Шардарада еңбек етіп, одан кейінгі жылдардағы қызметін үлкен қалаларда жалғастырған танымал тұлғалар аз емес. Олардың әртүрлі салаларда атқарған абыройлы істері бұл күндері шардаралықтар үшін мақтаныш болып мәңгі есте қалды. Сондай абзал азаматтың бірі және танымал ғалым болған зиялы жан – Егемберді Ағманұлы Ағманов еді.
Бұл кісінің Шардара ауданында атқарған қызметі тек білім беру саласымен тікелей байланысты болды. Және де ол кісі осы салада ауданымызда үлкен бір, естен кетпес ерекше тірлік тындырып кеткен екен. Ол еңбегін кейінгі буын өкілдері жетік біле бермеуі де әбден мүмкін. Ал, біз Егемберді Дүйсеновтың қаладағы Шардара қазақ орта мектебінің тұңғыш және заманауи үлгідегі ғимаратын салуға үлкен ықпал еткенін айтуға әбден тиіспіз.
Бұл ғимарат бұл күндері де ауданымыздағы «Саз мектебі» ретінде көпшілікке қалтықсыз қызмет етуде. Қазіргі күндері «Шардара мектеп-лицейі» атауымен өзге ғимаратта жұмыс атқарып жатқан бұл білім ұясының толағайдай тарихы жетерлік.
Егемберді Ағманов осы мектепке 1959 жылы директор лауазымында қызметке келді. Мектеп ауданымызда тұңғыш рет ашылған мектеп статусымен қызмет атқарды. Осы мектептің құрылуы мен қалыптасуы бағытындағы көп тірліктерді Егемберді Ағманов атқарды. Бірнеше жылдардан кейін ғана Шардара мектебінен М.Горький мектебі өз алдына бөлініп, отауын тікті. Яғни ауданымыздағы жеке орыс мектебі болып басқа ғимаратқа түпкілікті қоныс аударды. Ал оған дейінгі қарбалас та қарқынды қызметтер Е.Дүйсеновтың басшылығымен, ұйымдастырушылығымен жүйелі түрде жүргізілді. Бұл кісі сол кездің өзінде іскерлік қабілетімен таныла білді. Алайда ол ұстаздық қызметін үлкен ғылыми ортада жалғастырып, түбегейлі сол ғылымға бет бұруды шешті.
Жалпы филолог-ғалым Егемберді Ағманов 1932 жылы Оңтүстік Қазақ-стан облысы, Қызылқұм ауданында колхозшының отбасында дүниеге келген. Ал, 1949 жылы Ленин атындағы орта мектепті бітіріп, С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. 1954 жылы аталған жоғары оқу орнын үздік аяқтап, диплом алады. Алғашқы еңбек жолын қатардағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастайды. Жоғарыда атап өткеніміздей Егемберді Ағманұлы Шардара орта мектебін 1959-1961 жылдар аралығында басқарды. Кейіннен 1961-1964 жылдар аралығында Шымкент педагогика институты аспирантурасында оқып, оны үздіктер қатарында тәмамдады. Мұнан кейін профессор М.Балақаевтың жетекшілігімен «Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі атрибуттық есім сөз тіркестері» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап шықты. Бұл ғылыми жұмыстың аты айтып тұрғанындай, көне түркілер дәуірін тереңдете зерттей отырып, көпке және ғылыми ортаға беймәлім жәйттерді анықтап, айқындайды деген сөз.
Е.Ағманов Шымкент педагогика институтында 1997 жылға дейін көп уақыт жемісті жұмыстар атқарды. Ұзақ уақыт толайым тарихы бар жоғары оқу орнындағы жұмысын сатылай жүріп аға оқытушылықтан қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болды. Мұнан соң декан орынбасары, дайындық бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. 1970 жылы доцент атағына ие болды. 1992 жылы профессор деген атаққа қол жеткізді.
Егемберді Ағманов ғылым жолына бүкіл өмірін сарп еткен білікті ұстаз еді. Ұдайы түрде оқытушылық жұмысын ғылыммен ұштастырумен жүрді. Алпысқа жуық ғылыми мақалалары, монографиялары жарық көрді. «Қазақ тілінің тарихи синтаксисі (есім, етістік сөз тіркестері)» атты монографиясы 1986 жылы Алматы қаласындағы «Мектеп» баспасынан жарық көрді. «Қазақ тілінің тарихи синтаксисі (сөз тіркестері мен жәй сөйлемдердің дамуы)» атты студенттерге арналған оқу құралы 1992 жылы Алматы қаласындағы «Рауан» баспасынан шығарылды. Бұған қоса «Қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің дамуы мен лексикалану процессі» атты университеттер мен институттардың филология факультеті студенттеріне арналған оқу құралы да 1997 жылы Алматыдағы «Санат» баспасынан басылып таратылды. «Қазақ тіліндегі іс-қағаздарын жүргізу үлгілері» атты еңбегі 1992 жылы Шымкентте жарық көрді.
Сонымен қатар Е.Ағманұлының «Қазақ тілі» атты жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түсуші жастарға арналған әдістемелік нұсқаулығын ерекше атап өтуге болады. Бұл нұсқаулық 1989 жылы шығарылды және кәсіп пен білім қуған көптеген жастардың қажетіне жарады. Бір ерекше атап өтерлік жәйт – Е.Ағманұлы ұзақ уақыт бойы зерттеген қазақ тілінің синтаксистік құрылысының дамуы бүгінгі күндерге дейін өзектілігін жойған жоқ. Сонымен қатар бұл тақырып ана тілімізді зерттеу бағытында кенже қалып қойған болатын. Яғни автор тың тақырыпты көтеріп жарыққа шығарды. Ерінбестен ізденді, зерттеді.
Қазақстандағы тіл білімі, лингвистикасы және халық ағарту, білім салаларындағы ұзақ жылдар жемісті еңбегі үшін Е.Ағманұлы бірқатар марапаттарға лайықты түрде ие болды. 1981 жылы «Оқу-ағарту үздігі» атағына қол жеткізді. 1990 жылы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін алды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30-40-50-55-60 және 65 жылдық мерекесіне орай медальдарды иеленді. «Еңбектегі ерлігі үшін» медальі де Е.Ағманұлының еселі еңбегі үшін берілгені анық.
Осы мақаланы жазу барысында қолымызға республикалық «Ардагерлер тынысы» атты журналдың 2022 жылғы қыркүйектегі саны түсті. ОҚМПУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Ұлбала Қайырбекова өзінің журналдағы «Қалдырған ізің мәңгілік» атты мақаласына Ағманұлы туралы тоқталып өтіпті. Оның кафедра меңгерушісі кезіндегі қарапайымдылығын, студенттер мен оқытушыларға ұдайы түрде қамқорлығын айтыпты. Сауаттылығы мен біліміне ерекше тоқталыпты. Студенттерге «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» атты пәннен дәріс бергенін де еске алыпты. Орхон, араб жазуын аса жетік меңгергендігін атап өтуді ұмытпапты. Автор ағайының тек студенттер арасында ғана емес, әріптестері арасында да абыройының биік болғандығын еске түсіреді. Өте зиялы жан ретіндегі ерекше мәдениеттілігін жоғары бағалапты. Қорыта айтқанда автор Ұлбала Қайырбекова Егемберді Ағманұлының кісілік келбетін, жарқын жүзін мейілінше ашып көрсеткен. Ал, ол кісінің парасат пен пайымы тым жоғары жан екендігі дүйім жұртқа әлдеқашан белгілі болған болатын. Солай болуы тиіс те.
Біз осы мақаланы жазбас бұрын кейіпкеріміздің Шардарамен байланысын бағамдадық. Егемберді Ағманұлының туған бауыры, ауданымыздың Құрметті азаматы және «Құрмет» орденінің иегері Тәңірберді Ағманұлынан материалдар сұрастырдық. Филолог-ғалымның өмірі мен қызметтік жылдарынан сыр шертер шынайы деректерге қанықтық.
Әрине ауданымыздан шыққан атағы дардай азаматтар аз емес. Ал, олардың қатарындағы біз сөз еткен Егемберді Ағманұлының жөні бір бөлек. Біз бұндай кісілерді ұмытпауға тиіспіз. Олар кейінгі буынға үлгі мен өнеге болуы тиіс.
Н.Смайылов, Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі.