Шардаралық Қанаев Тұрғанбек ақсақалды жерлестерiмiз, аудан жұртшылығы түгел таниды және құрметтейдi десек әсте қателеспейтiнiмiз анық. Бұл кiсiнiң өмiр жолы мен қызметтiк белестерiне үңiле отырып, сан-алуан қызықты оқиғалар мен ең бастысы – ерен еңбек үлгiсiне қанығасыз.
Тұрғанбек Қанайұлы сынды шардаралық абзал ардагерлер туралы айта бастасақ, олардың қызметтiк дәуiрi негiзiнен iрi екi кезеңге бөлiнетiнiн байқаймыз. Қанаев Тәуелсiздiк тұсында қарқынды да қажырлы еңбек үлгiсiн көрсеттi. Шардарадағы аграрлық саланың алды болды. Әр iсi республика жұртшылығына танылды. Тарлан тыңгердiң тәуелсiздiк тұсындағы танымал тiрлiктерi өз алдына бiр төбе. Мақта дақылының егу жұмыстарынан бастап, күтiп-баптау және одан мол өнiм алу турасындағы таусылмайтын шаруалар ғылыми негiзде жүйелендi. Бейнетi мен қиыншылығы қатар жүретiн мақтаны егiп, одан мол өнiм алуға қиындықпен қол жеткiзгенiн айтуға да, жазуға да тұрарлық. Қарқынды еңбегi мемлекет тарапынан жоғары деңгейде бағаланып, «Құрмет» орденiн өңiрiне қадады. Тәуелсiз мемлекетiмiздегi бәсi биiк мемлекеттiк марапаттар тым көп емес. Ал, олардың арасындағы бұл орденнiң орны тағы орасан. Шардара ауданында «Құрмет» орденiне қол жеткiзген азаматтар санаулы екендiгi белгiлi. Сол санаулы саңлақтардың бiрi де бiрегейi бiздiң кейiпкерiмiз.
Қанаев құрметке толық лайық болды. Өйткенi бұл кiсi қарапайым халықтың құрметiн әлдеқашан иеленiп қойған болатын. Әрине, ардагерiмiздiң мұнан бөлек алған мемлекеттiк марапаттары жеткiлiктi екендiгi анық. Ауыл, аудан, облыс, тiптi республика деңгейiнде қол жеткiзген алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары шынайы еңбек пен берекелi бейнетi үшiн берiлген. Сонымен қатар бұл марапаттардың легi бүгiнге дейiн жалғасуда.
Тұрғанбек ақсақалдың көпшiлiк қадiрлейтiн ерекшелеу қасиетi ол – қоғам мүддесiне бей-жай қарамастан, күрмеуi қиын мәселелерге белсене атсалысатындығы. Жеке мүддеден қоғамдық мүдденi әлдеқайда биiк қоя бiлетiн тұлғалардың сол қоғам алдындағы беделi биiк бола түседi. Қанаев үнемi қоғамның бел ортасында жүрдi. Нәтижесiнде бұқараның бұған деген сыйы мен ақжарма алғыстары таусылмады. Ақтаңгер аграршы жер төсiн жанымен түсiндi. Дала дарабозы даңқ пен атақ үшiн тер төккен жоқ. Негiзiнен ауыл шаруашылығы оның iшiнде мақта дақылының қыр-сырын терең меңгерген кәсiби маман ретiнде билiк органдарына проблемалық мәселелердi жеткiзе бiлдi. Шаруаларды қолдау, дихандарға демеу, өнiм бағасының төмендiгi туралы түйiткiлдi мәселелердi биiк мiнберлерде тұрып, тайсалмай айтты. Аудан, облыс және республикалық деңгейдегi ресми жиындарда атынан ат үркетiн атқамiнерлер алдында ауыл өмiрiн және оның баянды болашағын байыпты түрде баяндап отырды. Ал оның бiрнеше рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жүзбе-жүз кездесуi туралы және ондағы елдiк деңгейдегi, мемлекеттiк дәрежедегi мәселелердi көтере бiлуi жөнiнде бiр кiтапқа жүк боларлық материал бар.
Бұл күндерi аты аңыз болып үлгерген «Ақорда» шаруа қожалығының төрағасы Т.Қанаев Одақ тұсында да шаруашылықтарда тер төктi. Шардараға 1977 жылы келген ардагер «Целинный», «Қазақстан», «Ақалтын» және «ҚазКСР-iнiң 60-жылдығы» кеңшарларының қазығын қазуға, өсiп-өркендеуiне атсалысты. Шаруашылықта бөлiмше басқарып, тың тәжiрибе жинады. Бұл кезең оңтүстiктегi Шардараның шарықтау кезеңдерi болатын. Қазiргi таңда бұл ауыл округтерiнiң денi ауданымыздың негiзiн құрап отыр. Алайда осы кеңшарлардың аяғынан тiк тұрып кетуiне едәуiр уақыт пен Тұрғанбек аға сынды табанды жандардың маңдай терi қажет болды. Жiгерi мен жасымас қайраты керек едi. Бiлiм мен тың тәжiрибенiң, теорияның да ауадай керектiгi өз алдына бiр төбе. Мiне, осы қасиеттер бұл азаматтың бойынан табылып отырды. Аудан барлық салада алға адымдап тұрған, жарқын жетiстiктер жылдары едi. Шардарадағы шаруашылықтар ширақ қадам жасай отырып, тұтас оңтүстiктiң әлеуетiнiң артуына сүбелi үлес қоса бастады. Орны орасан осынау жұмыстардың ортасында қажырлы Қанаев жүрдi.
Ардагерiмiздiң ақынжандылығын да айтпай кетуге болмайды. 2013 жылы «Еңбегiм туған елiме» атты кiтабы жарық көрдi. Жыр мүшәйраларына қатысып, көптеген жүлделерге қол жеткiздi. Бүгiнгi күндерде де қаламынан қол үзбеген шығармашыл қария жаңа туындыларымен жұмыс атқару үстiнде. Олардың да оқырман қолына тиер сәтi алыс емес. Өйткенi абыз ақсақалдың руханият кеңiстiгiне дендеп енгенiне де едәуiр уақыт болды. Оқырман оның қолынан шыққан тың дүниелердi тағатсыздана күтедi.
Қанаев туралы қысқаша деректердi қорытындылай отырып, Түркiстан облыстық тарихи-өлкетану музейiнiң филиалы Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейi ардагерлермен арадағы байланысты үзбек емес. Өткен дәуiр мен жаңа кезең үндестiгiн үйлестiрiп отырған көне жәдiгерлерге деген ардагердiң iлтипаты ерекше. Қанаев ақсақалдың қай салада болмасын қарап отырмайтыны анық. Көне кезеңнен хабар берiп, қандай да мағлұмат ұсынатын затқа әсте селқос қарамайды. Жәй ғана қарай салуы мүмкiн емес. Терең үңiле түсiп, ғылыми негiздегi деректерге сараптау жүргiзу бұл кiсiнiң дағдысы. Музей мен аға буын өкiлдерi ынтымақтастығы дәстүрiнен жаңылмайды деп сенемiн. Қазыналы қарияларымыз аман болсын.
Н.СМАЙЫЛОВ, аудандық тарихи-өлкетану музейiнiң меңгерушiсi.