Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінің «Ардақты ардагерлер» айдарымен ардагерлеріміздің ерен еңбегін насихаттау бағытында дайындалған лекцияларының бүгінгі кейіпкері Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Шардара ауданының Құрметті азаматы, Қызылқұм алқабын игерудің ардагері Сейданұлы Батырбай.
Батырбай Сейданұлы 1939 жылы Шардара ауданы, Шардара ауылында дүниеге келген.
1956 жылы Киров ауданының «ХХ-партсъезд» кеңшарындағы Ленин атындағы орта мектепті бітіріп, өзінің еңбек жолын автокөлік жүргізушісі болып бастаған. 1964-1969 жылдары Ташкенттегі ауыл шаруашылық институтында оқып, ғалым-агроном мамандығын алып шыққаннан кейін, өзі туып-өскен Шардара ауылында агроном, бас агроном қызметтерінде болды. Осы қызметте жүріп өзінің алғыр, тындырымды жұмысымен көзге түскен жас маман 1975 жылы жаңадан бой көтерген «Қызылқұм» күріш кеңшарының директоры қызметіне тағайындалды. Ол осы қызметте үздіксіз 22 жыл бойы, яғни 1997 жылға дейін шаруашылықтың өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсады.
Кеңшарлар тарап, күрішші дихандар мақта өсіруге мамандана бастаған 1997 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Қызылқұмда ауылым» өндірістік кооперативінің төрағасы болған Батырбай Сейданұлының ел экономикасын арттыруға қосқан еңбегі елеулі бағаланып, «Халықтар достығы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендері мен «Тыңға 50 жыл», Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің күміс медалін, «Шапағат» медальдарын кеудесіне тақты. Сондай-ақ қатарынан бірнеше рет ауылдық, аудандық Кеңестердің депутаты, 1996-1999 жылдары облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Шардара ауданының Құрметті азаматы атанды.
Кілемге бергісіз алаша бар.
Ханға бергісіз қараша бар – деген қазақтың қанатты сөзі Батырбай ағамызға арналғандай. Қызылдың құмынан ойып тұрып қазық қағып, құмстанды гүлстанға айналдырған асыл азамат 2005 жылы 2 желтоқсанда 65 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Батырбай ағамыздың ел үшін еткен еңбегін еске түсіре отырып, ағамыздың артында қалған ұрпақтарына отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілейміз.
Бүгінгі лекциямызда айтылар естеліктер ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын, жерлесіміз, «Қазақ үні» газеті Бас директоры-Редакторлары кеңесі төрағасы Қазыбек Исаның Батырбай Сейданұлына арнап жазылған «Қызылқұм қыраны» кітабынан алынды.
– Біз білетін «Қызылқұм» кеңшары мидай дала еді, – деп еске алады Еңбек Ері, 1989 жылғы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ОҚО Құрметті азаматы Боранбек Шүкірбекұлы мен егіздің сыңарындай досы, Шардара ауданының Құрметті азаматы Болатхан Ермекбайұлы. – Ондаған жаңа үйлер салынып, сонау Түркіменстаннан, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан т.б. елдерден, облыстардан біртіндеп көшіріп әкеліп жатқан елге, ағайынға жағдай жасау, қиынның-қиыны болатын. Кеңшарда маман тапшы, міне осындай күрделі қиындықтарға қарамай, бар ауыртпалықты жеңіп, Батырбай Сейданов кеңшарды біртіндеп жөнге келтіре берді. Кеңшарға тиесілі карталар мен егін егетін жерлерге қаржы бөлдіріп, 2-3 мәрте қайта-қайта реконструкциядан өткізіп, 3-4 жылда ретке келтіріп, 10 мыңнан асатын халықты сулы жер мәдениетіне баулып, өзі сол жердің ағасына айналды. Сол жылдары 10 мыңдаған тонна күріш Батырбай бастаған кеңшарда өндіріліп, ел қамбасына құйылып жатты. Шардара өңірінде ар жағы Жетісай, Мақтаарал, Самарқанд, Бұқара, Ташкент шаһарларына, бер жағы Арыс, Шымкент қалаларына үлкен асфальт жол салынып, халықтың әл-ауқаты, жалпы тұрмысы түзеле берді.
Абат атаның Шардара қаласындағы зәулім күмбезді кесенесінің бой көтеруіне ағайынға ұйтқы болған еңбегінің өзі, тарихта алтын әріптермен жазылып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын, өшпейтін іс еді.
Кеңестер Одағы кезінде «Қызылқұмсовхозстрой» басқармасын басқарған құрылысшы-ардагер Өстемір Тілегенов: «Батакеңнің көңілі қандай кең болса дастарханы да сондай кең болатын. Жаңадан ашылған кеңшарда асхана қайдан болсын, кеңшарға жолы түскен мамандар, қонақтар, құрылысшылар, активтер барлығы жапырылып, Батекеңнің үйінен түстеніп жататын. Жеңгеміз Толғанай ағамызға сай, кеңпейіл, мейманға қабақ шытпай күліп қарсы алатын. Қазақтың әдеті ғой, кім қабақ шытпай шай берсе, сол үйге емін-еркін келе беретін. Қашан көрсең үйінен қонақ арылмайтын».
Алғаш әкімшілік басқару жүйе құрылғанда аудан әкімі қызметін атқарған Өстемір аға сол кезеңдегі қиын-қыстау күндері әлеуметтік мәселелерді қалай шешкенін былай деп еске алады. «Сол кезеңдерде аудан әкімшілігінің бастамасымен елді мекендерде ауыл билерінің алқасы құрыла бастады. Билер құрамына бұрын қызмет атқарған, ел арасында беделі бар, ауылдың жағдайын жақсы білетін ақсақалдар сайланды. Соның бірі «Төменгі тоғай» ауылының биі Сматуллаев Сүлеймен қария еді. Бірде ауылындағы мектептің жарамай қалған еденін қайта салу мәселесін көтерді. Аудан бюджетінен мұндай жұмыстарға қаржы тапшы болатын. Не керек шаруашылық басшыларын сонда шақырып ақылдасу қажет болды. Мектепке жәрдемдесу мәселесін айтқанымызда, шаруашылық төрағалары көбі бастарын төмен салып, мардымды жауап естілмеді. Дәл сол кезде қиналған жұрттың ортасынан жалғыз суырылып шығып: «мен жәрдем беремін» деген басшы Сейданов Батырбай аға еді. Ал, бұл шынында да сол кезеңдердегі сүбелі жәрдем деп бағалайтын елжанды әрекет еді.
Машиналары бұзылып, кеңшардың шыға берісінде қалып кеткенде, – деп еске алады Шардара тыңының ардагері Ережеп Мәмбетов, кездейсоқ Батекең келіп қалып, өз машинасының темірін салып беріп, бізге «жолдарыңнан қалмаңдар, біз ауылдамыз ғой» деген жомарттығын айта келіп былай дейді: «Ол алдымен елді ойлайтын. Базбіреулердей мемлекеттің мүлкін жырмыштап, тықпалау ол азаматқа мүлдем жат қылық еді. Қызылқұмды құрған кезде кеңшардың барлық керек-жарағы әбден түгелденген соң барып, өзіне үй сұрап өтініш берген. Кәдімгі өкіметтің қалыпты үйін салып бердік. Директор болып аты дүрілдеп тұрса да мына үйді кеңейтіп сал, әне жерін үйту керек, мына жерін бүйту керек деп қызметін пайдаланған жоқ».
Батырбай Сейдановтың бала кездегі ауылдасы әрі құрдасы Жасұзақ Ізтілеуов: «Студент атанып, Ташкент қаласына оқуға кетіп бара жатқанда Батырбайдың анасы Ділдаш шеше: «балам, мен 23 жасымда жесір қалып, бар өмірімді саған арнағанмын. Кейбіреулерге ұқсап мені және мына балаларыңды жылатпай, оқуыңды жақсы оқып, елге қызмет еткендей болып орал» – деп бата берген еді. Сол батаны дәйім ұмытпай айтып жүретін. Ташкент ауыл шаруашылық институтының студенті болып жүргенде агрономия факультетінің комсомол комитетінің хатшысы қызметіне сайланып, сол қызметте институтты бітіргенше, яғни 1969 жылға дейін істеп, қанша балаларды оқуға түсірді. Көптеген қазақтың балаларына пайдасы тиді.
1973 жылы Батырбай «Шардара» кеңшарына бас агроном, ал мен бас экономист қызметіндемін. Совхоз директоры Есмұрзаев Қасымбек кезекті демалысқа шығып, орнына Батырбайды міндетін атқарушы ретінде бұйрық шығарды. Сол уақытта Батырбай кеңшардағы тұрмысы нашар отбасыларды жинап алып, әр үйге бір қойдан жүзге жуық қойды таратып жіберген. Мұндай істі батырлық дейміз бе, жоқ жомарттық дейміз бе? Көп ұзамай «Қызылқұм» кеңшары ашылып, соған директорлыққа ауысты. Міне жетім-жесірдің батасы».
Сол кезеңдерде «Көксу» кеңшарының директоры қызметін атқарып, қызмет бабымен аралас-құралас болған Ержан Оразәлі өз естелігінде: «Ол кісіде дүниеқоңыздық қасиет болмады. Тапқан-тергені дастарқанында тұратын. Ол кісінің үйі тәуліктің қайсы уақытында барсаңыз да дастарқаны жаюлы, төрі кісілерге толы болатын. Ал енді ол кісінің тектілігін, кісілігін айғақтайтын бір факті келтірейін. Көптеген шаруашылық басшылары сияқты 20 жылдан аса бір шаруашылықты үздіксіз басқарағаны үшін осы шаруашылықтың 20 пайызын алу керек еді, Батекең бұдан бас тартты: «Жоқ, бұл шаруашылықты мен осы халықпен құрып, осы кісілермен етене еңбек етіп, шаруашылықтың негізгі қоры жасалды, өзім өніп-өстім, сондықтан бұл жұрттан ерекше мен мұндай сыбағаға ие болу мүмкіншілігінен бас тартамын» деп қарсы болған болатын. Мұндай қадамға жер басып жүрген пенделердің екісінің бірі бара беруі, әрине екіталай дүние.
Жақсы жігіт ел-жұрттың ағасындай,
Жақсы әйел барлық жұрттың анасындай - деп халық айтқандай, жеңгеміз Толғанай келген қонақты үлкен-кіші демей анасындай қарсы алатын, тәрбиелі жан еді».
«Шабамын деген жігітке ат беретін, жанамын деген жүрекке от беретін, нағыз кең жүректі азамат еді», деп еске алады Қызылқұм кеңшары құрылған күннен бастап жеке жүргізушісі болған Жұман Есімов.
«Менің «Мақтаарал» кеңшар-техникумын, Алматы ауыл шаруашылық институтын сырттай оқып бітіруіме жағдай жасап, көп септігін тигізді. Сонымен қатар мен секілді тағы бес азаматты өзі дайындап, өз қол астынан жұмыс беріп, бес бірдей кеңшар директорларын шығарған. Мысалы, «Қызылқұм» кеңшарының бас инженері болған Темірхан Полатов ағамыз «Ақ алтын» кеңшарының директоры болып бекітілді. Қаныбеков Еркінбек «Ақ қала» кеңшарына директорлыққа жоғарылатылды. Медетов Орынтай аудандық жеміс-жидек базасының директоры, Зәуірбек Салықбаев Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Сапаралы Асанханов «Қазақстанның 60 жылдығы» атындағы кеңшар директоры және мен «Ақ алтын» кеңшарының директоры қызметіне тағайындалдым».
– Батекең жалған дүниенің соңынан қуып, өмірін бос өткізген адам емес, – деп бастайды өз естелігін Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ауылдасы Құрманбек Шәметұлы.
– Ол имандылық жолында үйінде молда ұстап, өзінің немерелерін, елдің балаларымен қоса оннан аса балаға діни сабақ бергізді. Қазір сол балалардың алды еліміздегі ең үлкен діни оқу орындары саналатын білім ошақтарын бітіріп, жұмысын жалғастыруда. Батекең – «осы елдің баласы оқып, молда болмай молдаға жарымаймыз» дейтін. Балаларға қырғыз молда сабақ берді. Араб тілінде жазып, араб тілінде оқи алатын дәрежеге жеткізді. Арапша оқып жатқан балаларға ықыласы ауған Батекең елге арнап өз қаражатына мешіт салдырды. 200 адамға есептеліп салынған мешіт толығымен бітті. Батекеңнің осындай ірі жұмыстарға баруы, ел алдындағы азаматтығы деп білемін.
«Біз Батырбай аға екеуміз бұрынғы Қызылқұм ауданында «Алғабас» колхозында бірге өстік, – деп жазады Шардара қалалық кеңестің төрағасы қызметін атқарған Ақмұрат Әубәкіров. «Шардара қаласынан Абат Ата ұрпағына арнап кесене тұрғызу Смадияр ақсақалдың ойы болғанымен сол ойды жүзеге асырған Батырбай ағамыздың табандылығы. Биғараев Төленді екеуміз сағананың тұрғызылатын жерін анықтадық. Жобаны Ташкент қаласының сәулетшілерімен ақылдаса отырып жасаттық. Міне сол кезде, Батекеңнің нағыз іскерлігін, қайтпайтын-қайсарлығын және талапшылдығын сезіндік. Өмірде екі мешіт салынуына себеп болған Батырбай ағадай адам – біз танитын біреу болар» деп естелігін аяқтайды.
«Жақсының аты өшпейді» – деген халық даналығы.
Айта берсек естелік таусылатын түрі жоқ. Себебі Батырбай Сейданұлы ағамыз ауданымыздың саяси-әлеуметтік сонымен қатар мәдени-қоғамдық жұмыстарының ортасынан табыла білген. Ауданда ат спортының президенті қызметін атқарған кезеңдердегі қызығы мен шыжығы, өзі басқарған ұжымда криминогендік жағдайдың болмауы өз алдына бір төбе әңгіме болады.
Сөзімнің соңын химия ғылымдарының докторы, марқұм Әбдімұса Қуатбековтың мына естелігімен аяқтағанды жөн санадым.
«Өмірде барша ғұмыр тіршілігі бірге өтпесе де, жадыңда жаңғырып тұратын жарқын бейнелер есте қалады екен. Ақ жарқын азамат Батырбай Сейданұлы жарқ еткен бейнесімен санамызда осылай қалыпты. Заман өтер, уақыт шіркін төрелігін айтар. Бірақ шүбәсіз бір мәселеге үлкен де, кіші де ден қояр. Біздің осы күнгі барлық рухани-мәдени болмысымыз тек өзіміздікі, яғни, тірі жүргендердікі ғана емес, бұл дүниеден кеткендердікі де. Себебі біздің қандай екендігіміз, дәреже деңгейіміз, біліміміз, жеткен биігіміз, алған қамалымыз, өлілерге де, тірілерге де ортақ. Бәріміз де бір ұлттың, қала берді барша азаматтың Алла берген ғұмыр-тіршілігінің бір кішкене ғана бөлшегіміз».
Сәдір Отаров. Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінің аға-ғылыми қызметкері.