушы еді. Бір күні Құдайберген көп қабатты үйдегі шағын пәтерін бірінші ықшамаудандағы төрт бөлмелі үйге ауыстырды. Құдайбергеннің үйін Люлия деген кәріс келіншек алыпты. Газетте бірге еңбек ететін Нұрлан Ибраев бар, Оңалбай Еспанов, Оңласын Төлегенов болуы керек, және мен жаңа қонысқа құтты болсын айтуға Люлияның үйіне бардық (Нұрекекнің жаңа көршісі). Олар да қонақжай жандар болып шықты. Бұйырған асқа дауа жоқ, қамыр ауқатты қазаннан енді түсіріп жатыр екен. Әп-сәтте коньяктың шөлмектері тізіле қалды. Біз де құр қол емес едік. Ду-думен біраз отырдық. Кеш тарадық. Ертеңіне Құдайберген кешігіп, жұмысқа сағат төрттен кейін келді. Әріптес ініме қалжыңдап жазып берген өлеңім әлі есімнен шыққан жоқ.
Төрт бөлмелі төбедей үй ағасын,
Бұзылып жүрсің неге, бұйрабасым?
Сағат төртте, кешігіп жұмысқа кеп,
Күрсініп қайта-қайта қиналасың?
Жәлелдің кейіпкері сияқтанып,
Ғашық болып қалдың ба, Люлияға шын.
Біліп қалса, мұныңды Нәзипа қыз,
Люлияға мұнан кейін,
Ну-у барасың!
Тойдан, поэзиялық кештерден, жолсапардан немесе қызықты кездесулерден кейін көңілденсе, біздің үйге бұрылатын әдеті бар еді. Бірде түн ішінде беймезгіл шыққан музыка әуенінен оянып кеттім. Ұйқымды қимай көзімді ақырын ашып қарасам, Мәруа екеуі Ташкенттен жаңадан әкелеген «Романтик» магнитофонын қойып, биді жандырып жатыр. Құдайберген әдеттегідей қос жұдырығын түйіп, қос білегін ауаға сілтеп-сілтеп дөңгелейді-ай келіп. Шіркін, достық пейіл, қайта оралмайтын қайран шақ!
Шардаралық әйгілі жазушы ағамыз Жәлел Кеттебеков аудандағы әдебиетке әуес жастардың басын қосып, әдеби бірлестікке біраз жыл жетекшілік еткенін білемін. Әдебиетші сазгер Мамыр Жалаңбасов ағай екеуі біздерді тәрбиелеп өсірді. Сол дәстүрді мен жалғастырдым. «Төлеген Айбергенов атындағы әдеби бірлестік» отырыстарына шалғай ауылдардан, қаладан көптеген талапкерлер қатысты. Бақыт Қалымбетов, Қазыбек Иса, Меруерт Өмірзақова, Зікірия Қожаев, Құдайберген Өтешов, Оңалбай Еспанов, арамыздан тағы басқа да танымал ақындар шықты. Мұнан соң, Қадірбек Баударбеков пен Оңалбай Еспанов екеуі бірлестікті бірігіп басқарды. Осы жылдары ауыл-ауылда кездесулер ұйымдастырылып, жастар әдебиетке жақындай түсті. Әсіресе, Жаушықұм ауылында өткен жазба ақындар мүшәйрасы әлі есімде тұр. Қазбек Иса, Оңалбай Еспанов, Қадірбек Баударбеков, Күлаш Қарамырзаева, Зікірия Қожаев тағы басқалар екі үйге бөлініп, таңға дейін өлең отын жандырып едік. Сол түнгі жазылған өлең дәптері қазіргі таңда Төле би ауданында тұратын Қадірбек ағаның үйінде сақтаулы тұр деп естимін. Құдайбергеннің біршама оттай ыстық қолтаңбасы сол дәптерден табылатыны анық.
Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойында жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылып, екеумізге бірінші орын берілді. Жеңімпаз ретінде су жаңа костюм-шалбар бұйырды. Шын пейілмен құттықтастық.
Асыл азамат, ақын ініміздің дүниеден беймезгіл озуы, әрине, қабырғамызға қатты батты. Ажалға араша жоқ, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жаратушы отбасына қуаныш, ұрпағына жұрым берсін.
Қарапайым, бірақ қарымды қаламгердің еңбегін елеп-ескеріп, жыр жинағын шығаруға атсалысып жатқан азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жас кезінде оқыған мектебі немесе өнерге қатысты білім мекемелері, кітапхана қызметкерлері туған өңіріне өлеңімен танылған жерлесімізді құрметтеп, шығармалырын жастар арасында мұнан әрі де насихаттап, таратып отырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Нұрғали Ибрайым, педагог-ақын.
Қазақстан Республикасы Білім ісінің үздігі.