Аптаның сейсенбісінде «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қызмет алушы Ахатаева Ұлболсын Төребекқызының «Анашым – мәңгілік сағынышым» атты анасының туған күніне арналған ән кеші өткізілді.

Ана дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ шығар?! Себебі ана – адамның жарық дүние сыйлаушысы, ақ сүтін беріп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Шыққан биігіміз бен баянды бақытымыз да ананың ақ тілегінде жатыр.

Кейіпкеріміз Ұлболсын Төребекқызы бес баланың анасы, жаны өнерге жақын, іс-шараларда әсем әуендерімен тыңдаушының көңілінен шығып жүрген ақ жаулықты ана. Жасы 70-тің жотасына шықса да анасын еске алып, ән кешін өткізген ардақты жанға қалайша риза болмайсың?!

Әдемі де әсерлі ән кешін «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Аббаз Тұргынбаев сөз сөйлеп, ашып берді.

Сонымен қатар, кеш қонақтары – аудандық Аналар кеңесінің төрайымы, Қазақстан Республикасы «Құрметті азаматы» байқауының жеңімпазы, «Домалақ ана» төсбелгісінің иегері Зейнедилова Ұлдықыз Жәлелқызы және білім саласының үздігі, «Ерең еңбегі» үшін төсбелгісінің иегері Шардара қаласы бойынша Аналар кеңесінің төрайымы Дербісалиева Гүлнар Әбілқасымқызы жүрекжарды тілектерін айтып, Ұлболсын Төребекқызына сый-сияпаттар табыстады.

Кеш барысында Ұлболсын апамыз «Анаға сағыныш» атты жыр жолдарын оқып, әуезді әсем әндер орындады. Сонымен қатар осы орталықта қызмет алушы Әлібай Тұрсынбеков «Сағыныш вальсі», Қалдан Тілегенова «Анаға сәлем» әндерін орындап берді.

Өнер десе ішкен асын жерге қойған Ұлболсын апамыз «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына қазақтың ұлттық музыкалық аспабы – домбыраны сыйға тарту етті. Сондай-ақ, көрермен қауымға кереметтей көңіл-күй сыйлаған Ұлболсын анамызға орталық атынан құттықтау қағаз, фотоальбом, демеушілер есебінен сый-сыяпат берілді. Осында қызмет алушы ата-апаларымыз да жүрекке жылулық ұялатар тілектерін айтып, сыйлықтарын табыстады. Апамызға қолдау көрсетіп келген ұл-қыздары, бауырлары да жақсы тілектерін айтып, орталыққа ризашылықтарын білдірді.

Кеш соңында Ұлболсын апамыз көпшілікке дастарқан жайып, ата-анасына құран бағыштады. 

Айдаралы Әбубәкіров.