Түгел Лесбеков жайлы бір үзік сыр
Бүгінде парасат-пайымы бөлек, ой өлшемі ерен, әр сөзінің әрі мен нәрі терең, еліне ұйытқы, қызметте абыройлы болған ағаларымыз әлі де бар. Оларды көненің көзі, заман қанша өзгергенмен сырт сипатын жоғалтпаған, өз жерінің ардақтысы, абыройлы ақсақалы десе де болады. Сондай жандардың бірі – «Шардара су электр станциясы» акционерлік қоғамында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен, бүгіндері жасы 80-ді алқымдаған Лесбеков Түгел ағамыз.
Біз бүгін осындай әдемі де өнегелі өмір иелері, ауыл-аймақтың мақтан тұтар жанұяларының біріне айналған Лесбековтер жанұясы жайлы, бүгінгі алтынтой иелері – Түгел ағамыз бен Бақытгүл жеңгеміздің жүріп өткен өмір жолдары жайлы аз-кем әңгіме өрбіткенді жөн көріп отырмыз.
Түгелдің әкесі Лесбек Битенұлы қартайған әкесі мен анасының тұңғышы болғандықтан, осы өңір ауылдарынан жасақталып, жылына бір рет Жызақ өңіріне сауда-саттық жасап қайтатын керуен құрамында отбасы атынан 9 жасынан қатыса бастаған. Есейгенде түрлі қарапайым жұмыстар атқарып, сол кезеңдердегі колхоз жұмыстарына араласты. Балалық шағы 1916-1917 жылдардағы дүрбелең мен аштыққа, одан кейінгі өмірі де ауыртпалыққа толы болған Лесбек ата жоқшылықтың қасіретін көп көрді.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталағанда отыздан енді асқан жігіттің күн көріс жағдайы да ауыр болған. Оның үстіне ол соғысқа шақырылғанда әйелі жаңа босанған, бұрын туылған қызы мен 2 баласы әлі мектеп жасына да жетпеген, қартайған әкесі мен анасы қорғансыз болатын.
Өкіметтің саясатына наразылығы бар Лесбек атаның 1942 жылғы майданға аттанудан жалтарып, бой тасалауы мәжбүрлі жағдай болатын. Cоғыстан бас тартуы – оның қоянжүректігі емес немесе қара басының ғана күйін ойлауында емес, басты себебі – біріншіден, Кеңес өкіметінің ел мен халыққа жүргізіп отырған саясатына қарсылық болса, екіншіден, шеттей бала-шаға мен ауылдағы зар илеп отырған жоқ-жетім, кедей-кепшіктерге сәл де болса қол ұшын беру, еркіндікте өмір сүру болатын.
Сыр бойының тоғайы мен Қызылдың құмында бой тасалап жүргендер киік пен құс ату арқылы өздерінің отбасыларын асырап, сонымен бірге ауылда қорғансыз қалған шал-кемпірлер мен бала-шағаларға да қол ұшын беріп тұрды.
Бұл топты жүрегінің түгі бар, ағайын-туысқа қамқор, әрі батыр әйгілі Жомарт Сауытбеков бастаған.
Түгел Лесбеков 1943 жылғы 5 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы, Шардара елді мекенінде осы Лесбек ақсақалдың отбасында дүниеге келген.
1961 жылы сол ауылдағы мектеп-интернатты бітіріп, сол жылы Шардара кеңшарыңда қатардағы жүмысшы, кейінен автокөлік жүргізушісі болып еңбек жолын бастады. Мектеп қабырғасында үлгілі оқушы ретінде танылып, қоғамдық іс-шараларға да белсене араласты. 1962-1965 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеді. 1965 жылы 9 мамыр күні Белоруссия елінің астанасы Минскідегі Ұлы Отан соғысының 20 жылдығына арналған салтанатты шеруге әскери техника жүргізушісі ретінде қатысып, «Жеңістің 20 жылдығы» медалімен марапатталды. 3-ші санатты кәсіптік автомобиль жүргізушісінен 2-ші санатты автомобиль жүргізушісіне көтерілді. Көп ұзамай Түгел запастағы лейтенант атанды.
Әскерден оралғаннан соң жас жігіт Шардара кеңшарында жүк машинасының жүргізушісі болып жұмысын жалғастырды. 1967-1970 жылдар аралығында Шымкенттегі политехникалык техникумда оқып, «Өнеркәсіп және қондырғылардың электр жабдығы» бойынша техник-электрик мамандығын «Қызыл дипломмен» бітіріп шықты. 1971-1976 жылдары Қазақ химия-технология институтының «Құрылыс материалдары бұйымдары және конструкциялары кәсіпорындарын механикалық жабдықтау» бойынша инженер-механик мамандығын да «Қызыл дипломмен» бітірді.
Институттан соң Мақтарал ауданына қарасты №56-шы жылжымалы мехколоннада тік дренаж скважиналарының электр желілерін тарту, су сорғыштарын түсіріп, КТП-ларын монтаждау жұмысының прорабы, 1976-1979 жылдар аралығында №58-ші жылжымалы мехколоннаның бас энергетигі қызметін атқарды.
Мақтаулы маман 1979 жылдың екінші жартысында Шардара өңіріне қоныс аударды. Сол жылы Шардара құрылыс материалдары комбинатының темір бетон заводының аға энергетигі, 1980-1985 жылдары осы комбинаттың бас энергетигі, 1985-1989 жылдары Шардара механика жөндеу заводының бас инженері, 1989 жыл мен 2010 жыл аралығында Шардара су электр станциясының өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды.
Түгел ағамыз өткен өмірінің барлық белестерінде – мектеп қабырғасында, әскери қызметтерде, жоғарғы оқу орындарында, еліміздің түрлі саладағы өндіріс орнында аянбай еңбек етті. Өзіне тапсырылған міндеттерге ерекше жауапкершілікпен қарап, аға буын өкілдерінен өндірістің қыр-сырын ерінбей үйреніп, теориялық білімін іс жүзінде пайдалануға ерекше ынта-жігер танытты. Сонымен қатар жастарға қамқор, әрі талапшыл ұстаз бола білді. Егемендік алған Қазақстан Республикасының өндіріс орындарының техникалық қайта жабдықталуы мен өндіріс тиімділігінің арта түсуіне ерекше еңбек сіңірді.
Түгел ағамыздың осындай еселі еңбегін Үкімет те жоғары бағалады. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. Өзі еңбек еткен жылдары мекемелердің, облыс және аудан әкімдерінің, «Шардара су электр станциясы» акционерлік қоғамы әкімшілігінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын бірнеше рет иеленді. «Қазақстан Республикасының кұрметті энергетигі» төсбелгісін тағынды. «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. 2010 жылғы «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедия кітабына енді. «Ардагер энергетик» белгісіне ие болды.
Жасы сексеннің сеңгіріне шыққан Түгел ағамыз зейнеткерлікке шыққанымен әлі де қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Дәл қазіргі таңда қаламыздағы Анарқұлов көшесінің комитет төрағасы міндетін атқаруда.
Түгел ағамыз өмір жолында құдай қосқан қосағы Жетпісбаева Бақыткүл жеңгемізбен шаңырақ көтеріп, отау тікті. Бақыткүл Жетпісбайқызы ұзақ жылдар ұстаздық еткен жан. Аудандық білім бөлімінде методист, кейін №1 М.Әуезов атындағы жалпы орта мектепте дәріс берді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білгір маманы.
Жұптары жарасқан отбасы иелері өз кіндіктерінен 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан 20-ға жуық немере сүйіп отыр.
Бақыткүл жеңгеміз саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз. Бүгіндері зейнет демалысында.
Ұлдары әке жолын қуған инженер-энергетик және инженер-мұнайшы болса, қыздарының бірі шеше жолын қуып, ұстаздықты таңдаған. Екінші қыздары білікті дәрігер. Бүгінгі таңда барлығы да өз мамандықтарына сәйкес еңбек етуде.
Қорыта айтқанда, шарапатынан халқына шашу шашып, ел намысы жолында еңбек етуге бүкіл саналы ғұмырын арнаған ел ағасының, өз келешегіне өз қолымен жол салып, ешкімнің желеуі мен демеуінсіз адал еңбегімен жете алған ағамыздың өмір жолы мен өнегесі кейінгі жастарға шамшырақтай бағдар болары сөзсіз.
Ойы биік, жаны мен қолы бірдей таза, кішілік пен кісіліктен жаралған Түгел ағамыз бен Бақыткүл жеңгемізді мерейтойларымен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, дендеріне саулық, ұзақ өмір тілейміз.
Сәбит Қоспанұлы.