23 қараша күнi Шардара ауданының ресми түрде құрылғанына 55 жыл, аудан орталығының Абай селосынан  Шардара қаласына көшiрiлгенiне 50 жыл толған мерейлi даталарды аудан жұртшылығы жоғары деңгейде атап өттi.

Аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай Қоғам және мемлекет қайраткерi Зауытбек Тұрысбеков пен ақын, “Қазақ үнi” газетiнiң  бас редакторы, “Құрмет” және “Парасат” ордендерiнiң иегерi Қазыбек Исаға Шардара ауданының 55 жылдығына арнап шығарылған мерекелiк медальдарды салтанатты түрде табыс еттi. 

Тойға келген қонақтар алдымен Абай алаңындағы «Шежiре» ауылын және ретрокөлiктер мен тарихи жәдiгер бұйымдар көрмесiн тамашалады. Мерейтой құрметiне «Алтын күз» жәрмеңкесi» ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы саласында лизинг бойынша алынған жаңа техникалар көрмесi қойылды. Ауыл шаруашылығы өнiмдерi  арзан бағада саудаға шығарылды.

 

 

Қала мен ауылдардан жиналып, бiрдей ұлттық үлгiде киiнген 55 келiн мерекеге келген ел ағаларына бiрдей иiлiп сәлем салып, iзет көрсеткендерi өте  жарасымды шықты. Сонымен бiрге келiндер қауымының келi түйiп, ұршық иiрген өнерi де әсiресе жас ұрпаққа үлгi-өнеге болды деп айта аламыз.

Абай алаңында мектеп оқушылар флешмоб ұйымдастырса, аудандық Мәдениет сарайында сурет көрмесi қойылды. Көрмеде аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Нұрлан Сымайылов келген қонақтарды Шардараның  арғы-бергi тарихымен кеңiнен  таныстырып шықты.

Аудандық Мәдениет сарайында тойға жиналған қауымды аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай құттықтады. Құттықтау сөзден кейiн  Шардараның өсiп-өркендеуiне, әлеуметтiк-экономикалық дамуына сүбелi үлестерiн қосқан еңбек ардагерлерiне  сый-сияпат жасап, мерекелiк  медальмен марапаттады.

Аудан тұрғындарын Шардараның тойына алыстан ат терлетiп келген  мемлекет және қоғам қайраткерi Зауытбек Тұрысбеков құттықтап, жүрекжарды тiлегiн бiлдiрдi. Облыс әкiмiнiң орынбасары Мейiржан Мырзалиев   облыс әкiмi Өмiрзақ Шөкеевтiң құттықтау хатын оқып берсе,  жерлес ақын, «Құрмет» және  «Парасат» ордендерiнiң иесi, «Қазақ үнi» газетiнiң бас  редакторы Қазыбек Иса ҚР  Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтiң құттықтауын жеткiзiп, өзiнiң Шардараға  арнаған өлеңiн оқып бердi.   Мереке үстiнде елiмiздiң өнер жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Сенбек Жұмағалиев, Жалғас Кеңесов, Мәдина  Сәдуақасова ән шырқап, тыңдармандарға көтерiңкi көңiл-күй сыйлады.

Думанды мереке «Жастар» мейрамханасында одан әрмен жалғасты. Аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай дастарқан басына жиналған қонақтарды мерейлi датамен және ауыл шаруашылығы еңбеккерлерiн «Алтын күз» мерекесiмен құттықтады. Ала жаздай егiс басында тер төккен диқандар мен төрт түлiк мал өргiзген озат шаруаларға   сый-сияпаттар тапсырылды.

Ауданның тойына арнайы қонақ болып қатысқан ел ағалары Орынбай Рахманбердиев, Кенжехан Төлебаев, Абдулла Ахметов, Исамуддин Рысбаев, Жаппар Кәрiмов құттықтау сөз сөйлеп, жерлестерiнiң қуаныштарын бөлiстi. Ақын Қазыбек Иса биылғы жылы 70 жасқа толған жерлес ақын Қасқыр Серiкбаевқа қазақ хандығының 550 жылдығына орай шығарылған мерекелiк медальдi салтанатты жағдайда табыс еттi. Сондай-ақ, мереке үстiнде отау құрғандарына 55 жыл толған Пәрiмбай Тұрбеков пен Ұлтуар Қыдырғалиева, Дүйсен Тоғжанов пен Айбике  Тоғжанова, Әбiтай Пiрманов пен Қағаз Төребекова есiмдi ардагер апа-ағаларға неке куәлiктерi тапсырылды.

Аудандық мәслихаттың  хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев құттықтау сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтiк-экономикалық дамуына үлестерiн қосып жүрген бiр топ азаматтарға мерекелiк медаль табыс еттi. Олардың арасында еңбек ардагерлерi, аудандық мәслихат депутаттары, спортшылармен қатар ауданның   жаңалықтарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап жүрген бiр топ журналистер мен блоггерлер де бар.

Ауданның 55 жылдығына  арналған iс-шара қаладағы бiрнеше мекемеде жалғасын  тауып жатты. Аудандық Мәдениет сарайында ҚР Мәдениет қайраткерi, сазгер Жалғас Кеңесовтiң «Туған жерге тағзым» концертi өткiзiлсе, №16 колледжде «Сән әлемiне саяхат» тақырыбымен ұлттық киiм және ұлттық қолөнер бұйымдарының байқауы ұйымдастырылды.

Кешке қарай «Алты алаш» алаңында «Шардара – шаттық мекенi» атты өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылып, соңы отшашуларға ұласты.

Бұдан бiр ай бұрын аудан көлемiнде басталған 55 жылдық мереке осылайша өз мәресiне жеттi. Бұл шара бiрнеше игiлiктi iстердiң, әлеуметтiк нысандардың iске қосылған, өткен тарихымызды тағы бiр түгендеп, зерделеген, шардаралықтар үшiн үлкен маңызға ие болған дүние   болды. 

К.ҚҰЛЫМБЕТТЕГI.