Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы тәуелсіздіктен бастау алады.

Біз бүгінгі нөмірден бастап Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, хронологиялық шолу материалдарын жариялауды жөн санап отырмыз. Әрине, Шардараның тарихы тым тереңде екендігі даусыз. Ол жайлы түрлі зерттеу еңбектерде, шежірелік кітаптарда кеңінен жазылды.

Біз ендігі жерде жаңа дәуір жылнамасын түзуді мақсат еттік.

АҚШЕҢГЕЛДІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ 

Ақшеңгелді ауыл округі 1993 жылы бұрынғы «Ақ алтын»  және «Қазақ ССР-нің 60 жылдығы» атындағы кеңшарлардың негізінде ұйымдастырылған. Қызылқұм массивін игеру кезеңінде 1978 жылы «Ақ алтын» кеңшары, 1981 жылы «Қазақ ССР-нің 60 жылдығы» атындағы кеңшары құрылды.

 «Ақ алтын» кеңшарының алғашқы директоры болып Қозыбағар Қасымов 1978-1983 жылдары қызмет атқарды. Темірхан Полатов 1983-1994 жылдар аралығында басшылық жасады. «Қазақ ССР-нің 60 жылдығы» атындағы кеңшарына 1981 жылдан бастап Зұлпыхар Момынов басшылық жасады.

«Ақ алтын» кеңшарының партия ұйымының хатшысы болып Айдар Жұмаәділов, «Қазақ ССР-нің 60 жылдығы» атындағы кеңшардың партия ұйымының хатшысы болып Сапарбек Жантөреев қызмет атқарды.

Алғашқы жылдары кеңшардың ауылдық кеңестері Сүткент ауылдық кеңесінің құрамында, кейіннен Достық ауылдық кеңесінің құрамында болып келді. 1992 жылы Ақшеңгелді селолық кеңесі болып өз алдына бөлініп шықты. Ауылдық кеңестің төрағалығына Асқар Ермеков сайланды. 1994 жылы енгізілген жаңа құрылым бойынша Ақшеңгелді ауылдық округі әкімі қызметтерін Асқар Ермеков (1994-1998 жж), Мырзахмет Қасымов (1998-2003 жж), Толысбек Батыршаев (2003-2011жж), Нартай Мархабаев (2011-2013жж), Ордабай Сахов (2013-2019жж) атқарып келді. 2019 жылдың тамыз айынан бастап ауыл әкімі қызметін Сержан Бейсенов атқаруда.

Қызылдың құмында жасыл желекті ел орнатып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға өз үлестерін қосқан ауылдағы еңбек адамдарының есімдерін атап өткен жөн. Уақытпен санаспай, жұмыс істеген Бейсенов Зұлхарнай, Сүлейменов Сатыбалды, Тәжібаев Төлеген, Бейсенов Қажымұрат, Ерназаров Асанхан, Айғожа Құлтөре, Әліқұлов Оразтай, Әбдікерім Кеңес, Еділбеков Алтыбай, Егемов Байшығар, Көбеев Ділбархан, тағы басқа да көптеген алдыңғы буын аға-апаларға әрдайым құрмет көрсетіледі. Сондай-ақ, білім мен ғылым жолында биік шыңдарды бағындырып, Тәуелсіз еліміздің дамуына сүбелі үлестерін қосып жүрген ауыл жастары көптеп саналады. Филология ғылымдарының кандидаты атақтарын иеленген Айнұр Найманбай, Айгүл Тұраева есімді жерлестерін ауылдастары мақтаныш етеді.

Ауылдағы мәдени іс-шаралар ауылда қайта құрылымдаудан өткен Мәдениет сарайында өтеді. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының 1-ші бағыты бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 62 млн 452 мың теңгеге 20 жыл бойы қаңырап, ұсқынсыз күйде тұрған Мәдениет үйіне 2011 жылы күрделі жөндеу жүргізілген еді. Заманауи үлгіде қайта жаңартылып, адам танымастай өзгеріп шыққан мәдениет ошағы 300 орынға арналып салынды.

Мәдениет сарайында түрлі іс-шаралардан бөлек, стол теннисі столы, шахмат сияқты ойындар өткізіліп тұрады.

Бүгінгі таңда ауылда 2 жалпы орта мектеп, 2 бөбекжай балабақшасы, 2 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 1 мәдениет үйі тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді.

Ауылдық округ бойынша 11528 гектар суармалы алқапқа дақылдар егіледі. Ауыл диқандарының алажаздай тер төгіп өсірген дәмі тіл үйірер қауындары сонау Еуропа елдеріне нарыққа шығарылуда.

Ауылдық округте 4437 халық тұрады. Бұл 658 отбасын құрайды.

 

ДОСТЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ 

Достық ауылы – аудан  орталығынан 110 шақырым қашықтықта орналасқан. Жер көлемі 7639,2 гектар. Халық саны 3175 адам.

Достық ауылы 1977 жылы Қызылқұм өңірін игеру нәтижесінде құрылды. Ауыл экономикасының  негізін ауыл шаруашылығы саласы құрайды. 5400-ден астам гектар суармалы жерде мақта, бақша, көкөніс пен ауыл шаруашылығы дақылдары өсіріледі.

Кеңшардың алғашқы директоры болған Сәрсенбай Нүрденов 1977-1985 жылдары қызмет атқарды. Мұнан кейінгі кезеңдерде Әмірбек Емешов (1985-1988жж), Әнуар Ақжігітов (1988-1996жж), Тұрар Найзатаев (1996ж) кеңшар директоры қызметтерін атқарды. Айтбай Қарамырзаев, А.Әлтаев, Тұрар Найзатаев кеңшардың партия ұйымына хатшылық жасады.

Ауылдық кеңеске 1981-1987 жылдары Зұлхарнай Бейсенов, 1987-1990 жылдары Қалдыбек Төлегенов, 1990-1993 жылдары Рысты Атабекова төрағалық жасады.

Әкімдік жүйеге көшкеннен соң, Балжан Әліпбекова 1993-1995 жж, Қанат Досжанов 1995-1997 жж, Тұрар Найзатаев 1997-1998 жж, Сансызбай Дауылбаев 1998-2000 жж, Мұрат Раманқұлов 2000-2005 жж, Амантай Күзембаев 2005-2007 жж,  Әбдіхалық Исмайылов 2007 жж, Нартай Мархабаев 2007-2012 жж, Бақберген Әбдірәсілов 2012-2015 жж, Толысбек Батыршаев 2015-2019 жылдары әкімдік қызмет атқарды. 2019 жылдың 21 тамызынан бастап бүгінгі таңға дейін Достық ауылы әкімінің қызметін Рахымжан Әнуарбек атқарып келеді.

Ауылдағы білім беру ошағы – «Достық» жалпы орта мектебінде әр жылдары Датқаев Махамбет, Төребеков Ділдабай, Маңқараев Әлайдар, Мамыраев Әбдіхалил, Досжанова Тұрдыкүл, Қалыбаев Үсен, Биғараева Майра, Беденова Баян, Әліпбаев Тағабек, Сазанбаев Нұрлан есімді азаматтар басшылық жасады. Қазіргі таңда мектеп директоры қызметін Байыров Марат Дүйсенбекұлы атқарып келеді.

Ауыл әкімі Рахымжан Әнуарбекпен бірге ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Әмзе Мүсәлі, ауыл биі Жора Аманов, еңбек ардагері Нұрбас Иса бастаған қариялар елді береке мен бірлікке ұйыстыру жолында еңбек етсе, ауыл әкімі аппаратының бас маман-іс басқарушысы Жанар Мамыраева, бас маман-заңгер Бауыржан Орынбасаров, бас мамандар Ертай Халбеков, Намаз Тұрашев, Бекбол Назаров, статист маман Зүльфия Жұмамұратова, хатшы Мәлика Мұханова Елбасы мен мемлекет басшысының саясатын жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етіп келеді.

2015 жылы қайта құрылымдаудан өткен «Әсел» балабақшасында 140 бала жас ерекшеліктеріне қарай 6 топқа бөлініп, тәрбиеленуде. Өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаратын ұжым қызметкерлерінің іскерлігі арқасында аталмыш мекеме аудандағы үздік балабақшалардың қатарында аталады.

Ауыл тұрғындары Ауған соғысының ардагерлері Базарбай Сүттібаев, Смағұл Дзелбаев, Қозыбақ Ықыласов, Еділхан Бүркітбаев есімді жерлестеріне құрмет көрсетіп келеді.

Ауылда 1 мәдениет сарайы, 1 орта мектеп, 2 балабақша, 1 ауылдық аурухана, 1 байланыс бөлімшесі, 1 пошта бөлімі жұмыс жасайды. 

"Өскен өңір" – ақпарат.