Шардара ауданында бүгінгі күндерге дейін үйінді-төбе күйінде сақталып, тарих тұңғиығынан сыр шертіп тұрған көне нысандар жеткілікті. Қазіргі таңда олардың арасындағы жалғыз Сүткент қалашығы ғана археологиялық ескерткіш ретінде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енгізілген.
Мұнан бөлек бұл күндері бүтін күйінде сақталған Ұзын ата кесенесі де сәулет ескерткіші санатында тізім құрамына қосылған. Алайда соңғы жылдары аудан тарапынан нақтылау жұмыстары жүргізіліп, қосымша тізім облыстық деңгейдегі құзырлы мекемелерге жолданды.
Қазіргі күндері Шардара ауданындағы тарихи орындардың облыстық дәрежедегі маңызы анықтала отырып, келешекте оларды толыққанды зерттеу жұмыстары жоспарлануда. Туризм саласын дамыту бағытында да бұл жұмыстардың едәуір артықшылығы бар екендігі анық. Өйткені аудандағы сонау І ғасыр, ХV ғасырға тән көне орындар туралы деректер бүгінге дейін белгілі болып, жарыққа шығып үлгерген.
Негізінен Шардара су қоймасы мен Шардара су электр стансасы құрылыстары басталар кезеңде, яғни, 1958-1963 жылдары қазіргі Шардара жеріне, сонау Мәскеу мен Алматыдан арнайы келген кәсіби археологтар бірқатар нысандарды анықтап, қазба жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде бүгінгі Шардара ауданы орналасқан аумақтың сан ғасырлық тарихы бар екендігі анық белгілі болды. Өкінішке орай бұл орындар сол уақыттардан, яғни, ХХ ғасырдың екінші жартысынан бері толыққанды зерттелмей тұр деп айта аламыз.
1980 жылдары Н.П.Подушкин бастаған Шымкент педагогика институты археологиялық экспедициясы бірқатар жұмыстар жүргізгені болмаса, кейінгі уақыттарда Шардараның көне дәуірдегі кезеңдеріне ғылыми тұрғыда сараптау жасалған жоқ. Бірақ туған жеріміздің терең тарихына қатысты ашылмаған құпиялар көп екендігі анық. Әрине, бұл шаралар алдағы уақыттың еншісінде дей отырып, бүгінге дейін белгілі болған шынайы деректерге тоқталмақпыз.
Сейіттөбе қалашығы Шардара ауданы, Қоссейіт ауылдық округі аумағында орын тепкен. Ел арасындағы ауызша деректерде ауылдың қазіргі атауын «Қос шейіт» сөзімен байланыстырады. Нақты уақыты белгісіз жаугершілік заманда жанкештілік танытып, басқыншылар қолынан мерт болған ағайынды екі жігіттің құрметіне қойылған елдімекен екендігі айтылады. Әрине бұл әфсана, яғни ауызша деректер. Бірақ негізсіз де емес. Өйткені қазіргі ауыл «Қоссейіт» деп аталады. Ал аңызды тыңдасақ «Қос шейіт». Ұйқастық пен үйлесім дау тудырмайды. Шардара – Арыс тас жолы бойындағы Қоссейіт пен Көксу ауылдары аралығында орын тепкен төбе «Көксутөбе» мекені атауымен археологтарға біраздан бері белгілі. Екі төбе аралығы тіпті алыс емес. Жақын деуге де толық болады.
Алғашқы аталып өткен Қоссейіт ауылы аумағындағы «Сейіттөбе» қалашығы. Үлкен жолдың бойындағы «Көксутөбе» мекеніне тоқталдық. Мұнан шығатын қорытынды «Қос шейіт» атауы. Бағзы замандарда жау қолынан бақилық болған батырлар осы екі төбе басына жерленгендігі жиі айтылады. Елі мен жерін қорғау үшін жанын пида еткен жандарды «шейіт кетті» деп жатады. Көпшілік көкейіндегі ауызша мағлұматтар екі төбені осылай байланыстырады.
Енді біз «Сейіттөбе» туралы ғылыми негіздегі деректерді сөйлетеміз. Алматы қаласындағы «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясынан 1994 жылы жарық көрген «Қазақстандағы тарих және мәдениет ескерткіштері жинағы Оңтүстік Қазақстан облысы» атты еңбекте көптеген маңызды тарихи мәліметтер топтастырылған. Шардарадағы көптеген тарихи төбелер туралы деректер, археологиялық қазба жұмыстарының алғашқы нәтижелері осы жинақта жарияланған.
Сонымен Сейіттөбеге археологтар 1950 жылы табан тірепті. Танымал ғалым-археолог А.Н.Бернштам зерттеу жұмыстарын жүргізген. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясын бастап келген Бернштам бұл нысанда айтарлықтай мәні бар жәйттерді анықтаған. Археологтардың жұмысы бойынша Сейіттөбенің жоғарғы нүктесінің биіктігі 7-8 метр болған. Сонымен қатар сақталған алаңдардың бір бөлігінің биіктігі 4-5 метр. Зерттеу жүргізілген 1950 жылы Сейіттөбенің жалпы аумағының ұзындығы оңтүстік-шығысқа қарай 110 метр, батыс-шығыс бағытында 150 метрді құраған. Жоғарғы қабаттың диаметрі солтүстіктен оңтүстікке қарай 80 метр, батыстан шығысқа қарай 70 метр аралықта. Бұл өлшемдер әрине 1950 жылдары жасалған. Қазба жұмыстары барысында кірпіштен қаланған қабырға, дуалдар кездесіп отырған. Олардың көлемі 42х40х12 сантиметр екендігі анықталған. Ірі немесе айтарлықтай үлкен көлемдегі күнделікті тұрмыстық мақсаттағы ыдыстар табылған. Дәнді дақылдар т.б. заттарды сақтауға арналған хумдар, әр-түрлі көлемдегі ас үй бұйымдары, ыдыстар сынық және бүтін күйде едәуір мөлшерде кездескен. Ыдыстарға түрлі орнаменттегі өрнектер салынған. Түрлі-түсті шашыранқы күйдегі жолақ сызықтар тігінен салынған бірқатар ыдыстар байқалған.
Сонау ХХ ғасырдың екінші жартысы басталар тұста жүргізілген бұл жұмыстар толыққанды жалғасын тапқан жоқ. Өйткені археологиялық қазба жұмыстарын жүргізудің өзіндік ерекшелегі өте көп. Бұл жұмыстар айтарлықтай көп уақытты алады. Тарихтың терең тылсымына ену үшін үлкен төзім, ыждағаттылық қажет. Кәсіби архелог-ғалымдардың біліктілігі мен тәжірибесі аса қажет екендігі бесенеден белгілі. Сондықтан да біз әңгімелеп отырған Сейіттөбенің көп сыры бүгінге дейін айтылған жоқ. Өкінішке орай бұл жерге Кеңес Одағы тұсында қайтыс болған адамдар көптеп жерлене бастады. Көз көргендердің айтуы бойынша тіпті 1930 жылдардан бастап бұл нүкте мазарат бола бастаған. Ерекше алаңдатарлық тағы бір жәйт, Қоссейіт қалашығы аумағындағы іргелес жерлерге тұтастай алғанда қайтыс болған адамдарды жерлеу үрдісі тоқтаған жоқ екен. Яғни бүгінге дейін жалғасуда. Дегенмен Шардара ауданындағы Қоссейіт ауылдық округі аумағында орналасып, көне тарихтан түрен тартқан бұл нысанның маңызы өте зор екендігі анық.
Келешекте Қоссейіт ауылындағы Сейіттөбеге қатысты қосымша еңбектер, монографияларды пайдалана отырып, мүмкіндігінше мол мәлімет жинақтау жоспарда бар.
Н.Смайылов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі.