Еліміздегі мерекелер қатары «24 маусым – Судья және сот қызметкерлерінің күнімен» жаңа кәсіби мерекемен толықтырылды. Үкіметтің 2022 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен осы күн мерекелік күндердің тізбесіне енді.
Қандай да бір салаға мерекелік күнді бекіту дегеніміз – саланың жауапкершілігін, халық алдындағы абыройын арттыруда үлкен бастама болып табылады.
Аталған салада еңбек ететін қызметкерлердің функционалдық міндеттері аса қатты жауапкершілікті талап етеді. «Еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай – ізеттің» болуы қызметкерлерді ынталандырады, жігерлендіреді. Бұл мерекелік күннің белгіленуі тәуелсіз қазақстандық соттың қалыптасуына, даму кезеңінде аянбай тер төккен сот ардагерлерінің, судьялар мен сот қызметкерлерінің еңбегін дәріптеу, құрмет көрсету деп түсінген жөн.
Сот жүйесінің алдында тұрған мақсаттарының бірі – сот жұмысын барынша ашық, халыққа қол жетімді ету. Айта кететін жайт, қазақ тұрмысында жерге, жесірге, малға, құнға қатысты дау-дамайлар көп болған. Тараптар дауласып, тоқтамға келе алмағанда, олар билер сотына жүгінген. Дана қарияларымыз ашуға бой алдырып, келісімге келе алмай тұрған адамдарға тура сөзді тауып айтып, қол алыстырып, өзара бітімге келтірген. Бұл қазақ қоғамында аузы дуалы ақсақалдардың орны ерекше екенін, үлкенді сыйлау, сөзге тоқтау сынды адами қасиеттердің биік тұратынын көрсетеді. Дауларды көнекөз қариялардың дана сөзімен шешу бүгінгі күні медиация қызметі, билер кеңестері арқылы жүзеге асырылуда. Тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесінде олар дауларды сотқа дейін шешудің баламалы түрі ретінде қолданылып келеді. Соңғы жылдары тараптардың татуласу келісімімен шешілетін істердің саны республика көлемінде артты. Бұл халық арасында дауларды сотпен емес бітіммен шешу мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын, сөзге тоқтау, үлкендерді құрметтеу сынды құндылықтардың әлі де жойылмағанын көрсетеді. Медиацияның мақсаты – қос тарапты да қанағаттандыратын шешімге қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету. Қазіргі таңда еліміздің сот жүйесінде медиация қызметі қазақ даласындағы дана қариялар мен билер дәстүрінің жалғасы ретінде қалыптасты. Осылайша, қара қылды қақ жарып, дауды шешудің тура жолын айтып, адамдық қасиетті жоғары қоюға, әр уақытта да сабырлы болуға және ел бірлігін сақтауға үндейтін бабалар ғұрпы әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ деуге толық негіз бар.
Сот – мемлекеттегі әділдіктің, қауіпсіздіктің, азаматтар құқығы мен бостандығын мінсіз қорғаудың кепілі. Соған орай мемлекет артынан үкім шығаратын судьяларға да үлкен жауаптылық, межелі міндеттер жүктелген. Отандық заңдардағы ірі өзгерістер, соттағы жаңашылдықтар, судьяларды ірктеудегі жоғарғы талаптар сала жұмысына жан бітіру, халық сеніміне ие болу үшін жасалған жетекші қадамдар. Мұндай көп болып келісілген істер ел игілігіне қызмет етсек деген ірі мақсаттан тамыр алады. Ал мақсаттың орындалуы сол салаға шоғырланған мамандардың ынта-жігеріне, шеберлігіне, кәсіби біліктілігі мен адамдық қадір қасиетіне байланысты.
Ал сот ғимаратына кірген азаматтарды қабылдап, сұрақтары бойынша бағыт – бағдар беретін сот кеңсесінің мамандары. Кеңсе меңгерушісі – сот кеңсесінің жұмысы мен соттағы іс жүргізуді ұйымдастырады. Бас маман – сотқа түсіп қаралған істер мен материалдар бойынша іс қағаздар жүргізу, істерді қабылдау, есепке алу, сақтау және сараптамалық есептер жүргізіп отырады. Бас маман – сот отырысының хатшысы-сот отырысын толық ұйымдастырып, азаматтардың сотқа келуін қамтамасыз етіп, сот отырыстарының хаттамаларын әзірлейді. Аға сот приставы сот отырысы кезінде залда тәртіп сақтау, сот үйлерін күзетуді, судьяларды және процестің қатысушыларын күзету қызметтерін жүзеге асырады. Жетекші мамандар сот жұмысының жариялылығын қамтамасыз етіп, кіріс-шығыс журналдарын толтырып, мұрағат қызметін ұйымдастырумен айналысады. Міне осылайша сала мамандары үлкен істердің басын құрап, еліміздің сот жүйесін ілгері дамытуда еңбек етуде. Заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаттарын бекітіп, азаматтардың құқықтық қорғалуының сенімділігін қамтамасыз ететін адами мәселелерді бірінші болып қолға алатын судьялар. Үшінші билік өкілі саналатын олар еліміздің және Қазақстандық қоғамның өміріндегі терең өзгерістер кезеңінде, демократиялық және құқықтық мемлекет құру, қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтық бейбітшілікті сақтау жолында маңызды рөл атқарады. Өйткені, біз барған сайын күрделі әлемде өмір сүріп жатырмыз. Күнделікті болсын даулар мен жанжалдарды шешу судьядан жоғары білімді, тәжірибені және мінсіз адами және тұлғалық қасиеттерді талап етеді. Ендеше, біздер үшін 24 маусымның мереке ретінде белгіленуі құптарлық.
Кәсіби мерекенің бекітілуі сот қауымы үшін үлкен мәртебе. Биыл тұңғыш рет атап өтілгелі отырған кәсіби мерекеміз құтты болсын, әріптестер!
Светлана ОНДЫБАЕВА, аудандық соттың төрағасы.