Шардара ауданындағы шоқтығы биiк азаматтардың арасында еңбек ардагерлерiнiң үлесi басым. Солай болуы да заңдылық. Өйткенi, қоғам өмiрiнде айтарлықтай қомақты орын алатын қажыры мол жандардың денi бұл күндерi ардагерлер санатында. Олар қазiргi сәттерде де қол қусырып қарап отырмай, белсендi қимылдарымен қалың көпшiлiк назарынан тыс қалған емес.

Еңбекпен есейген осы ағаларымыздың басты ерекшелiктерiнiң бiрi - олардың бойындағы тың тәжiрибе мен бiлiмдерiнiң басым екендiгi. Әрине, басты байлық денсаулық екендiгi бесенеден белгiлi. Сондықтан да олар мемлекет пен әлеумет алдындағы борышы мен мiндеттерiн өтеудi шау тартқан шақтарында да жаңылмастан жалғастыруда. Олардың тағы бiр артықшылықтарының бiрi - кеңестiк кезең мен егемендiк тұсында да мемлекеттiк мүдде мен ұлттық ұстанымдарынан ауытқымай қаншама ауыртпалықты көтере бiлгендiгi. Екi қоғамға бiрдей қалтықсыз қызмет еткен еңбек майталмандары туралықты ту еттi. Мiндеттерiн мүмкiндiгiнше мiнсiз атқарды. Тиянақты тiрлiктi басшылыққа алды. Орындаушылық қабiлеттерi қалтықсыз болды. Ұтымды ұйымдастырушылар ретiнде ұдайы байқалды. Көшбасшылық келбеттерi кеңiнен көрiндi.

Шардаралық Егембердi Дүйсеновтiң бойында осынау қасиеттер түгелiмен болды десек қателеспесiмiз анық. Аудандағы құрылыс саласының атасы атанған Егембердi Дүйсенов 1944 жылы 11 мамырда Оңтүстiк Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. 1968 жылы Қырғыстанның астанасы Фрунзе (Бiшкек) қаласындағы политехникалық институтты тәмамдаған. Құрылыс инженерi мамандығы бойынша дипломға қол жеткiзген.

Жоғары бiлiмдi маман ретiндегi алғашқы еңбек жолын 1968 жылы бастапты. Главриссовхозстрой бас басқармасына қарасты Оңтүстiк Қазақстан облыстық жылжымалы механикаландырылған колоннада прораб қызметiнде еңбек жолы бастау алады. Сатылай жоғарылап өндiрiстiк - техникалық бөлiм жетекшiсi, бас инженер болады. Қызмет бабындағы өсу баспалдағымен тез өрлей бастаған инженер - құрылысшы тың тәжiрибе жолына түстi. Мұнан соң трест бойынша техникалық бөлiмнiң басшылығына жоғарылады. Жоғары оқу орнын аяқтаған жас маман аз уақыт iшiнде өз кәсiбiн терең меңгере түстi. Өйткенi, Дүйсенов құрылыс саласындағы аса ауқымды құрылымда қызмет етiп үлгердi. Главриссовхозстрой бүкiл одаққа танымал Ленин орденiн иеленген мекеме болатын.

1974 жылға дейiн осы мекемеде табан аудармай тер төккен Дүйсенов Қызылқұм массивiн игеру iсiндегi жауапты мекемеге жұмысқа ауысты. «Құрылып жатқан кәсiпорындар дирекциясы» мекемесiнде бас инженер лауазымына орналасты. Кейiннен Қызылқұм алқабын игеру жобасында орасан зор мiндет атқарған осы мекемеге басшылық еттi. Аталған мекеме бүкiлодақтық деңгейдегi екпiндi құрылыстарға тiкелей қатысты жұмыстарды атқарды. Құрылыс жұмыстарының қаржысы тiкелей одақ бюджетiнен бөлiнетiн нысандар болды. Дүйсенов басқарған мекеме осы нысандарға қаржы бөлдiрту жұмыстарымен шұғылданды. Мұнымен қоса жобалаушы мiндетiн атқарып, құрылыс мердiгерлерiне тапсырыс беру және қадағалау жұмыстарында осы Дирекция атқарды. Сонымен қатар, құрылыс нысандарынан технологиялық қондырғылармен жабдықтау, жоспарлау және үйлестiру жұмыстары да Дүйсенов басқарған мекеме еншiсiнде едi. Сол жылдардағы «Құрылып жатқан кәсiпорындар дирекциясы» мекемесiнiң жыл сайынғы игерген бюджет қаржысы қазiргi теңге бағамымен 25 миллиард теңге болған екен. Дәл сол уақыттарда бұндай жұмысы ауқымды мекемеге басшылық ету екiнiң бiрiнiң қолынан келмейтiнi анық. Ерiк - жiгерi мықты, кәнiгi маман бұл жауапты жұмыстарды жаңылмастан атқарып жолға қоя бiлдi. Егембердi Дүйсеновтiң Шардара ауданындағы мансабын құрылыс материалдары комбинатынсыз көзге елестету мүмкiн емес. Кезiнде бүкiл Кеңестер одағындағы ең iрi кәсiпорындардың бiрi санатындағы құрылыс материалдары комбинатынан шыққан өнiмдер алыс шетелдерге тасымалданды. Бұл мекемеде басшысынан бастап қатардағы жұмысшыларға дейiн таңдаулылар болды.

Егембердi Дүйсенов осындағы еңбек жолын 1984 жылдан бастады. Алып құрылыс мекемесiнде бас инженер болды. Директордың орынбасары ретiнде құрылыс материалдары комбинатындағы өте ауқымды шаралардың жүзеге асуына аянбастан атсалысты. Мұнан соң Шардара аудандық партия комитетiнде құрылыс саласы бойынша инструктор қызметiн атқарды. Партия органы атынан құрылыс жұмыстарын жүргiзу iсiн жүйеледi. Ұйымдастыру мен қадағалауды орындады. Мұның барлығы да құрылыс саласына партиялық деңгейде ден қою болатын. Осынау жауапты жұмыстар аудандық партия комитетiнде Дүйсеновке жүктелуi тегiн емес едi. Өйткенi, бұл кiсi бұған дейiн бiрнеше рет аса ауыр сынақтардан сүрiнбестен өте бiлдi. Егембердi Дүйсеновтiң шенеунiк дәрежесiнде жауапты лауазымы мұнымен шектелген жоқ. 1996 жылға дейiн аудандық агроөнеркәсiп комитетi төрағасының құрылыс және су шаруашылығы жөнiндегi орынбасары болды. Мұнан шығатын қорытынды кейiпкерiмiздiң ауданымыздағы суландыру, су жүйелерiне қатысты да қыруар жұмыстар атқара бiлгендiгi. Дүйсенов тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында өзi терең меңгерген кәсiбiнен ауытқымай, жұмысын жалғастыра бердi. 1996 - 2004 жылдары Шардара ауданында бюджеттiң есебiнен құрылып жатқан нысандарда техникалық қадағалаушы болды. Ал, 2004 жылдан бастап 2009 жылға дейiн Дүниежүзiлiк қайта құру және даму банкiнiң қаржыландыруымен жүзеге асқан халықаралық, «Сырдария өзенiнiң арнасын реттеу және Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiн сақтап қалу» мегажобасының аясында «Шардара тоғаны» нысанында қызмет атқарды. «МоттМакДональд - Темельсу» ағылшын - түрiк бiрлескен кәсiпорнында бас инженер лауазымын иелендi. Халықаралық маңызы мен республикалық деңгейдегi мәнi өте жоғары жобада жауапты қызмет жасау екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiнi тағы да түсiнiктi жәйт.

Дүйсенов бұл алып жобада нысан жетекшiсi ретiнде өзiнiң бiлiктiлiгi мен тәжiрибесiн сан мәрте көрсете бiлдi. Шардара су электр стансасының су тастау қондырғысын реконструкциялау сәттерiнде стансаның негiзгi жұмысын тоқтатпау бағытында Дүйсеновтiң тың ұсыныстары жүзеге асырылды. Осынау алып жобадағы үздiк еңбегi үшiн Егембердi Дүйсенов 2005 және 2007 жылдары ҚР су ресурстары комитетiнiң Мақтау грамоталарымен екi мәрте марапатталды. Ал, 2009 - 2012 жылдары «Казгипроводхоз» ӨК арнайы шақыртуымен «Ғасыр жобасы» Көксарай су реттегiшiнiң құрылысына белсене атсалысып, авторлық қадағалау қызметiн абыроймен атқарды. «Облысқа сiңiрген еңбегi үшiн» медалi оған осы тұста берiлдi. Мұнан соң 2018 жылға дейiн Түркiстан облысының елдiмекендерiнде құрылып жатқан әртүрлi нысандарға техникалық қадағалаушы бола жүрiп, «Казгипроводхоз институты» ӨК - де кеңесшi қызметiн қоса атқарды. 2019 жылдан бастап қазiргi күнге дейiн «Шардара су бөгетiн реконструкциялау және сейсмотұрақтылығын арттыру» жобасында авторлық қадағалаушы мiндетiн абыроймен атқаруда. Атағы дардай шардаралық ардагердiң қатысуымен бүгiнгi күнге дейiн Қызылқұм өңiрiнде 75 га суармалы жер дайындалды. Он шаруашылық құрылып, олардың ауылшаруашылығы мен елiмiздiң экономикасына қосқан сүбелi үлестерi сансыз. Бұған қоса өндiрiстегi атқарған өнiмдi iстерi туралы көптеген мысалдар келтiре беруге болады. Ардақты ардагерiмiз қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып отырады. Үш ұл мен бiр қыз тәрбиелеп өсiрген ақсақал бұл күндерi ұрпағының, немерелер мен шөберелердiң қызығына тоймауда.

Қазақ қоғамын қазыналы қарияларсыз көзге елестету мүмкiн емес. Аға буын ардагерлерсiз алға жылжу әсте мүмкiн емес. Егде тартқан шағына қарамастан бүгiнгi күндерге дейiн белсендi қимылымен көзге түсетiн жандар тым көп те емес әрине. Еңбек ардагерi, Шардара ауданының Құрметтi азаматы Егембердi Дүйсеновке әруақытта амандық тiлеймiз.

 Н.Смайылов,  аудандық тарихи-өлкетану музейiнiң меңгерушiсi.